Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа Жолдауында шағын бизнесті негізгі қызметінен алынатын салық төлемінен босатуды тапсырған болатын. Енді осы міндет 2020 жылы іске аспақ.

Сөйтіп, елімізде шағын және микро бизнес саласында еңбек етіп жатқан 1 миллионнан аса салық төлеуші үш жылға бірқатар салық түрінен босатылады. Облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің түсіндіру жұмыстары бойынша басқармасының басшысы Галина Бирюкованың айтуынша, аймағымызда Үкіметтің мұндай қолдауын 37 мыңнан аса шағын және микро бизнес өкілдері көре алады.

Сонда заңды тұлғалар корпоративтік кіріс салығын, жеке кәсіпкерлер жеке кіріс салығын төлемейді. Сондай-ақ, оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер жоғарыда аталғандарға қоса әлеуметтік салықтан да босатылмақ.

Енді мұндай жеңілдікті көретіндер санатына кімдер жататынын нақтыласақ: «Кәсіпкерлік туралы» кодекске сәйкес қызметкерлерінің саны 15 адамнан аспайтын және жылдық табысы 75 млн. теңге шамасындағы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар микробизнес саналады. Ал 100 адамға дейін жұмысшысы бар, жылдық табысы 757 млн. теңге болатын ұйымдар шағын бизнес субъектілері деп есептеледі. Демек, осы талаптарға сай кәсіп иелері жоғарыда аталған салық түрлерінен босатылады.

- Ал акцизделетін тауарларды өндіру және көтерме түрде сатумен айналысатын компаниялар, ойын бизнесі субъектілері, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері, жер қойнауын пайдаланушыларға жеңілдіктердің қатысы жоқ, - дейді Г.Бирюкова.

Жалпы, алдын ала есептеу бойынша шағын және микро бизнес субъектілерін корпоративтік кіріс салығы, жеке кіріс салығы және әлеуметтік салықтарынан босатудан республика қазынасы үш жылда 752 млрд. теңгеден қағылады. Дегенмен, мамандар оның орны Мемлекет басшысы Жолдауда тапсырған өзге шараларды жүзеге асыру есебінен толады деп сендіріп отыр. Яғни, салық жүйесін модернизациялау, бизнесті ынталандыру арқылы салықтық жүйенің сапасы артып, түсімдер де көбейеді деп көзделуде. Нақтырақ айтсақ, салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіру жолымен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекет, капиталды сыртқа шығарумен күрес күшейеді. Салық төлеуден жалтаруға жол бермейді.

- Сонымен қатар, микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылға мораторий жарияланбақ. Дегенмен, кейбір жағдайларда тексеріс жүргізіледі. Мәселен, салық төлеушінің өтініші негізінде рұқсат етіледі. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында заңнамаға сәйкес салықтық тексерулер болуы мүмкін. Сондай-ақ, салық төлеуші мен оның дебиторлары арасында өзара есептеулерді анықтау мәселелеріне байланысты тақырыптық салықтық тексерулер де өткізілуі ықтимал. Акцизделген өнімдерді өндіретін және көтерме бағамен сататын кәсіпорындар, ойын бизнесі саласында қызмет ететін ұйымдар да аракідік қадағаланады, - дейді Г.Бирюкова.

Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы қоғамдық бақылау тетіктерін белсендендіруге басымдық беріледі. Сонымен қатар, тауарларды бақылау жүйесін модернизациялау аяқталады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz