Әр жасыл желек - ауа көзі

Бұл мәселе жуықта облыстық қоғамдық кеңесте де кеңінен талқыланған болатын. Облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокинаның айтуынша, кәсіпорындардың аумағын жасыл желекке айналдыру арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік зор. Мәселен, 1 гектар аумаққа отырғызылған жасыл желек 50-70 тонна шаң-тозаңнан қорғайды екен. Ағымдағы жылы облыстық табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен мемлекеттік органдар, «Эком» қоғамдық бірлестігінің мамандары 15 ірі өндірістік орынның аумағына мониторинг жүргізген. «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы акционерлік қоға-мымен ұйымдастырылған шара кезінде кәсіпорыдардың аумағында отырғызылған көшеттердің көлемі анықталды. Нәтижесінде ешбір өндірістік орын санитарлық-қорғау аймағында жоспарға сай жұмыс жүргізе алмағандығы белгілі болды. Мәселен, аумағының 40 пайызын ғана жасыл желекке айналдыруы тиіс «Каустик» акционерлік қоғамы бұл істі 12,3 пайызға орындаған. «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамында аталмыш көрсеткіш 8,3% пайызға тең. Бұдан бөлек, «Павлодар мұнай-химия зауыты» серіктестігі берілген жоспарды 6,5 пайызға, «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамы бар болғаны 3 пайызға орындаған. Ал жоспар бойынша аумағының 60 пайызын жасылдандыруы тиіс «KSPSteel» серіктестігі де берілген тапсырманы толық жүзеге асыра алмапты. Аталмыш кәсіпорындағы көрсеткіш 11,25 пайызды ғана құрайды. Мұндай жауапсыз істің салдарынан атмосфераға шығатын зиянды қалдықтардың көлемі артуда.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, ірі кәсіпорындардың аумағында экологияға пайда әкелетін терек, үйеңкі, жиде ағаштары отырғызылуы керек. Бірақ өндіріс орындарында көбінесе қайың, қарағай, шырша егіледі екен. Бұл қатарға «KAZMineralsBozshakol» ЖШС, «Каустик» АҚ, «KSPSteel» ЖШС, «Нефтехим LTD» компанияларын жатқызуға болады. Ал енді мына мәліметке назар аударайық. 25 жылдық терек көмірқышқыл газын сіңіру мен оттегін бөлу жағынан шыршадан 7 есе басым түсетінін көпшілік біле бермейді. Сондықтан ауаны қалыпқа келтіру үшін 7 шырша немесе 4 қарағайдың орнына 1 ғана теректі отырғызса жеткілікті. Осыдан-ақ қандай ағаштың қоршаған ортаға пайдалы екендігін анық көруге болады.

Ағымдағы жылдың күз айында «Павлодар мұнай-химия зауыты» серіктестігі 17 мың ағаш отырғызған. Аталмыш кәсіпорын санитарлық-қорғау аумағын жасылдандыру бағыты бойынша 5 жылдық жоспарды бекіткен. Ал өзге өндіріс ошақтарындағы күрделі мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

«ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюк те ағаш ауаны зиянды газдар мен шаң-тозаңнан қорғайтынын алға тартады. Өйткені жасыл желек жағымды энергия бөліп, микроклиматты жақсартуға жол ашады. Ауадағы ылғалды реттейді. Жол бойында отырғызылған ағаш-талдар қала маңындағы шуды азайтуға мүмкіндік береді Ағаштың молынан егілуі тұрғындардың денсаулығына физикалық, психологиялық тұрғыдан жағымды әсер сыйлайды.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, биіктігі орташа ағаштың өзі бір тәуліктің ішінде 3 адамның тыныс алуына қажетті оттегін бөледі екен. Бар болғаны бір гектарды алып жатқан жасыл желек 1 сағаттың ішінде 8 литр көмірқышқыл газын сіңіреді. Бұл көрсеткіш 30 адамның өмірін жақсартуға жол ашады. Автокөліктен бөлінетін зиянды газдың таралмауына кем дегенде 10 ағаш қажет екен. Осындай деректерден-ақ қаланы жасыл желекке ораудың маңызын түсінуге болады.

Жұмыс жалғасады

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған 2020-2024 жылдарға арналған жоспарда қалдық заттарды автоматтандырылған онлайн жүйе арқылы бақылау, жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізу, қолжетімді технологияларды енгізу мәселелері қарасты-рылғанын айтады. Ағымдағы жылы қоршаған ортаны қорғау бағытында 15 шара бекітіліп, 1 565,2 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, кәсіпорындардың қатысуымен жыл сайын ауқымды шаралар өткізіледі. Ағымдағы жылы бұл бағытқа бөлінген қаржы көлемі 15 пайызға артып, 11 млрд. теңгені құрады. Мәселен, энергетика кәсіпорындарында қалдықтарды заманауи әдіспен жоюға мүмкіндік беретін құрылғының көмегімен сыртқа шығарылатын күл-қоқыстың көлемі 5 мың тоннаға азайды.

«Қазақстан алюминийі» зауытында да шаң-тозаңды 13 пайызға төмендетуге мүмкіндік беретін тың әдіс енгізілуде. Бұдан бөлек, мемлекеттік орман қоры аумағында 30,4 гектар жерге көктемгі көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өңірде «Экологиялық сағат» шарасы өз деңгейінде өтті. 3 қазан күні бастау алған шара аясында аймағымызда 11 мың түп көшет отырғызылды. Оның ішінде мектеп аулаларында 6 мыңнан астам ағаш, Кенжекөл ауылының маңында 5 мыңға жуық көшет егілген. «Экологиялық сағатқа» 12 мың адам қатысып, белсенділік танытты. Бұдан бөлек, қазан айында 70 мың түп қарағай отырғызылды.

Айыппұл арқалады

Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлиевтің сөзінше, жыл сайын атмосфераға кері әсерін тигізетін қалдықтардың көлемі артып отыр. Данияр Балтабайұлы мұның бірнеше себебін атап өтті. Солардың бірі – өңірде көлік санының өсуі. Атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жолаушылардың қоғамдық көліктерді көбірек пайдалануы тиістігін алға тартты. Сондай-ақ ол аталмыш тақырыпта тренингтер мен семинарлар өткізудің маңызы зор екенін атап өтті. Осы орайда қала экологиясына жауапты мекемелерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Экологтар да тұрғындарды жеке көліктерін тастап, қоғамдық көліктермен көбірек қатынауға үгіттемек.

Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде департаменттің инспекция қызметі 93 тексеру шарасын жүргізген. Оның 65-і жоспардан тыс ұйымдастырылған. Нәтижесінде экологиялық заң талабын бұзудың 76 фактісі тіркеліп, жалпы сомасы 4 млн. 585 мың теңгеге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта аталмыш қаржының 3 млн. 570 мыңы өндірілген. Бүгінде елімізде қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа экологиялық Кодекстің жобасы әзірленуде. Аталмыш құжат арқылы кәсіпорын мен зауыт көп шоғырланған өңірдегі басты мәселені шешуге мүмкіндік бар. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыс жалғасатын болады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz