Алдымен халық қалаулысы Ақсу қалалық жұмыспен қамту орталығы және әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, биыл елімізде осы салада қолға алынған жаңашылдықтар жайын сөз етті. Нақтысы, көпбалалы отбасыларға тағайындалатын жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жайында айтты. Көпбалалы отбасыларға қарастырылатын әлеуметтік пакетке не кіретінін, олардың қалай жүзеге асатынына тоқталды. Депутат Айгүл Нұркина тұрғындар мемлекеттің жәрдемақысын алуға алдымен аталмыш құзырлы органдарға жүгінетінін ескеріп, осы ретте түсіндіру жұмыстарына басымдық беруді атап өтті. Сондай-ақ, еліміздегі әлеуметтік саладағы өзгерістер көмектің ең бастысы нағыз мұқтаждарға жеткенін көздейтінін де тілге тиек етті. Денсаулығы жарап тұрғанына қарамастан еңбек етуге енжарлық танытқандардың отбасы түгелімен жәрдемақыдан қағылады, деді.

Кездесуде ақсулық мамандар мәртебелі мейманға ұсыныс-тілектерін айтып, сауалдарын қойды. Мәселен, олар әлеуметтік пакет бойынша берілетін заттарды мемлекеттік сатып алу өткізу арқылы емес, оны ақшаға айналдыруды ұсынды. Яғни, жәрдем алушының әрбіріне әлеуметтік карта ашып, соған қарастырылған қаржы аударылса, дейді. Демек, олар бұл картамен белгіленген дүкеннен нақты алуы тиіс жеке бас тазалығы тауарларын, азық-түлікті ғана сатып алатындай етілгені жөн деген пікірде. Халық қалаулысы ұсыныстың орынды екенін, жоғары жаққа жеткізетінін атап өтті.

Сонымен қатар, орталық қызмет-керлері электрондық еңбек биржасы жүйесін жетілдіруге қатысты ойларын білдірді. Яғни, биржаға орналастырылған бос орынға қызметкер алынғаннан кейін оны жойып тастау тетігі енгізілсе, дейді олар. Әйтпесе, екі апта бұрын бос орын «иесін» тапса да, бір ай бойы өзгелердің сол қызметтен үмітті болуына әкеліп отыр. Кәсіпорындарды да сол бос орын жайында ақпарат алу үшін тұрғындардың мазалауына тура келеді. Айгүл Қабдешқызы мамандардың ойымен келісетінін, мұндай өзгерісті жасауға болатынын, құзырлы органдарды құлаққағыс ету керектігін алға тартты.

Бұдан кейін Айгүл Нұркина «Қызылжар» құс фабрикасында болды. Мұнда кәсіпорынның жағдайымен танысты. 250-ге жуық жұмысшы істейтін өндіріс толық жаңғыртылған. Халық қалаулысы заманауи кәсіпорынның жұмысына оң бағасын берді. Фабрика басшылығы құстардың жемін мемлекет тарапынан субсидиялауды сұрады.

Ал Алғабастағы фельдшерлік-акушерлік пунктінде ақсулық дәрігерлер маман тапшылығын сөз етті. Былтыр Ақсуға 25 жас маман келіпті. Жалпы, қаланың кейбір ауылдық аймақтарында зейнет жасындағы ақ желеңділер әлі еңбек етуге мәжбүр көрінеді. Бұл ретте Айгүл Қабдешқызы елімізде ауылдарға мамандар тартуға арналған көтермеақының мөлшері өскенін атап өтті. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен ынталандыру жағын да қарастыру қажет, деді.

Медициналық мекемедегі кездесу барысында екпе салдыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және басқа да мәселелер талқыланды.

 

Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz