Илья Шапавалов 21 жасында адам өліміне себепкер болып, 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін бұл мерзім 18 жылға дейін қысқарды. Өмірінің 5 жылдан астам уақытын түзету мекемесінде өткізген ол өткенге өкінгенімен, қайтарға жол жоқ екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да оның қателігін өзгелер қайталамаса екен дейді.

- Қазір келіншегім жүкті, жақында әке атанамын. Бірақ, баламды қолыма алып, мейірлене сүйіп, құшағыма баса алмаймын. Бұл – менің шалыс қадамымның жазасы. Әрине, сол бір уақыт қайта оралып келсе, мұндай әрекетке бармас едім. Еркіндіктің қадірін енді ғана ұғынып жатырмын. Бостандықтағы әр адам сол бақытты бағалап, әр жағдайды ақылмен, сабырмен, байсалдылықпен шешсе екен, - дейді сотталушы.

Павлодар қаласындағы қатаң тәртіптегі АП-162/4 мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар отыр. 625 сотталушыға арналған түзету орнында бүгінде 560 адам жазасын өтеуде. Олар кем дегенде 5 жылдық өмірін дәл осы мекемеде өткізуі тиіс. Сотталушылардың дені адам өлтіріп, қарақшылық әрекеттер жасаған. Десе де, жабық мекеме басшылығы олардың түзеліп, еркіндікке шыққан соң қылмыстарын қайталамауы үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуде. Тіпті, кәсіптік білім беріп, түрме ішінде жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырды.

Түзету орнындағы №3 колледжде металл жонушы және автослесарь мамандығы бойынша 47 сотталушы оқиды. Колледж директоры Серік Дайкеновтің айтуынша, 10 ай аралығында студенттер техникалық саланы меңгеріп, еркіндікке шыққан соң түрлі қызмет көрсету орталықтарында еңбек ете алады. Ол үшін қорытынды аттестация мен емтихан тапсыруы тиіс. Сынақтан сүрінбей өткендерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.

Ал өзге сотталушылар колониядағы өндірістік аймақта жұмыс істейді. Мұнда екі ірі цех – темір-бетонды құрылымдар мен ағаш өңдеу орны бар. Сотталушылар жасаған темір заттар мен іргетастар Павлодар қаласындағы, еліміздің өзге өңірлеріндегі тұрғын үйлердің құрылысына қолданылады.

Жазасын өтеушілердің тағы бір бөлігі ағаш өңдейді. Асхат Қоңыров 2008 жылы түзету мекемесіне түскеннен бері ағаштан орындықтар, парталар дайындап келеді. Айтуынша, бір күнде балабақшадағы бүлдіршіндерге арнап 15-20 орындық жасайды. Ал сотталушы Арнұр Жетпісов жетекшілік ететін жұмысшылар тобы мектепке қажет 44 парта мен 72 орындықты дайындап қойды. Оған қоса, олар астау, табақ сынды ыдыс-аяқтар мен сандықтарды да қолдан жасайды. Мәселен, жақында облыс орталығында өткен жәрмеңкеде Евгений Ищенко жасаған сандық 60 мың теңгеге сатылған көрінеді. Ал ағаш өңдеуге қажетті құралдармен жұмыс беруші – «Еңбек-Павлодар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қамтиды.

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталушылардың еңбегін ұйым-дастыру тобының аға инспекторы Әсел Қасымханова түрме басшылығы бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға дайын екенін айтады. Қазіргі кезде колониядағы 600 шаршы метрден астам аумақ қаңырап бос тұр. Мұнда іс ашып, сотталушыларды жұмысқа аламын дейтін кәсіпкерге сенімді басқару арқылы ғимаратты тапсыруға мүмкіндік бар. Бұл екі тарапқа да тиімді болмақ: кәсіпкер ісін дөңгелетеді, ал сотталушылар бос уақытын қамтиды. АПК-162/4 түзету мекемесі басшысының міндетін атқарушы Ринат Құдабаевтың айтуынша, бүгінде мұнда 120 адам жұмыс істейді. Тағы 100 адамды түрме ішінде қызметке орналастыруға болады. Ал қалған бөлігі – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар және шетелдік сотталушылар.

Жазасын өтеушілер өндірістік аймақта ғана емес, қызмет көрсету саласында да еңбек етеді. Мысалы, түрме ішіндегі наубайханада 3 адам күніне 450-470 нан пісірсе, жылыжайда жұмыс істейтін 2 сотталушы қысы-жазы асхана үшін аскөк, ақжелкен өсіреді. Одан бөлек, шаштараз, сантехник және тағы басқа мамандар еңбек етеді.

- Біздің басты мақсат – қылмыскерлердің мұнда қайта оралып келмеуі, олардың еңбекке деген қабілеттілікті жоғалтпауы үшін жағдай жасау. Сондықтан кәсіпкерлермен серіктестік орнатуға әзірміз.

Сотталушылардың басым бөлігі жұмыс істейді. Жалақы 30-35 мың теңге көлемінде. Заңнамаға сәйкес зейнетақы төлемдері де жасалады. Ал еңбекақы жазасын өтеушінің жеке картасына аударылады да, ол мекемедегі дүкеннен қалағанын алады. Бұл ретте әр сотталушыға мемлекет тарапынан киім-кешек, төсек-орыннан бастап гигиеналық құралдарға дейін тегін берілетінін атап өту керек, - дейді Р.Құдабаев.

Сотталушылар оқып, жұмыс істеуден бөлек түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Мұнда футбол, баскетбол сияқты спорт түрлерінен сайыс, ән, өнер байқаулары өтеді. Күніне 10-15 адам кітапханаға келіп, газет-журнал, түрлі шығармалар оқиды. Тіпті, «Отбасы» тақырыбында театрландырылған қойылым болыпты.

- АПК-162/4 түзету мекемесінің ұраны – «Тәртіп – түзету амалы, ал түзелу – үйге апарар жол». Яғни, тәртіпке баса көңіл бөлінеді. Жазасын өтеушілер еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс істеп, ізденіп, оқып, түрлі шараларға қатысады. Ал бос уақыт қамтылмаса, еркіндікке шыққан соң қоғамға қайта оралу, адамдармен тіл табысу өте қиын болуы ықтимал. Себебі олар 1-2 жыл емес, орта есеппен 20-25 жыл уақытын түрмеде өткізеді, - дейді Р.Құдабаев.

Түрмеде оқу, еңбек етуге жағдайдың жасалғаны жөн делік. Тіпті, кәсіпкерлерді бірлесе еңбек етуге шақырудың еш әбестігі жоқ. Дегенмен, жабық мекемеде күзетшілердің қарауылымен білім алып, жұмыс істеуді ешкімнің басына бермесін дейміз. Қандай да бір қадам жасамас бұрын жүз ойланып, мың толғанайық. Сотталушы атану – абырой емес, дақ!


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz