Өткен жылдың қыркүйек айында облыс орталығындағы әуежай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының иелігінен Павлодар облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілген болатын. Сол уақыттан бері әуежай жұмысын жақсарту мақсатында бірқатар іс қолға алынды. Таяуда аймақ басшысы Болат Бақауов Түркияның «EDA» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан еді.

- 2019 жылы Павлодардағы әуежай халықаралық мәртебеге ие болды. Сол себепті әуежайды жаңа бағытта дамыту қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта Қазақстан нарығында бірнеше жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибесі мол түркиялық компания мен келіссөздер жүргізілуде. Егер екі тарапқа тиімді мәмілеге келер болсақ, әуежайдың ісі жандана түседі деп ойлаймын, - деген еді Б.Бақауов.

Осы орайда «Павлодар әуежайы» АҚ төрағасының орынбасары Динара Мүсәлімова алдымен әуежай ғимаратын жөндеу қажеттігін айтты.

- Павлодар әуежайы 1973 жылы қолданысқа берілді. Бүгінде 235 гектар аумақты алып жатыр. Ал терминалдың аумағы – 3,2 мың шаршы метр. Соңғы рет мұнда жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілді. Әуежайдың қуаттылығын арттыру үшін күрделі жөндеу жүргізу қажет. Қазіргі таңда сағатына 200-ден астам жолаушы қабылдайды, жылына 1 мыңға жуық ұшақ ұшады, - дейді Д.Мүсәлімова.

Ал өткен жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша әуежай арқылы 200 мыңнан астам адам қатынап, 300 мың тоннадан астам жүк пен пошта жеткізілді.

Айта кетелік, Павлодар әуежайы облыс орталығы мен еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының арасын жалғайды. Сондай-ақ ұшақтар Ресейдің Мәскеу, Новосібір, Беларусьтің Минск қалалары мен Түркияға әуе жолы тұрақты жүзеге асуда. Ендігі ретте әуежай басшылығы сұранысқа ие жаңа бағыттарды ашуды ойластырып отыр. Жоспарды жүзеге асыру үшін әуе компанияларының келісімі керек.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz