«2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы екі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – коммуналдық сектор, жылумен және электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту, екінші бағыт – көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу. Соңғы 5 жылда бұл бағыттағы жобалар өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.

Аймақтағы тұрғын үй қорының басым бөлігін өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған үйлер құрайды. Кеңес дәуіріндегі баспаналардың әбден тозығы жеткен. Бұл ретте, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы арқылы біраз шаруа атқарылғанын атап өткен жөн. Бағдарлама қолға алынған кезде 1300-ден аса үйдің жөндеуді қажет етіп тұрғаны анықталған. Яғни, сол уақытта жалпы үй қорының 55 пайызы ескірген екен. Биыл «қара тізімде» 600-дей үй ғана қалыпты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 180-ге жуық үйдің пәтер иелері жөндеу жұмыстарын қайтарымды несие арқылы жүргізген. Ол үшін тұрғындардың кем дегенде 70 пайызының ортақ келісімі талап етіледі. Жөндеу жұмыстарының шығыны әр пәтердің аумағына байланысты есептеліп, ай сайын коммуналдық қызмет ақысы жазылған түбіртекте көрсетіледі.

Бағдарламаның шарапатын сезінген пәтер иелері кооперативі қызметі өкілдеріне хабарластық. Облыс орталығындағы «Гүлдер 201» ЖШС-нің басшысы Любовь Манторованың айтуынша, бағдарламаның артықшылықтары көп. Мәселен, жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін олқылықтар орын алса, жалдаған мердігерді табу қиынға соғады. Ал бағдарлама шеңберінде атқарылған шаруаларға кепілдік беріледі. Қызмет ақысын бөліп төлеуге де мүмкіндік бар.

- Иелігімдегі 14 үйдің жетеуінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Үйлердің салынғанына 45 жылдан асты. Шыны керек, әу баста тұрғындар ортақ шешімге келе алмай, әр пәтер иесіне бағдарламаның тиімділігін түсіндіріп әлек болдық. Қазір ортақ мүлікті ешкім келіп жөндеп бермейтінін аңғарып, өздері байланысқа шығады. Әр үйді жаңартуға шамамен 15 миллион теңге қаражат жұмсалды. Тұрғындар ай сайын 1200-3000 теңгеден төлеп отыр. Пайызсыз несие мерзімі – 7-8 жыл. Мердігерлер тиісті жұмыстарды 1-2 ай ішінде сапалы аяқтап берді. Кепілдік те қарастырылған. Мұндай бағдарламалар алдағы уақытта жалғаса беретініне сенім мол, - дейді Л.Манторова.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылығын жаңғырту» бағдарламасының Павлодар қаласындағы жауапты операторы – «Горкомхоз Модернизация жилья» ЖШС. Аталған серіктестіктің бас инженері Александр Дегтяревтің айтуынша, бүгінде 85 үйдің тұрғындары жөндеуге жұмсалған қаражатты уақытылы қайтаруда. Өкінішке қарай, қайтармайтындар да аз емес екен. Әр үй тұрғындарының шамамен 20 пайызы қызмет ақысын төлеуге құлықсыз. Көбіне бұрынғы жатақхана саналатын үйлердің тұрғындарының басы дауға қалуда. Жөндеу жұмыстары қайтарма қаржы есебінен жүргізілетіндіктен, бағдарламаның жедел жүзеге асуына кедергі келтіруде.

- Тұрғындардың ай сайынғы төлейтін ақысы жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражат қана. Әйтпесе, кейбіреуі бізді пәтер иелерінің қалтасын қағып, солардың арқасында күн көріп отыр деп ойлайды. Жөндеу жұмыстары бойынша жоспар жоқ. Өтініштердің түсуіне байланысты қолға алынады. Мәселен, биыл 4 тұрғын үйде (М.Горький көшесі, 102/2, Теплов көшесі, 38/2, Гагарин көшесі, 89, Вс.Иванов көшесі, 92-үй) жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 11 үйде жалғасуда. 8 үй жоспарда тұр. Бағдарламаның тиімді тұсы көп.

Атап айтсақ, жыл сайын инфляция көрсеткіші 6-7 пайызға өссе де, тұрғындар 8 жыл бойы бір бағамен бөліп-бөліп төлейді. Қазір үйіңізді сатқыңыз келсе, сатып алушылар үйдің жағдайын назарға алады. Бұл ретте, жаңғыртылған үйдің тез сатылатынына еш күмәнім жоқ. Сондай-ақ бағдарламада автоматтандырылған жылу бекетін салу қарастырылған. Кепілдік жағы тағы бар, - дейді бас инженер.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес, 2011 жылдары облыс бойынша 567 шақырым жылу желілерін, 9450 шақырым электрмен жабдықтау желілерін ауыстыру көзделіпті. Алғашқы 3 жылда республикалық және жергілікті бюджеттерден 5 миллиард 914 миллион теңге қаражат бөлініп, 3016 шақырым электр желісі, 72 шақырым жылу желілері жаңартылған. Кейін бұл бағыттағы шаралар «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде де атқарылып, жыл сайын шамамен 25 шақырым жылу желісі ауыстырылуда.

Бұдан бөлек, лифтілерді жаңғырту жұмыс-тары да жалғасуда. Бүгінде аймағымыздың тұрғын үй қорында 1900-ға жуық лифт бар. Басым бөлігі 25 жыл «миссиясын» әлдеқашан аяқтаған. «Горкомхоз Модернизация жилья» ЖШС-нің бас инженері Александр Дегтяревтің мәліметінше, биыл Павлодар қаласының әкімдігі лифтілерді жөндеуге қосымша 50 миллион теңге қаржы бөлген. Қаражатқа Назарбаев даңғылы, 89 және 81 мекенжайларындағы 6 лифтіні жөндеу жоспарланған.

Аталған бағдарлама 2020 жылға дейін жүзеге асады делінгенімен, коммуналдық саланы жаңғыртудың жаңа бағыттары іске қосылып, тиімді жобалар жалғаса бермек.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz