Ертіс-Баян өңіріне есімі етене таныс қылқалам шебері, модельер, дизайнер Галина Беспалованың туындылары көзі қарақты көрерменді бейжай қалдырған емес. Бүгінде соңынан ерген шәкірттерін сурет салуға баулып, ерекше өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаз үшін шәкірттерінің жемісті жұмысын көрудің өзі - бір бақыт.

Көрменің ашылуы барысында әр шәкіртінің туындысына ерекше құрметпен қарап, сүйсіне баяндаған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» белгісінің иегері Галина Беспалова мұнда түрлі жанрдағы суреттер қойылғанын тілге тиек етті.

- Менің шәкірттерімнің барлығы - туа бітті дарындар. Бағытын көрсетіп, кеңес берсең, әрі қарай өздері іліп әкетеді. Әркез ізденіп, тың дүниелерді тудыруға құмартып тұратын ізбасарларымның барына қуанамын. Қазіргі таңда жастар әлемдік деңгейде сұранысқа ие болған ерекше бағыттарға бет бұрып отыр. Мысалы, Әділжанның салған суреттері көбіне электрондық бағытта. Ол бұларды киім сыртына басып шығаратын болса, Никита Пархоменконың туындылары мүлдем басқа. Бұл шәкіртімнің суреттеріне танымал қылқалам шеберлері оң бағасын берген болатын, - дейді суретші.

Көрменің ашылуына келген өңір тұрғындары мен танымал суретшілер жастардың өнерін жоғары бағалап, алдағы уақытта көптің көңілінен шығатын, әлемдік байқауларда топ жаратын ерекше суреттер салуына тілекші екенін жеткізді.

Айта кетелік, Галина Беспалова 1952 жылы дүниеге келген. 8-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ атақты суретшілердің көрмелеріне қатысып үлгерген. Мектеп бітіргеннен кейін 1969 жылы Алматы қаласындағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Ұстаздары – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі М.Калимов, Б.Пак. Оның «Көпірде», «Бұлттар келе жатыр» және тағы да басқа туындылары үлкен көрмелерге қойылып, жоғары бағаға ие болған.


Глеб ЕМЕЛЬЯНОВ, жас суретші: - Мен сурет салған кезде таңдаған тақырыбыма қарап шабыттанамын. Уақытымның көбін осыған жұмсаймын. Кейде белгілі бір образды шығара алмай қиналған кезде бірден ұстазымнан ақыл-кеңес сұраймын. Ол кісі әркез бізді қолдап, шабыттандырып отырады. Болашақта өзімнің жеке көрмемді ұйымдастырып, тәлімгеріме алғысымды білдіргім келеді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz