Кімдер нақты барады?

Атап айтсақ, Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт, лицензия командаға беріледі), садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжан Мұсаев; командалық және жекелей сын), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрис-лам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес) Олимпиада жолдамасына ие болды.

Ел спортшылары осыдан төрт жыл бұрынғы Рио Олимпиадасының 105 жолдамасын еншілеген еді. Нәтижесінде 3 алтын, 5 күміс, 10 қола жүлде (18) олжалаған отандастарымыз жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады. Биыл спорт сарапшылары боксшылардан бөлек, жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен жүзгіш Дмитрий Баландинге үлкен сенім артып отыр. Допинг дауынан кейін зілтеміршілерден жүлде күтсек те, медаль үшін қатты қуанбайтын сияқтымыз...

Ауыр атлетиканың халі ауыр

Соңғы үш Олимпиадада ел қоржынын қампайтқан зілтеміршілер еді. 2012 жылы Лондонда күміс пен қоланы есепке алмағанда, 4 бірдей қазақстандық алтыннан алқа таққан болатын. Алайда, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да жүлделерін Халықаралық олимпиада комитетіне қайтарып берді. Сөйтіп, соңғы үшеуінің Лондон Олимпиадасындағы, Илья Ильиннің Лондонмен қатар, Бейжің Олимпиадасындағы (2008) жетістіктері жоққа шығарылды. Ауыр атлетшілеріміздің Рио-де-Жанейрода (2016) жеңіп алған марапаттары әзірге өздерінде қалды. «Әзірге» деу тегін емес. Себебі сол кезде алынған допинг-сынамалардың сақталу мерзімі тек 2026 жылы бітеді, ал оған дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін.

Естеріңізге салсақ, Рио Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттер 1 алтын, 1 күміс және 3 қолаға қол жеткізген еді. Сәл кейінірек олардың қатарына тағы бір «қола» қосылды. Сол баяғы допинг дауынан кейін румындық спортшының жүлдесі біздің Денис Улановқа берілді. Айтпақшы, ол кезде әлгі екеуі бірдей ұпай жинап, румындық спортшы жеке салмағы төмен болғаны үшін ғана жоғары орынға көтерілген еді.

Ауыр атлетиканың қазіргі жағдайы шынымен де ауыр. Токиода өтетін Жазғы Олимпиадада қазақстандық ауыр атлеттер мүлдем медальсіз қалатын түрі бар. Біріншіден, біздің ұлттық құрама допингке қарсы ережелерді өрескел бұзушы ел ретінде екі олимпиадалық лицензияға ғана үміткер бола алады (1 ер және 1 әйел). Жолдаманы әлі жеңіп алу керек. Екіншіден, былтыр Тайландта өткен әлем чемпионатының нәтижесіне қарап, құрамада үлкен сенім артар ешкімнің қалмағанын аңғардық. Сәтсіздікті жаттықтырушылар Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) шектеуімен байланыстырып, спортшылардың жыл бойына халықаралық жарыстарға шықпағанын алға тартты.

Тайланд төрінде жамандыққа қимайтын Илья Ильиннің өзі (96 келіге дейін) екі жаттығуды қосқанда Қытайдан шыққан жеңімпаздан бақандай жарты центнерге қалып қойды. Атап айтсақ, отандасымыз қос жаттығуда бар болғаны 363 келі жинап, 13-ші орынды қанағат тұтты. Мұндай көрсеткішпен Токио Олимпиадасында үздік ондыққа кіру былай тұрсын, Олимпиадаға барудың өзі мүмкін емес. Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимов (81 келіге дейін) соңғы біріншілікте тек 17-ші орыннан көрінді. Жарыс жүлдегерлері одан 40 келіге артық көтерді. Бәсекелестік деңгейі анағұрлым төмен болған салмақта өнер көрсеткен Денис Уланов (87 келіге дейін) әупірімдеп 10-шы орынға ілікті. Үшеуі де Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшылары екенін ескерсек, мұндай көрсеткішпен медальдің ауылы тым алыста екенін болжай беріңіз.

Зульфия Чиншанло да көптің көңілін қалдырды. 2018 жылы Ашхабадта өткен Әлем біріншілігінде 5-ші орынды иеленсе, былтыр Тайландтағы чемпионатта 4-орынға тұрақтады. Онда Ашхабадта топ жарған таиландтық ауыр атлет пен Зульфияның алдын ораған румын қызы болған жоқ. Алайда отандасымыз қос қытайлық қыздан да, Филиппин спортшысынан да айтарлықтай қалыс қалып қойды.

Бокстан жүлде болады

Рио-де-Жанейродағы Жазғы Олимпиададан қазақстандық боксшылар 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль әкелді. Токиода осы нәтиже қайталанса, қуану керек дейді, - спорт сарапшылары. Бұған себеп те жоқ емес. Естеріңізге салсақ, Токио Олимпиадасында бокстағы салмақ дәрежелерінде өзгерістер бар. Атап айтсақ, ерлер 8 салмақ дәрежесі бойынша, әйелдер 5 салмақ бойынша жүлдеге таласады. Бұған дейін ерлер 10, әйелдер 3 салмақ бойынша жұдырықтасып келген-ді. Яғни, ерлер бағдарламасынан 49 және 60 келі салмақтар алынып тасталды. Олимпиада ойындарына бір ел 13 боксшы (8 ер, 5 әйел) қатыстыра алады. Бұрынғы ереже бойынша бір салмақта бір боксшы ғана әр елдің намысын қорғайтын болады.

2020 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Азия/Мұхиттық елдер аймағында іріктеу кезеңі өтеді. Қазақ боксшылары да осы аймақтық жарыста бақ сынайды. Онда ерлер арасында - 41, әйелдер арасында 22 жолдама сарапқа салынады. Жалпы алғанда, Токио ойындарына жолдама үлестірілетін 4 турнир ұйымдастырылмақ.

Былтыр қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында көп сауалға жауап табылды. Отандық боксшылардың әлем чемпионатында көрсеткен өнерін бас бармақпен бағалауға болады. 8 қазақстандықтың алтауы жартылай финалға жетті. Ал Өзбекстаннан бұл кезеңде 5, Ресейден 4, Кубадан 3 спортшы ғана бақ сынады. Алайда жартылай финалда төрт бірдей боксшымыз жолда қалды. Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін) және Тұрсынбай Құлахмет (75 келіге дейін) үндіс және филиппиндіктен таза ұтылғанын мойындау қажет. Василий Левит (91 келіге дейін) эквадорлық боксшыдан жеңілсе де, төрешілердің шешіміне көпшілік қарсы болды. Ал үлкен үміт күттірген Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін) білгенінен жаңылды. Осы салмақта соңғы екі Олимпиадада алтын медаль иеленген Серік Сәпиев пен Данияр Елеусіновтің орнын басады деген сенім зор бұл жігітке. Финалда Қамшыбек Қонқабаев (91 келіден жоғары) өзбекстандық Баходир Джалоловпен күш сынасты. Екінші рет. 2017 жылғы біріншілікте екеуі тең дәрежеде жұдырықтасып, төрешілер жеңісті Қамшыбекке ұсынса, бұл жолы өзбек біздің боксшыдан бір төбе жоғары болғаны рас. Чемпионаттың алтын жүлдесі Бекзат Нұрдәулетовке (81 келіге дейін) бұйырды. Ол ақтық сында Олимпиада чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио ла Крустан басым түсті. Қысқасы, аталған нәтижелерге қарап қазақстандықтардың аяқ алысын аңғара беріңіз. Бұл жолы 2 алтын алсақ, үлкен жетістік деп қабыл-даған дұрыс.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz