Тау басынан құлдилап...

Бірнеше жыл бұрын мұндай мүмкіндік арман секілді көрінетін. Ал қазір ол шындыққа айналды. Олай дейтініміз, Мырзашоқы тауында шаңғы базасы құрылғанын көпшілігіңіз білесіздер. Былтыр алғашқы демалушыларын қабылдаған бұл базада биыл туристерге жағдай жасалуда. Өткен жылы айналасында жұмыстар аса жүргізілмегеннің өзінде, демалыс күндері 300-ге жуық азамат таудан шаңғымен сырғуға сапар шеккен.

Айтпақшы, база сенімді басқаруға берілді. Тендерді «Мырзашоқы-Қаражар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алды.

Тау басына шаңғы сүйретіп, жаяу тартпайсыз. Оған арнайы бугельдік қондырғы орнатылды. Яғни, осы көтергіш қондырғымен шаңғыңызды сайлап, тау басына шыққан соң төмен сырғи бересіз. Бұл демалушыларға айтарлықтай қолайлы екені сөзсіз. Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің айтуынша, шаңғы базасында қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Тау етегіндегі алаңға қоршау қойылуда.

Биыл тау шаңғы базасында күніне 1000-ға жуық турист демалады деп күтілуде. Мырзашоқы тауында шаңғы тебушілердің әртүрлі санатына лайықталған жолдар қарастырылыпты. Мәселен, енді ғана шаңғы тебуді үйреніп жүргендер жеке жолмен жүрсе, тау шаңғысы бойынша кәсіби спортшылар басқа жолақты пайдаланады. Былтыр бұл базаға Ресейдің Новосібір мен Омбы облыстарынан арнайы келген туристер шаңғы трассасына оң бағаларын беріп кетіпті. Биыл да келетіндерін мәлім еткен. Өйткені, оларға Кемеров облысындағы шаңғы базасынан әлдеқайда жақын әрі жақсы көрінеді.

Тағы айта кетерлігі, былтыр Мырзашоқыға келген экстремалды спорт түріне әуес азаматтар тау басынан сырғанайтын өте күрделі жолды көздеп кетіпті. Ол жол орман алқабы арқылы өтетін көрінеді. Кәсіби спортшылар қар түсе, осы жолмен сырғып өтуді асыға күтіп жүр, деді аудан әкімі.

Қардың қалың түскенін шаңғы тебуге асық адамдар ғана емес, іргесіндегі Қаражар ауылының тұрғындары да күтіп жүр. Биыл меймандарды қарсы алуға жан-жақты дайындық жасалыпты. О.Қайыргелдиновтің айтуынша, тау басында және етегінде дәмхана ашылған. Спорттық құрал-жабдықтар жалға беріледі.

Баянауылдағы қысқы туризмді сөз еткенде көпшілік бірнеше күнге барып аялдайтын орындарға алаңдайды. Бұл жағын да жауапты органдар ұйымдастыруда. Мәселен, қыста «Мырзашоқы» тау шаңғы кешеніне автокөліктермен жеткізу мәселесі шешілген 5 қонақ үй бар. Оларды арнайы кестеде көрсетіп отырмыз. Жалпы, қыста жұмыс істейтін қонақүйлердегі орын саны – 453. Демек, көңілге қонғанына жайғасып, табиғаты ерекше өлкенің қысқы көрінісіне асықпай көз тігіп, тынығуға болады.

Жайлылық

Туристерді тартуда инфрақұрылымның дұрыстығы маңызды екенін бәріміз білеміз. Баянауылда осы мәселеге де соңғы бірнеше жылда маңыз беріліп келеді. Аудан әкімі О.Қайыргелдинов инфрақұрылым сапасының жоғарылауы туристер санының артуына әсер еткенін айтады. Биыл жазда Баянауыл аумағында 250 мыңнан астам адам тыныққан. Биыл бірінші жартыжылдықта көрсетілген қызметтер көлемі 166,8 млн. теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 19,3 пайызға артық.

Естеріңізге сала кетейік, туризм саласын жүйелі түрде дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі өңірлермен бірлесіп, еліміздің туризмін 2025 жылға дейін дамыту мемле- кеттік бағдарламасы әзірлеген болатын. Бағдарлама аясында Баянауыл курорттық аймағы республикалық маңызы бар топ-10 басымды жобалар қатарына енді. Мұндағы іс-шаралар жоспарында 10 бағыт қарас-тырылған. Яғни, жалпы сомасы 17,5 млрд. теңгені құрайтын 32 жобаны іске асыру жоспарланған. Мемлекеттік бағдарлама Баянауыл курорттық аймағының инженерлік және көліктік инфрақұрылымын дамытуды, қасиетті орындарды абаттандыру, инвесторларды тартуды көздейді.

Баянауыл басында шағын әуежай салынғанынан да хабардарсыздар. Бұл да - туристерді алыс-жақыннан тартудың бір тетігі. Жасыбайға электр желісінің жеткізілуі де мол мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы 10 демалыс үйінің құрылысы жүргізіліп, 3 демалыс үйін қайта құрылымдауға 1 млрд. теңгеге жуық инвес- тиция құйылған. Оның ішінде 5 нысанда 500 млн. теңгенің жұмысы аяқталған.

Туристік аймақ артады

Баянауылда бір ғана Жасыбаймен шектелмей, өзге де көлдердің айналасын абаттандыру ісі басталғаны белгілі. Торайғыр көлінің маңын көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде көпшілік бұрыннан жақсы таныс Жасыбайдан бөлек Торайғырға аялдауды әдетке айналдыра бастады. Тіпті, Торайғырдың табиғатына тамсанып, әлемде сирек кездесетін қандыағаштың дәл осы көлдің маңында өсетінін біліп, таңдай қағуда. 2020 жылы инвестор Торайғыр көлінің жанында 10 гектар аумақта демалыс үйін салуға кіріспек. Қазіргі таңда ұлттық парктің бас жоспарына түзетулер енгізу бойынша мәселе шешілуде.

Сабындыкөлдің де жағасы алдағы жылдары демалыс аймағына айналатыны анық. Себебі, арнайы зерттеу жүргізіліп, мұнда туризмді дамытуға 70 гектар жер белгіленіп отыр. Демалыс үйлерін салып, туристерді қабылдауға ниетті инвесторлар да табылып отыр.

Облыс әкімі Болат Бақауов бір сөзінде Баянауылда Біржанкөлге де туристерді көптеп тарту жағын қарастыру қажеттігін айтқан болатын. Бұдан бөлек, сакралды орындары көп Баянауылға келушілердің қатарын көбейту үшін жұмыстар жүргізілуде. Нақтысы, киелі мекендерді көріктендіруге көңіл бөлінуде.

- Жергілікті тұрғындар және тәу етушілер киелі орын Мәшһүр Жүсіп кесенесіне апаратын жолдың жоқтығын айтып, шағымданатын. Биыл бюджет есебінен 90 шақырымға жуық жол жөнделді. Келесі жылы туристер көптеп келетін тағы бір орын – «Қоңырәулие» үңгіріне апаратын жолды жөндейміз, - деген еді облыс әкімі Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.

Демек, туристерге барынша жайлылық жасау әлі де жалғаса түспек. Айта кету керек, биыл «Қоңырәулие» үңгіріндегі саты жөнделді. Жолы ретке келтірілсе, бұл сакралды орынға келушілер қатары арта түсетіні сөзсіз. Одан әрі Біржанкөлге жеткізетін жол салу да болашақтың еншісінде тұр.

Бір анығы, бұл табиғаты тамаша мекенге қысы-жазы қатынап, аунап-қунап келуге әбден болады. Туристік кластер қалыптасып қалды. Спорттық туризм де қолға алынып жатыр. Қыста шаңғы теуіп, денен шынықтыруға болады. Сакралды мекендерді аралап, рухани азық алу мүмкіндігі де мол. Ал жазда күннен қуат алып, тұнық су жағасында тынығасыз.


Қалаулы КАКЕШХАН, Тереңкөл ауданы, Березовка ауылының тұрғыны: - Биыл жазда алғаш рет Баянауыл жеріне бару бұйырды. Өз өңірімізде тұрып, іргедегі тамаша мекенге бұған дейін бармағаныма қатты өкіндім. Күнделікті тірлікпен тынығуға көп мән бере бермейтініміз рас. Тамаша табиғатты көріп, таза ауамен тыныстауға әрбір адам барғаны жөн. Жасыбай мен Торайғыр көлдерінің жағасында болдық. Таулы аумақтың ауасы да бөлек қой, шіркін! Алыстағы жерлерді аңсағанша, кейде қолда бар байлығымызды бағалау қажет. Енді қысқы туризм қолға алынып жатқанын естідік. Балаларды апарып, тау қарына бір аунатып алғымыз келеді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz