Елімізде «Қауіпсіз мектеп автобусы» республикалық акциясы басталды. Акцияның мақсаты - балаларды білім беру ұйымдарына тасымалдауды ұйымдастыру барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп автобустарымен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері.

Науқан 15 ақпанға дейін өткізіледі деп жоспарланған. Шара мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды, мүдделі мемлекеттік органдар мен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларды, ата-аналар қауымдастығын, мекемелердің, еңбек ұжымдарын, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, жергілікті полиция қызметтерінің өкілдерін қамтиды.

«Қауіпсіз мектеп автобусы үшін» ұранымен өтетін акция барысында мектептік тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметін зерделеу көзделіп отыр. Бұған қоса автокөліктің техникалық талаптарға сәйкестігі, балаларды білім беру мекемелеріне тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автокөліктердің техникалық байқаудан өтуі, жүргізушілердің құрамын тексеру, қозғалыс схемасының бар болуы зерделенеді.

Мектепке кірме жолдарының қауіпсіздігі (аумақты жарықтандыру, «Балалар» белгісінің бар болуы, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерді, жасанды жол кедергісін және т.б. құру) қадағаланып, балаларды тасымалдайтын көлік құралдарында арнайы жарық және дыбыс сигналдарының бар болуы да қадағаланады.

- Акция барысында бұған қоса мектепке кірме жолдар, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдердің маңында қолданыстағы бейнебақылау камераларының бар болуы тексеріледі. Жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын болдырмау туралы және жол қозғалысының қауіп-сіздігі тақырыбында мектеп автобустарының жүргізушілерімен нұсқамалар жүргізілуде. Сондай-ақ балаларды көлік құралдарына отырғызу және түсіру кезінде мектеп автобустары жүргізушілерінің міндетті түрде апаттық дабыл қағуды қолдануын талап етудеміз. Баршаңызды осы акцияға белсенді қатысуға шақырамыз, - делінген Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактілері болған жағдайда, оның ішінде мектептерге және үйге қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жауапты министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «сенім» телефонына хабарласуларыңызды сұраймыз: 8 (7172) 742528.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz