- Ерлік Тілеуқұлұлы, биыл театр үшін тарихи жыл. Театр шымылдығын түріп, көрерменмен бірге жасап келе жатқанына 30 жыл. Осы айтулы датаға дайындықтарыңыз қалай?

- Иә, дұрыс айтсыз, 2020 жыл театр үшін жеңісті әрі жемісті жыл болмақ. Себебі, театрдың құрылғанына биыл 30 жыл толады. Қазіргі таңда біздің ұжым мерекеге орай қызу дайындықты бастап кетті. Мұнда өтетін мәдени шаралар мен жаңа қойылымдардың жөні бір бөлек, естеріңізде болса бізге өткен жылдың соңында облыс әкімі Болат Жұмабекұлы осы айтулы датаға орай театрға күрделі жөндеу жүргізуге қомақты қаржы бөлгізген. Алдағы уақытта өнер ұжымы толықтай жаңарып, өзгеше сипатқа енетін болады. Осы мақсатта жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, аймақ басшылығының қолдауымен қыркүйек-қазан айларында 30 жылдыққа орай республикалық театрлар фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, мерекеге орай атқарылатын өзгеде іс-шаралардың жоспары әзірленіп жатыр. Жалпы айтқанда, 30 жылдықты ел есінде қаларлықтай етіп өткізу үшін барынша дайындалып жатырмыз.

- Көрермен көңілінен шығатын қандай қойылым әзірлеудесіздер?

- Негізі өнер адамдары ешқашан бір орында тұрақтап қалмайды ғой. Мерекеге орай дайындық бір бөлек. Бұл ретте біз өзіміздің көрермендерімізді де ұмытқан жоқпыз. Алдағы уақытта өңір жұртшылыған өзіміздің тың туындыларымызбен қуанта беретін боламыз. Театрдың кішкентай көрермендерін тамаша жаңалық күтіп тұр. Яғни, 3 жастан асқан балғын бүлдіршіндерге арнап, Семей қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық драма театрының режиссері Айдын Салбанды арнайы шақыртып, қуыршақтар қойылымын қоймақ ниеттеміз. Бұл өңірімізде алғаш рет эксперимент түрінде өтеді. «Ойыншықтар» деп аталатын пьесаның авторы әрі режиссері - Айдын Салбанның өзі. Режиссермен келіссөз нәтижесінде, ақпан айында спектакльді бастау жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, театрымыздың бас режиссері Әділет Ақанов, авторлар К.Ахметов, Ж.Хаджиевтің «Жас Абай» қойылымын сахналамақ ниетте. Бұдан бөлек те жоспарларымыз көп. Алдағы уақытта көрерменді жаңа қойылымдармен қуантатын боламыз.

- Ерлік, сөз басында театрға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айттыңыз. Ол қашан басталмақ?

- Күрделі жөндеу жұмыстарын сәуір-мамыр айларында бастауды жөн көріп отырмыз. Осы уақыт аралығында театр ұжымы еліміздің бірқатар қалаларына гастрольдік сапар ұйымдастырмақ ниетте. Атап айтар болсақ Нұр-Сұлтан, Көкшетау сынды қалалардан әзірден бастап шақыртулар келіп түсуде. Негізі бұл үрдіс театрымыздың дәстүріне айналған шаралардың бірі. Өткен жылы естеріңізде болса, араға 23 жыл салып алматылық көрермендерімізбен қауышқан болатынбыз. Тағы бір жоспарымызды айта кетсем, театр жөндеу жұмысына жабылатын 2 айда труппаны шет мемлекеттерге шығарып, тәжірибе алмастыру жоспары қарастырылып жатыр. Егер бұл ойымыз жүзеге асатын болса, әртістердің практикалық тұрғыдан дамуына үлкен септігін тигізер еді.

- Соңғы жылдары Павлодар өңірінде театрлар фестивалі мүлдем ұйымдастырылмаған екен. Бұл ауқымды шараны өткізу театрдың 30 жылдығы аясында жүзеге асатыны қуанарлық іс екен...

- Театрдың 30 жылдық мерекесіне орай, облыс әкімдігі және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен бұл шара биыл өңірімізде өтетін болады. Қазіргі таңда фестивальдің ережесі бекітілді. Аталмыш шараға қатысатын өнер ұжымдарына белгілі бір шектеу қойылмайды. Еркін форматта, кез келген жанрда қойылымдарын сахналайтын болады. Фестивальде еліміздегі айтулы театрлар үздік қойылымдарымен қатысып, бақ сынаспақ. Біздің басты мақсатымыз - Павлодар тұрғындарына театр өнерінің ерекше үлгісін көрсетіп, Ертіс-Баян өңірін театр өнерінің қарқынды дамуына үлес қосатын орталыққа айналдыру. Жұмыла көтерсек, бұл да қолымыздан келетініне сенемін.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz