Аталмыш шараға облысқа қарасты қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, басқарма басшылары мен көпбалалы аналар қатысты.

Вице-министр алдымен елімізде соңғы уақытта әлеуметтік саланы дамытуға айрықша мән беріліп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүйелі жүзеге асып жатқанын атап өтті.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау шаралары үздіксіз жалғасуда. Осыған орай биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан көп баласы бар шаңырақтарға мемлекеттік жәрдемақы тағайын-далды. Яғни, ай сайын әр балаға 10 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 170 млрд. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың 5 қаңтарындағы жағдай бойынша 367 мың қазақстандық көпбалалы ана жаңадан тағайындалған жәрдемақыны алып үлгерді. Ал тұрмысы төмен отбасыларындағы 230 мыңнан астам балаға әлеуметтік пакет ұсынылады, - деді Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ, ол жиында биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілгендіктен, болжам бойынша елімізде мұндай көмекке мұқтаж отбасыларының саны былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір азаятынын алға тартты. Нәтижесінде, осы салаға жұмсалатын қаржы көлемі үнемделіп, есесіне нағыз көмекке мұқтаж азаматтарға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады, - деді Ерлан Әукенов.

Вице-министр, сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін де түсіндірді. Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі толығымен өзгерген. Аталмыш көмек бұрынғыдай «шартты және шартсыз» деп бөлініп, 6 немесе 12 айға бірден тағайындалмайды. Яғни, АӘК алу үшін тұрғындар үш ай сайын құжаттарын жаңартып жинап, отбасына кіретін айлық кірістің күнкөріс деңгейінің шекті мөлшеріне жетпейтіндігін дәлелдеп отыруы тиіс. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңіріндегі жұмыспен қамту орталықтарында әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін құжат қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Талап бойынша дәл қазір осы жылдың 1-ші тоқсанында атаулы көмек алуға ниетті тұрғындардың өтініштері қабылдануда. Бұл жолы құжат тапсырушылардың кірісі өткен жылдың соңғы тоқсанының, яғни, қазан, қараша, желтоқсан айларындағы табысы бойынша есептеледі. Бірақ оған осы айлардағы көпбалалы аналарға төленіп келген 10 504 теңге мемлекеттік жәрдемақы қосылады. Ал бұрын балалар жәрдемақысы есептелмеген еді. Сондай-ақ, биылғы жылдың сәуір айынан бастап АӘК алушылар қайтадан екінші тоқсанға құжаттарын тапсырады. Міне, сол кезден бастап көпбалалы отбасылары үшін жаңадан тағайындалған мемлекеттік жәрдемақы кіріске қосылып саналатын болады. Бұл ретте, әр облыстың экономикалық жағдайына байланысты кедейшілік деңгейінің минимумы әр түрлі екенін атап өткен жөн. Мәселен, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 18 618 теңге болып бекітілген.

Тағы бір ескеретіні, биылдан бастап әлеуметтік көмек алуға ниетті отбасылардың барлық мүшесі бір мекенжайда тіркеуде болуы тиіс. Егер тұрақты мекенжайы жоқ болса, уақытша тіркеуге тұрып, жаңартып отыруларына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, вице-министр «еңбек етемін» деген азаматтарды қолдауға мемлекет әркез даяр екенін де атап өтті. Бұған дейін атап өткеніміздей, жаңа ережеге сәйкес бұдан былай атаулы әлеуметтік көмек шынайы мұқтаж жандарға ғана берілмек. Ол жағы қатаң қадағаланатын болады.

- Жаңа талап бойынша АӘК алдымен табысы аз отбасыларына, соның ішінде көпбалалы шаңырақтарға төленеді. Сонымен қатар, көмектің бұл түрі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына ақшалай төлемдер түрінде және жеке ісін бастауға оқытуға, жұмысқа орналасуға, қолдау көрсету арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге бағытталғанын атап өткен жөн. Ал ерлі-зайыпты екі адам да ешбір жерде жұмыс істегісі келмейтін болса, мұндай «жатып ішерлерге» атаулы көмек көрсетілмейді. Сол үшін ата-ананың бірі үйіндегі бала тәрбиесіне бас-көз болса, екіншісі міндетті түрде жұмыспен қамту орталығына барып, екі қолға бір күрек табуы қажет. Әйтпегенде, әлеуметтік жеңілдіктерден қағы-лады, - деді Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ, осы жылдан бастап табысы төмен отбасыларындағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілген. Оның құрамында дәрумендерге бай балалар тағамы, гигиеналық құралдар бар. Сол арқылы аз қамтылған отбасыларының балғын-дарын дәрумен тапшылығынан болатын рахит, полиомиелит және басқа да аурулардан аман сақтап қалу көзделуде. Әлеуметтік пакет тұрмысы төмен отбасылары үшін үлкен көмек болатынын халық қалаулылары да атап өтті.

- Жалпы, бұл пакеттің құра-мында 1-6 жас аралығындағы балалар үшін пастерленген сүттен бастап, құнарлы ботқалар, гигиеналық заттар, қысқасы, негізгі қажеттіліктердің бәрі бар. Ал 6-18 жас аралығындағы балалар үшін ақшалай көмек беру жөнінде пікірлер айтылуда. Сондай-ақ, арнайы әлеуметтік карталар жасау туралы ұсыныстар да бар. Сол арқылы сауда үйлерінен баланың өзіне қажетті киім-кешегін алуына мүмкіндік жасау туралы мәселелер қарастырылуда, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина. Вице-министр тұрмысы төмен отбасыларының балаларына тауар түрінде қолдау көрсету шаралары АҚШ, Германия, Африка елдерінде де тәжірибеде барын атап өтті.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz