Қараусыз малдың кесірі көп

Сөзіміз дәлелді болу үшін статисти-калық деректерге көз жүгіртейік. Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің айтуынша, 2019 жылы Павлодар облысында 129 мал ұрлығы тіркелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Әсіресе, мұндай фактілер Павлодар, Екібастұз қалаларында, Ақтоғай, Ертіс, Май, Шарбақты және Павлодар аудандарында едәуір көбейген.

Енді мына мәселеге назар аударайық. Жоғарыдағы 129 фактінің 121-і немесе 90 пайызына мал иелерінің жауапсыздығы себеп. Өйткені барымташылар ірі қараны жайылымда қараусыз жүрген жерінен қолды қылған. Мұндай салғырттықтың салдары 4 адамның қаза болуына әкелді дегенге не дейсіз? Жол бойында бос жүрген малдың қатысуымен былтыр 89 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл тіркелген барлық жол апатының 13 пайызын құрайды. Қараусыз жүрген малдың қатысуымен болған жол оқиғасы кезінде 13 адам түрлі дене жарақатын алып, 82 жағдайда материалдық шығын келтірілген.

Сақшылар неге шарасыз?

Павлодар облыстық полиция департа-менті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров бұл жағдайға мал иелерінің салғырттығы себеп екенін айтады.

- Қараусыз жүрген мал жол апатына себеп болып отырғаны рас. Өкініштісі, көлікке соғылған ірі қара иесін анықтауда қиындық туындауда. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасына себеп болған малдың кімдікі екенін анықтағанымен, дәлелдей алмайды. Өйткені ауыл тұрғындарының төрт түлігі толығымен есепке алынбаған. Мәселен, жол апатында зардап шеккен малдың кімдікі екенін анықтадық делік. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру базасы арқылы мал иесінде 8 бас тіркелгенін көреміз. Үйіне барғанда ол 8 малды санап беріп, өлген малды мойындамайды. Яғни, өсіріп отырған ірі қарасының саны көп. Бұл жағдайда тәртіп сақшылары шарасыз, - дейді Ж.Қайыров.

Тәртіп сақшылары мал ұрлығының орын алуына жергілікті әкімдік пен ветеринария саласы мамандарының да салғырттығы себеп екенін айтады. Өйткені олар анықтаманы дұрыс бермейді. Бұл құжатты пайдақор барымташылар екінші рет қолдана алады екен. Бүгінде мал ұрлығы жиі орын алатын Қарағанды бағытында, Екібастұз қаласы, Ертіс, Ақтоғай аудандарында жедел әрекет ету тобы жұмыс істеуде.

- Жергілікті халық мал ұрлығы кезінде учаскелік инспекторларды кінәлап жатады. Қазіргі уақытта ауылдық жердегі сақшылар аудан орталығына тек бір рет қана шақыртылады. Бұл кезде ауылдағы тәртіп әкімдерге жүктеледі. Жуырда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен келіскен болатынбыз. Ветеринария мамандары, учаскелік инспектор және ауыл әкімдері бірлесіп, әрбір үйді аралап, малды есепке қоюы қажет. Егер жоғарыдағыдай жол апаты орын алған кезде мал иесі ірі қарасын мойындамайтын болса, үшеуі де жауапқа тартылатын болады. Сондықтан қазір мал қорада тұрған кезде бұл жұмыстарды күшейту қажет, - дейді Жасқайрат Иманбекұлы.

Рейд жүргізілуде

Жоғарыда мал ұрлау фактісі Павлодар қаласында да артқанын айттық. 2018 жылы облыс орталығына қарасты ауылдарда 2 мал ұрлығы тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 10-ға жеткен. Павлодар қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев мал ұрлығының алдын алу мақсатында ет сататын базарларда рейд шаралары жүргізілетінін айтады. Көп жағдайда барымташылар ұрлаған малды туыстарына, ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатуға бейім.

Павлодар қалалық ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, облыс орталы-ғындағы елді мекендерде есепке алынбаған мал жоқ. Бұл жұмыстар өз уақытында әрі жүйелі түрде жүргізіледі.

- Павлодар қаласына Павлодар, Кенжекөл, Мойылды, Жетекші ауылдары мен Ленин кенті сынды 5 ауылдық округ қарайды. Қазіргі таңда жоғарыдағы елді мекендер мен Павлодар қаласын қоса есептегенде 6 мыңға жуық қара мал, 9 мыңға жуық ұсақ мал, 2 мыңға жуық жылқы тіркелген. Мал басын есепке алу шарасы жыл басынан жүргізіледі. Ірі қара мен ұсақ малдан туған төлдер 1 аптадан кейін тіркеледі. Ал құлынды туғаннан кейін 4 айдан соң есепке аламыз. Оның 3 тәсілі бар. Яғни, малға сырға салу, жылқының терісіне чип орнату, таңба салу арқылы түліктерді тіркеуге қоямыз. Павлодар қаласы бойынша есепке алынбаған мал жоқ. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру базасына барлық деректі енгіземіз. Яғни, төрт түліктің иесі, жынысы, түсі, жасы, тұқымы жөніндегі мәліметтер осы базада жазылады, - дейді А.Тілеубаев.

Қой үшін қамалды

Биылдан бастап барымташылар мен мал иелеріне жаза күшейгені мәлім. Бұдан былай ірі қарасын қараусыз жібергендер 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл қаражат төртінші деңгейлі бюджет аясында ауылдың қазынасына түседі екен. Ал мал ұрлығына барғандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мұндай істі татуластыру шарасымен шешуге жол берілмейді.

Биыл Ертіс ауданында мал ұрлығы тіркел- ді. Учаскелік полицияға Амангелді ауылының тұрғыны 3 қойының жоғалып кеткенін айт- қан. Тәртіп сақшысы ұсақ малды Павлодар қаласының 24-27 жастағы азаматтары ұрлағанын анықтады. Олар қойларды 45 мың теңгеге сатып, қаржыны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қойлардың барлығы иесіне қайтарылды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Барымташылар жаңа заң бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, малдың жоғалғанын уақытында полицияға хабарлаудың маңызы зор Мәселен, өткен жылдың соңында Ақтоғай ауданында 25 ірі қара қолды болған еді. Мал иесі тәртіп сақшыларына тәулік ішінде хабар бергеннің нәтижесінде, мамандар төрт түлікті Ақмола облысы аумағынан тауып алған. Полицейлер былтыр 52 барымташының жолын кескен. 11 рет ауыл халқының малын айдап әкетіп, жалпы саны 116 ірі қараны ұрлаған 9 қылмыстық топты қолға түсірді. Оның ішінде жалпы құны 30 миллион теңгені құрайтын 82 бас жылқы бар. Полицейлер өткен жылы мал иелеріне жалпы құны 75 миллион теңгеге тең 251 басты қайтарған.

Жаңа заң барымташыларды жөнге салады деген ойдамыз.

Малды күнкөріс көзіне айналдырып отырған ауылдағы халық бұл мәселеге жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Өйткені қараусыз жүрген түлік жол-көлік оқиғасының орын алуына себеп болып, өзгенің өмірін қиюда. Салғырттықтың салдары жол апатының одан әрі артуына әкелмесе екен...

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz