Қаражар ауылының қасында орналасқан кешен бүгінде күніне 1500-2000 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда аспалы жол арқылы жоғарыға көтеріліп, жоғарыдан шаңғы, сноуборд, тюбингтермен құлдилай сырғанауға болады. Кешеннің меңгерушісі Орынбай Өскенбаевтың айтуынша, қаңтар айының соңына дейін демалушыларға қажет қосымша құралдар сатып алынады.

- Мырзашоқыдан аймағымыздың ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының тұрғындары жиі келеді. Ресейдің Омбы облысынан кәсіби сноубордшылар да жаттығу жасайды. Туристер санының артып келе жатқанын ескеріп, қосымша 100 шаңғы, 70 сноуборд, тюбингтер аламыз. Сонымен қатар, демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жылыну орындарын, қонақүйлер, дәмхана салу ойда бар. Ол үшін 70 млн. теңге қаржы қарастырмақпыз. Жалпы, өткен жылдың маусым айында тау-шаңғы кешенін сенімді басқаруға алған уақыттан бері барлығы 35 млн. теңге инвестиция салдық, - дейді О.Өскенбаев.

Баянауыл аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліпов былтыр қысқы маусымда Мырзашоқыға 5 мың адам келгенін айтты.

- Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінде шаңғылар, сноубордтар, тюбингтер тегін беріледі. Аспалы жол үшін ғана ақы алынады. Ересек адамдар 500 теңге, 18 жасқа дейінгі балалар 250 теңге төлейді. Ал 10 жасқа дейінгі балалар үшін тегін. 1050 метр болатын аспалы жол бір сағатта 550 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы, - дейді З.Тәліпов.

Мырзашоқы тау-шаңғы кешені жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі уақытта мұнда 14 адам тұрақты түрде еңбек етеді. Орташа айлық жалақы – 100 мың теңге. Сонымен қатар, қаражарлықтар түрлі қолөнер туындысын сатылымға шығарып, сол арқылы табыс тауып отыр.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Мырзашоқының дамуы тұтас ауданның әл-ауқатын жақсартады деген сенімде.

- Биыл Қаражар ауылына таза ауызсу тарту мақсатында бюджеттен 268 млн. теңге қарастырылды. Су құбырлары салынған соң елді мекеннен тау-шаңғы кешеніне дейін 1,8 шақырым құбыр тартамыз. Сөйтіп, Мырзашоқы сумен толықтай қамтылады. Бұл өз кезегінде жасанды қар жасау техникаларының үздіксіз жұмыс істеуіне, туристерге қызмет көрсететін орындардың көптеп ашылуына оң ықпал ететін болады. Алдағы уақытта Мырзашоқыны қысқы ғана емес, жазғы туризмнің де өзегіне айналдыру ойда бар, - дейді аудан басшысы.


Қайрат АХМЕТОВ, Екібастұз қаласының тұрғыны: - Біз өткен жылы Мырзашоқыға алғаш рет келген едік. Араға бір жыл салып келгенімізде оң өзгерістерді байқадық. Сервис айтарлықтай жақсарыпты. Балалар үшін тюбингпен сырғанау, аспалы жолмен серуендеу қызық. Үлкен ұлым екеуіміз шаңғымен, сноубордпен жоғарыдан түскенді ұнатамыз. Бұл ретте сырғанауға қажеттінің бәрі, тіпті арнайы киім мен қорғаныс құралдары тегін берілетіні қуантады. Ендігі ретте демалыс орны ашылса, жақсы болар еді. Себебі қазіргідей бірнеше сағатқа қана емес, бірнеше күнге келетін мүмкіндік туады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz