Жұмыстар жалғасуда

Алдымен Ерлан Мұратұлы Аққулы ауданына ат басын бұрды. Вице-министр аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметімен танысты. Мекемеде атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беруге келген көпбалалы аналарға жаңа ережені түсіндірді. Биылғы ақпан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар 1-6 жас аралығындағы балалары үшін кепілді әлеуметтік пакет алатын болады. Мұндай көмек екі түрге бөлінеді. Бұл ретте аз қамтылған отбасыларға дәруменге бай тамақтар мен тіс пастасы, сабын, ұнтақ сынды қажетті заттардан тұратын тұрмыстық химиялық жиынтық берілмек. Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Алма Қасымованың айтуынша, қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан 122 өтініш түскен.

- Атаулы әлеуметтік көмек бойынша өтініштер қабылдануда. Жауапты мамандар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, биыл 183 анаға мемлекеттік жәрдемақы берілді. Ауданда көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Мәселен, 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 41 ана «Бастау Бизнес» курсына қатысты. 9 адам қысқа мерзімдік оқудан өтті. 6 азаматқа несие берілді. 136 қайтарымсыз грант тағайындалды. Оның 14-ін көпбалалы аналар алса, екеуі мүмкіндігі шектеулі жандарға бұйырды. 81 грант жастарға, 39-ы жұмыссыздарға берілді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады, - деді Алма Жантемірқызы.

Бұдан бөлек, вице-министр аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ерлан Мұратұлы екі мекеменің қызметіне оң бағасын беріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Басты талап - еңбек ету

Бұдан соң Ерлан Әукенов Павлодар қаласына келіп, жұмыспен қамту орталығына барды. Ондағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан қызметтер жайын тексерді. Жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Құрымбаеваның айтуынша, жыл басынан бері, яғни бес жұмыс күні ішінде 1635 павлодарлыққа атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңес беріліп, 274 адамның өтініші қабылданды. Тұрғындарға барлығы 12 оператор қызмет көрсетеді.

Министр орынбасары атаулы әлеуметтік көмектің басым тұстары мен тұрғындарға берер мүмкіндік- теріне толыққанды тоқталды.

- Өткен жылы іске қосылған ірі жоба – «Е-Халық» жүйесінде еліміздің әр азаматы туралы барлық дерек бар. Яғни, тұрғындардың табысын, қандай емханада тіркелгенін, балаларының балабақша, мектепке баратынын немесе бармайтынын көруге болады. Бұл жүйе өтініш беру моделінен анықтау моделіне көшуге мүмкіндік берді. Демек, сіздер тұрғынның келіп, өтініш беруін күтпей, жүйеде тұрмысы төмен ретінде көрсетілген отбасыларға барып, оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесулеріңіз қажет. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмектің пайдасы көп. Бірақ қиындықты еңсеруге мемлекет қана емес, адамның өзі де мүдделі болуы тиіс. Қаржылай қолдаудың бұл түрі үш, алты немесе он екі айға тағайындалуы мүмкін. Осы уақыт аралығында аз қамтылған азаматтар сіздердің көмектеріңізбен білім алып, жұмысқа орналасуға талпынуы қажет. Атаулы әлеуметтік көмек берудің басты талабы – ұсынылған жұмыстан бас тартпай, еңбек ету. Бірнеше жыл бойы екі қолға бір күрек таппай жүрген білімі, тәжірибесі жоқ адамдардың ай сайын 80-90 мың теңге жалақы төлейтін жұмысқа орналасқаны жақсы емес пе? Сондықтан енжарлыққа салынбай, қызмет етуге тырысып, берілген мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану керек, - деді Е.Әукенов.

Ерлан Мұратұлы Павлодардағы аз қамтылған жандарды оқытып, оларды жұмысқа орналасу деңгейі жоғары екенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, министр орынбасары биылдан бастап көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мәселесін тілге тиек етті.

- Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының әр мүшесіне орташа есеппен 10 мың теңге төленеді. Оған қоса, биылдан бастап төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға жеке жәрдемақы берілетін болды. Тиісті заңға өткен жылдың соңында қол қойылса да мамандар жүйелі жұмыс атқарып, 8 қаңтарға дейін 1,5 млн. адамға төлемді аударды, - деді вице-министр.

Жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Құрымбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының өткен жылдың қазан, қараша және желтоқсан айларындағы табысы есепке алынады. Ал сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлейтін тұста көпбалалы отбасы ретінде ай сайын алатын жәрдемақы сомасы да ескерілетін болады.

Заманға сай орталық

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов облыс орталығында орналасқан «Open Pavlodar» фронт офисінің жұмысынан хабардар болды.

Қала әкімдігінің мемлекеттік қызмет-терді мониторингілеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бөлімінің басшысы Алмат Рахымтайдың айтуынша, бұл орталықта қала әкімдігімен бірлескен 33 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Мысалы, халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру, тұрғын үй кезегіне тұру, сәулет, жер қатынастары салалары және т.б. Сонымен қатар, мұнда қалаған адам кез-келген басшыға өтініш жазып, видеоүндеу жолдауына болады.

- «Open Pavlodar» фронт офисі өткен жылдың қаңтар айында іске қосылған. Содан бері 212 932 адам жүгінді. Олардың 76 447-не әртүрлі мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, 136 485 адамға кеңес берілді, - деді ол.

«Open Pavlodar» орталығы бірнеше залдан тұрады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету, кәсіпкерлерге қызмет көрсету, цифрлық қызметтер, қоғамдық қабылдау, өзіне-өзі қызмет көрсету және күту залдары жұмыс істейді.

Жаңа орталықтың жұмысымен және іске қосылған жаңа жобаларымен танысқан вице-министр мекемеге оң баға берді.

Сондай-ақ Е.Әукенов облыстың аудан-қалалары басшыларымен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы кеңірек газеттің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz