2014 жылдан бастап 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн ретінде аталып өтуде. Кеше айтулы күнге орай Естай атындағы мәдениет сарайында арнайы форум өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары, «Ertis - adaldyq alańy» жобалық офисінің жетекшісі Асхат Оралов сыбайлас жемқорлықпен күресті әр адам өзінен бастауы керектігін атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыстық әкімдіктің 1-қабатында кез келген тұрғынның аймақ басшысы мен орынбасарларына бейнесауал қоюына мүмкіндік жасалды. «Open Space» жобасының аясында мемлекеттік органдар мен оқу орындарының 150-ден астам басшысы жұмыс кабинеттерін 1-қабатқа ауыстырды. Жергілікті билік өкілдерінің барлығының дерлік әлеуметтік желілерде жеке парақшалары бар. Мұның барлығы тұрғындармен байланысты арттыру, жемқорлық әрекеттердің алдын алу бағытында қолға алынды. Бұрынғыдай әкімдікке келіп, басшымен кездесу үшін ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ, - деді А.Оралов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы Айдар Тастеміров жемқорлыққа қарсы қолға алынған істерге тоқталды. Осы орайда «Ertis - adaldyq alańy» жобалық офисінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Жыл басынан бері 35-тен аса жоба жүзеге асты. Сонымен қатар, 300-ден астам адам жобалық офистің қызметіне жүгініп, 130 тұрғынның мәселесі оң шешімін тапты.

Осы орайда мемлекеттік қызмет саласында жемқорлық санының азай-ғанын атап өткен жөн. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, 2017 жылы 14, 2018 жылы 12 құқықбұзушылық тіркелсе, биыл 4 құқықбұзушылық анықталды.

- Мұндай оң өзгеріс жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі мен мемлекеттік қызметтердің автоматтандырылуы нәтижесінде орын алды. Жыл басынан бері көрсетілген 5 млн. 800 мыңнан астам қызметтің 84 пайызы электронды түрде жүзеге асты, - деді Т.Жұмағұлов.

Өз кезегінде Болгариядағы Әулие Климент Орхидский атындағы София университетінің профессоры Татьяна Дронзина Қазақстанда атқарылып жатқан шараларды жоғары бағалады.

Форум барысында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы істерге қосқан үлесі үшін бір топ мемлекеттік қызметші, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері түрлі марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Ертіс Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асқар Шөмшеков, «Pavlodarnews.kz» сай- тының журналисі Роза Мұстафина және облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі Әлішер Шаяхметов бар.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz