Облыстық «Шаңырақ» халық шығарма-шылығы орталығында өтетін кеште көптеген жаңа композициялардың түсауы кесілмек. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның бас редакторы Сәуле Мұқаеваның айтуынша, симфониялық оркестрдің концертінде классикалық музыканттар ерекше туындыларды ұсынбақ.

- Бұл - ересектерге арналған жаңа жылдық музыкалық ертеңгілік. Мұнда ең ерекше шығармалар, көңілді туындылар орындалады, кей кездерде залдағы көрермендер де осы кеште өнер көрсете алады. Біздің өнерпаздар бұған дейінгі кештерде сақталып келген қағидаларды бұзады. Жалпы алғанда, өңірімізде бұрын-соңды болмаған концерт қойылмақ. Барша жерлестерімізді, қала қонақтарын әсерлі кештің қонағы болуға шақырамыз, - дейді С.Мұқаева.

Сонымен қатар, симфониялық оркестр 26 қаңтар күні сағат 17.00-де павлодарлық-тарға тағы бір сый жасамақ. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтетін музыкалық кеште симфониялық оркестрімен бірге Мәскеу қаласынан арнайы келетін қонақ, халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор әрі пианист Евгений Соколовский өнер көрсетпек. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжанов.

- Евгений Соколовскийдің жоғары кәсібилігі мен сезімге толы шығармашылығын тек орыс халқы ғана емес, Еуропа мен Азия елдері де жақсы біледі. Әрі әлем елдері оның музыкасын сүйіп тыңдайды. Евгений Дога, Алексей Рыбников, Эдуард Артемьев және басқа танымал композиторлардың шығармаларымен қатар жергілікті өнер иелерінің де туындылары орындалады, - дейді Сәуле.

Композитор және пианист Евгений Соколовский – Мәскеу қаласындағы Гнесины атындағы Ресей музыка академиясының түлегі. Көптеген халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты. Әйгілі жаттықтырушы Илья Авербух мұз шоуы үшін автордың «Мегаполис» композициясын таңдап алып, нәтижесінде Юлия Липницкая әлем чемпионатында тамаша өнер көрсеткен болатын. Ал автордың дәл осы туындысы Манежная алаңында 2018 жылғы FIFA Әлем кубогы алдында «1000 күн» сағатын іске қосу рәсімінде шырқалды.

Айта кетелік, 2018 жылы симфониялық оркестр алғаш рет Италияның 7 қаласында өнер көрсеткен. Шығармашылық топ ол жаққа италиялық дирижер, белгілі музыкант, импресарио Леонардо Куадринидің шақыртуымен барған болатын. Өнерпаздар Шарль Камиль Сен-Санстың «Рождестволық ораториясын», өзге де әйгілі рождестволық арияларды шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болған еді.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының симфониялық оркестрі Сіздерді 12 қаңтар күні сағат 17.00-де «Шаңырақ» орталығына «Музыканттар әзілдейді» атты жаңа жылдық концертіне және 26 қаңтар күні сағат 17.00-де Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтетін симфониялық оркестрі мен халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор әрі пианист Евгений Соколовскийдің концертіне шақырады.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz