Серік Әбдуәлиев 1966 жылы Алматыда дүниеге келген. Футболдағы спорттық мансабын «Қайраттың» қосалқы құрамынан бастаған азамат. Кәсіби футболшы ретінде алғаш 1988 жылы КСРО Футбол Федерациясы Кубогының кездесулерінде өнер көрсеткен. 90-шы жылдардың соңына дейін футбол майталманы болған ол «Қайраттан» бөлек, «Ертіс», «Жетісу», «Қайсар-Харрикейн», «Шахтёр-Испат-Кармет» және «Көкше» командаларының сапында доп тепті. Павлодарлық «Ертістің» (команда «Трактор», «Аңсат» атанған тұста) құрамында ойнап жүріп екі мәрте ел чемпионы атанған.

С.Әбдуәлиев футболшы ретіндегі мансабын біздің облыс орталығындағы «Трактор-2» командасының сапында аяқтады. Одан соң бапкерлікке ауысып, «Қайратта», «Локомотив», «Ертіс», «Жетісу», «Достық» (Алматы), «Оқжетпес», «Рузаевка» командалары мен Қазақстанның жастар құрамасында жұмыс істеген еді. 2010 жылы бас бапкер Талғат Байсуфиновпен бірге «Ертісті» жаттықтырып, біріншіліктің қола жүлдесін ұтып алғаны да есімізде. Ал өткен футбол маусымында ол өскемендік «Алтай» командасындағы Сергей Тимофеевтің көмекшісі қызметін атқарды.

«Екібастұз» футбол командасы соңғы маусымдарда жарқырап көзге түсе алмай жүр. Былтыр бірінші лигадағы жарысты 12-орынмен аяқтады. Бұл сәтсіздікке байланысты Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов клубтың қаржылық мүмкіндігі аз деп ақталған. Дей тұрғанмен, шаһарда ойыншылардың емін-еркін жаттығуына мүмкіндік аз емес. Былтыр ондағы «Шахтер» стадионы қайта жөндеуден өтті. Футбол алаңы республикалық жарыстарды өткізуге рұқсат беретін сертификатқа ие болды. Қала басшысы футбол командасы биылғы маусымдағы бірінші лиганы үздік үштікпен түйіндеуі керек деген тапсырма қойып отыр. С.Әбдуәлиев бұл міндетті сеніммен атқарып шығады деген үміттеміз.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz