Негізі, газбен жүретін көліктерге қатысты Ішкі істер министрлігінің пәрменімен былтыр біраз шектеу- лер қойылған. Газдың кенеттен тұтанғыш және жарылғыш қасиетін ескере отырып, көлік иелеріне техникаларын паркингтерге және жерасты көлік тұрақтарына қоюға тыйым салынды. ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевтың айтуынша, бұл талап айналадағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Әрі ол көліктерде бұдан былай «ГАЗ» деген жазу көрсетілген арнайы белгілер жапсырылуы керек.

Павлодар облыстық полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, өңірде газ қондырғысына рұқсат алған 8 мыңдай көлік бар. Ондай жабдықты орнатумен облыста 10 фирма айналысады. Қондырғыны орнатпас бұрын темір тұлпардың иесі жол полициясы мен арнайы орындарға техникасын тексертуі тиіс.

«Көлікті қайта жабдықтауды жол полициясы автомобильдің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін және техникалық жағдайының ойдағыдай екенін растайтын ұйымдармен келіседі. Бұл процедураны мамандандырылған аккредиттелген зертхана жүргізеді. Техникалық сараптама хаттамасын беретін де сол зертхана», - деп мәлім етті облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

- Орнатар алдында көлік иесі әуелі бізден рұқсат алады. Содан кейін өзіне қолайлы фирманы тауып, зертханалық тексерістен өтеді. Олардың нәтижесі бойынша хаттама мен қайта жабдықтау жөніндегі куәлік қолына тиеді. Барлық құжаттарды жинаған соң жүргізуші көлігін мамандандырылған ХҚО-ға апарып тіркеуге қояды, - деп түсіндірді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Мақашев.

Полиция департаментінің ақпаратынша, қайта жабдықтау туралы куәліктің қорғаныс белгісі бар, сондықтан оны қолдан жасау мүмкін емес. Негізі, мамандар газ-баллонды қондырғы қауіпті дүние болғанымен, дұрыс орнатылған жағдайда тиімді әрі үнемді құрал болатынын айтады. Сондықтан газ баллонын машинаңызға орнатпас бұрын, көлігіңіздің талапқа сайлығын тексеріп, әрі сертификаты бар орнатушыны таңдағаныңыз абзал.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz