Өңірімізде қысқы спорт түрлерінің қыр-сырына қанық тәжірибелі мамандар жеткілікті. Олар зор нәтижеге қол жеткізу үшін инфрақұрылым мәселесін шешу керектігін айтады. Әзірге ірі спорттық нысандар қалалық жерде ғана орналасқан. Аудандарды есепке алсақ, тек Баянауылда тау шаңғысымен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік бар.

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бас маманы Татьяна Олифировичтің мәліме-тінше, биыл облыс бойынша 240 мұз айдыны салынған. Оның 179-ы мектептерде орналасқан. Сондай-ақ, 131 шаңғы трассасы бар (108-і мектепте). Нысандар барынша жарықтандырылып, кейбіреуі музыкалық қондырғылармен жабдықталған. Нысанға жауапты мекемелер көктемге дейін күтіп-ұстауға міндетті.

Қуантарлығы, биыл балаларға 1552 коньки және 1422 шаңғы тегін үлестірілмек. Мәселен, жақында Екібастұз қаласында «Балаға коньки сыйла» қайырымдылық акциясы шеңберінде қалалық мәслихат депутаты Қанат Тұрлыбеков әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 10 балаға коньки табыс етті. Көмірлі шаһарда биыл 10 хоккей корты құйылады деп жоспарланған. Жалдау бағасы – 400 теңге (1 сағат). Ал облыс бойынша ақылы нысандарда жалдау бағасы 600 теңгеден аспауы тиіс.

Өткен жылмен салыстырғанда мұз айдындарының саны көбейген. Бұған қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артуы түрткі болыпты. Бүгінде облыс бойынша 7 мыңға жуық тұрғын қысқы спортпен тұрақты түрде айналысады екен. Павлодарлық жас хоккейшілер облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайында жаттығуда. Жалпы, қысқы спортпен кәсіби түрде айналысқысы келетін бүлдіршіндер балалар-жасөспірім спорт мектептеріндегі секцияларға жазыла алады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz