Биылғы жылдың ерекшелігі - турнир облыстық және республикалық деңгейде қатар өткізілді. Облыстық жарыста 72 қатысушы бақ сынады. 13 жасқа дейінгі балалар өзара кіл мықтыны анықтаса, 14-21 жас аралығындағы тоғызқұмалақшылардың бәсекесі бір бөлек. Әдеттегідей ер балалар мен қыздар жүлдеге бөлек таласты.

Ал республикалық турнирге Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз және Ақтау өңірінің 90-ға жуық жас тоғызқұмалақшысы қатысуға ниет білдіріпті. Турнирдің ең жас қатысушысы – 9 жасар қызылордалық Асылзат Ерқаус.

- Алғаш рет басқа облысқа жарысқа шығып тұрмын. Үрейдің бар екенін жасырмаймын. Жүлдеге ілігіп, ата-анамды қуантқым келеді. Павлодар өте таза қала екен. Келесі жылы да келуге тырысамын, - дейді Асылзат.

Тартысты өткен жарыстың нәтижелеріне тоқталсақ, республикалық турнирде ерлер арасында Арыстан Манарбекұлы (Нұр-Сұлтан қаласы) жеңімпаз атанды. Павлодарлық Алмаз Серіков екінші орынды иеленсе, Аққулы ауданының намысын қорғаған Ринат Керібаев қолаға қол жеткізді. Әйелдер арасында маңғыстаулық Оксана Жұмабаева дара шықты. Әсел Темірханова (Павлодар) күміспен күптелсе, Мадина Қарақұлова (Павлодар) 3-орынға табан тіреді.

Ал облыстық жарыста 13 жасқа дейінгі ұлдар арасында Әкежан Салауат (Аққулы ауданы), қыздар арасында Динара Тұрлығазы (Павлодар) жеңіс тұғырына көтерілді. 14-21 жас шамасындағы ойыншылар арасында Ринат Керібаев пен Дильназ Қайруллинова қарсылас шақ келтірмеді.

Жарыс жүлдегерлеріне Қапаев әулеті атынан Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Исатай Аманжолұлы 1940 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Новосібір облысында дүниеге келген. Павлодардағы Абай атындағы №10 мектепті, Семейдің педагогикалық институтын тәмамдаған. 1975-1986 жылдары Аққулы ауданының Черное ауылында тұрып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарын насихаттап, дамытқан. Жергілікті оқушылар мен жастарды спорттың осы түрлеріне баулып, қызығушылығын оятқан. Әке жолын абыроймен жалғастырып жүрген ұлдары Дастан және Арыстан Қапаевтар жыл сайын еске алу турнирін өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұндай жарыс әр жылдың мамыр айында Аққулы ауданында ұйымдастырылатынын атап өткен жөн.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz