Облыс орталығында орналасқан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорына Алдар көсенің бөркін Шәкен Аймановтың 90 жылдығына орай Орал Мұзапаров есімді азамат тапсырған. 2004 жылы Шәкен Аймановтың 90 жылдығына орай көрме ұйымдастырған. Сол көрмеге Ш.Аймановтың туыстары, замандастары жиналған екен. Сонда Орал Мұзапаров Шәкеннің тері мен еңбегі сіңген құнды заты – бөркін музей қорына сыйға тартқан.

Ол туралы музей директорының орынбасары Мағзия Әбенова былай дейді:

- «Найзатас баурайында» фильмінің біраз сюжеті Баянауыл өңірінде түсірілген деседі. Алматыда фильмнің түсірілімі аяқталғаннан кейін Шәкен Айманов қосымша түсірілімдер жасау үшін Баянауыл баурайына қайта келген екен. Кері қайтып бара жатқанда жолай Павлодар қаласына тоқтап, немере ағасы Орал Мұзапаровтың үйіне қонады. Сонда режиссер: «Әртістердің қалтасында қайбір жөнді ақша болсын? «Қуыс үйге құр барма» демекші, бірнеше фильмдерге түскен әйгілі бөркімді тастап кетейін», - деп үй иелеріне қалдырған екен. Мұзапаровтар әулеті Шәкен ағамызға үш атадан қосылатын немере аға болса керек. Ол кісілер көне жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, үйінде біраз жыл ұстаған. 1970 жылы Шәкен ағамыз қайтыс болды. Ағасы «Бұл тарихи жәдігер болғандықтан, халыққа ортақ естелік, жұрт көрсін-білсін» деген ниетпен бізге әкеліп тапсырды, - дейді М.Қайырбекқызы.

«Алдар көсе» фильмі – Шәкен Аймановтың кино өнеріндегі ең ірі шығармасының бірі. Экранда халықтың сүйікті кейіпкері өзінің ақылдылығымен, тапқырлығымен, кең пейілділігімен, ұшқыр ойымен, даналығымен танылады және осының бәрі әзіл-қалжыңмен жеткізіледі.

- Бірде Тереңкөл ауылына барып, арнайы көрме ұйымдастырып, семинар жүргіздік. Сол көрмеге осы бөрікті алып барған едік. 5-6-сыныптың оқушылары бас киімді көрген кезде бірден танып, «Алдар көсенің бөркі» деген кезде қатты қуандым. Бұл - Шәкен Аймановтай дара тұлғаның қолтаңбасын үлкендер ғана емес, мектеп оқушылары да жақсы біледі деген сөз, - дейді Мағзия апай.

Ол бұл жәдігер музей үшін өте құнды дүние екенін айта келе, қорда Шәкен атаның тағы бір бағалы заты барын айтты.

- Бізде Шәкен атаның өмірінің соңында киген тоны да сақтаулы. 1970 жылы Мәскеу қаласында орын алған қайғылы оқиға кезінде даңқты тұлғамыздың үстінде осы сары тоны болған екен. Атамыз өмірден өткеннен кейін ол кісінің тонын атақты актер, Халық артисі Кәукен Кенжетаев алып, химиялық тазалау- дан өткізіп, біздің қорға әкеп тапсырды. 2013 жылы Мұхтар Әуезовке арналған бір шарада біз осы тонды көрмеге қойдық. Сонда Мұрат Әуезов ағамыз Шәкен атаның сырт киімін бірден танып, былай деген еді: «Қалтасына зер салсаңыздар, сәл төмен түскені байқалады. Себебі Шәкен аға қандай қытымыр аязды күндерінде де қолына қолғап кимейтін. Үнемі қолын қалтасына салып жүретін еді» деп еске алды, - дейді М.Қайырбекқызы.

Өткенге зер салып, қазақ киносының алыбы атанған Шәкен Айманов «Алдар көсе» образын жасаған бөрік пен тонын көргіңіз келсе, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне келіңіз!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz