Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (пікір әлеуметтік желіден әзірленді): - Еліміздің барлық оқу орын-дарында «Адалдық негіздері» атты міндетті пәнді енгізудің уақыты келді деп есептеймін. Тәрбие тал бесіктен басталады. Адамгершілік қасиет мектеп табалдырығынан қалыптасуы тиіс.

Шәкірттерге жемқорлықтың зиянын түсіндіру арқылы адал қоғам қалыптастыра аламыз. Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде тоқсан сайын «Адалдық сағаты» республикалық акциясы ұйымдастырылып келеді. Оған 3 миллионнан астам бала қатысуда. Бұдан бөлек, білім ошақтарында өздігінен қызмет көрсететін 4,5 мыңға жуық дүкен мен дүңгіршек жұмыс істейді. Ұстаздар мен оқушылар қажетті тауарын алып, кассалық жәшікке ақша қалдырады. Қадағалау жоқ. Бұл жүйе жемқорлық індетінің алдын алып, білім ошақтарында сенім атмосферасын қалыптастырып келеді. Жаңа пән енгізілсе, білім беру мекемелерінде тәрбие жұмыстары күшейе түседі деген ойдамын. Мектеп жасындағы балаларды адалдыққа шақыру арқылы жемқорлықтың жолын кесе аламыз.


Ризабек ИСАБЕКОВ, «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі: - Өз басым бұл ұсынысты қолдаймын. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері бірлесіп, ауқымды шараларды қолға алып келеді. Білім саласындағы қызметкерлерінің көмегімен оқушылар арасында адалдық, парасаттылық сағаттары ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, дәстүрлі «Адал ұрпақ» облыстық фестивалі өткізілуде. Шараға қала мен аудандардан 200-ден астам оқушы жиналып, өз еңбектерін ұсынады. 11-17 жас аралығындағы жасөспірімдер «Жемқорлықсыз өмір – адал өмір» тақырыбында бейнероликтер түсіріп, сыбайлас жемқорлықтың зияны жөнінде жобаларын қорғайды. Аталмыш тақырыпта пікірталасқа қатысып, ойларын да ашық жеткізіп жүр. Осындай ауқымды шара арқылы балалардың бойынан тақырыптың өзегін ашуда талпыныс пен құлшынысты анық көруге болады. Өйткені әрқайсының еңбегі жоғары марапатқа лайық. Сондықтан оқу бағдарламасына да «Адалдық негіздері» пәні енгізілетін болса, оқушылар білімдерін одан әрі арттырып, жаман әдеттен жиренеді деген сенімдемін.


Шырайлым БОРАНБАЕВА, Ақсу қаласының тұрғыны: - Қазіргі уақытта оқушыларға ұсыны- лып жатқан пән көп. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 10-сынып оқушылары «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқуда. 2018 жылдан бастап «Өлкетану» пәні оқытылып келеді. Бұдан бөлек, «Денсаулық - салауатты өмір салтының негіздері» пәнін де енгізу ұсынылыпты. Дене шынықтыру пәніне ұлттық ойындарды қосу да айтылып жүр. Әрбір департамент өз саласына қарай мектеп бағдарламасына пән қоса берсе, бала оқудан жалығып кетпей ме? Қазіргі оқушылардың сабақ кестесі тығыз әрі үй тапсырмалары ауыр. Ұл-қызының жақсы баға алуы үшін ата-аналар да барын салып, көмектесіп жатады. Жоғарыдағы ұсыныстарды естіген сайын қорқа түсетінім рас. Себебі балаларымның болашағы үшін алаңдаймын. Пәндердің көптігінен сабаққа деген қызығушылығы төмендеп кететін сияқты. Бала адалдық, адамгершілік қасиеттеріне отбасында тәрбиелене алады. Әрбір жанұя өз баласына «Біреудің ала жібін аттама», «Өтірік сөйлеуші болма» деген дүниелерді үйрететініне сенімім мол. Одан да жемқорлық тақырыбында қазақша мультсериалдар мен қысқа метражды сериалдар түсірген дұрыс шығар.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz