Он күнге созылған Исламиада-2017 жарысына Қазақстан атынан 32 спортшы өнер көрсетті. Олар спорттың бес түрі (бокс, дзюдо, әйелдер күресі, еркін күрес және таеквондо) бойынша сынға түсті. Отандастарымыз еншілеген 19 жүлденің 2-еуі – алтын, 5-еуі – күміс және 12-сі – қола медаль.

Бұған дейін жазғанымыздай, Ислам ойындарынан павлодарлық боксшылар Қуан Қуатов пен Илья Очкин қола жүлде иеленді. Одан кейін жарыс жолына шыққан еркін күрес шеберлері Мамед Ибрагимов пен Дәулет Шабанбай да олжалы болды. Алғашқысы қоланы қанағат тұтса, соңғысы финалда ұтылды.

Мамед Ибрагимов 97 келіде өнер көрсетті. Ол алдымен Түркия балуанын тізерлетті. Одан кейін Ирак спортшысымен болған жекпе-жекті уақытынан бұрын
аяқтап, жартылай финалға шықты. Өкінішке қарай, жерлесіміз финалдық жолдама сарапқа салынар сында Иран балуанынан ұтылды. Ал үшінші орын үшін болған тартыста Пәкістан спортшысын жеңді.

Дәулет Шабанбай 125 келіде белдесті. Финалға дейін қиналмай өткен жерлесіміз, ақтық сында кілем қожайыны Джамаладдин Магомедовпен шеберлік байқасты. Дәулет қарсыласына 8:12 есебімен есе жіберді.

Қазақстан қоржынына түскен екі алтынды да боксшылар иеленді. Азат Махметов пен Тұрсынбай Құлахмет еліміздің Әнұранын Баку төрінде шырқатты. Күміс жүлдегерлер – Айнұр Есбергенова, Әлімжан Серікбаев (екеуі де таеквондо), Жандос Исмаилов, Дәулет Шабанбай (екеуі де еркін күрес), Жамилә Бақбергенова (әйелдер күресі). Қола жүлдегерлер – Гүлдана Әлмұханбетова, Еламан Ерғалиев (екеуі де дзюдо), Жансель Дениз (таеквондо), Сұлтан Зауырбек, Қуан Қуатов, Илья Очкин (барлығы бокс), Ілияс Жұмай, Болат Сақаев, Мамед Ибрагимов, Әділет Даулембаев (барлығы еркін күрес), Айгүл Нұралым, Зарина Құнанғараева (екеуі де әйелдер күресі).

Жалпыкомандалық есепте Әзербайжан топ жарды (74 алтын, 46 күміс, 32 қола). Түркия - екінші орында (68 алтын, 63 күміс, 54 қола). Үздік үштікті Иран түйіндеді (30 алтын, 26 күміс, 33 қола).

Естеріңізге сала кетейік, Ислам ынтымақтастығы ойындары төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Оған Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің спортшылары қатысады.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz