Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ауылдық елді мекендерде тұрғындар мал жаятын жер таппай қиналуда. Үкімет берілген жерлерді бақылауға алып, жеке азаматтар мал жаюға мүмкіндік алу үшін қажетті нормативті ұстануы керек», деген болатын. Бұл ретте, жерді пайдаланбаған азаматтарға салынатын айыппұлды 20 есеге дейін көбейту ұсынылуда.

Облыстағы төрт түліктің төрттен бір бөлігі Баянауыл ауданына тиесілі екенін ескерсек, онда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі қолға алынуда. Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Мәдениет Ахметовтің мәліметінше, аудандағы 228 шаруаның жері артық, керісінше 241-іне мал жайылымы жетіспейді. Бұл ретте, игерілмеген жерлерді анықтау бойынша тиісті шаралар қолға алыныпты. Мәселен, бүгінде 44 жер учаскесінің (73584 га) пайдаланылмай жатқаны анықталған. 196 шаруашылық жайылым жері бола тұра, төрт түлігін ауылдың ішінде ұстап отырған көрінеді. Оларға ескерту жасалып, биыл сәуір айына дейін ауылдан шығуға уақыт беріліпті.

Өткен жолы баянауылдық шаруалардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Сол кезде ауылдан кетуге ынтасы жоқ шаруалардан «осыншама малды ауыл маңына иірмей, қыр асырып жайлауға неге шығармайсыздар?» деп сұрағанымызда, амалсыздан жан бағып отырғанын алға тартты. Аз уақыттың ішінде мал басын көбейтіп, қора-қопсысын реттеп алған орта дәулетті шаруалардың дені бұл мәселені шамасы жеткенше шешіп алыпты. Ал артық техникасы, тіпті адам күші жоқ шағын шаруаларға төрт түлігін ауыл маңына айнала жайғаннан басқа айла қалмай отыр. Бірақ, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жыртығыңды жамап, жеңілдіктерді тиімді пайдалануға мүмкіндік зор. «Ауылдан қуып жатыр» дегендерге жауап - осы.

Әрине, елді мекендердің маңын өріске айналдырудың зардабын қарапайым тұрғындар тартып отыр. Экологтар адамдар шоғырланған аймақтардағы жер қабатының тозуы белең алғанын айтып, дабыл қағуда. Шынымен де, күн сайын 500 бас қой мен 300 бас сауын сиырдың тұяғы тілгілеген топырақта қандай құнар қалды дейсіз? Шөп-шаламды азық қылған мал жарықтықтың қоңы оңала ма? Баянауылдық ағайын көктем-жаз бойы жайылымда болған малдың қыстамаға кіре сала күй-қоңы күрт төмендеп, аяғы көтерем болып шығатынын жасырмайды. Қыс ішінде жем сатып алып шығынданатындары тағы бар. Кең далада мал бағу бақташыларға да оңай соқпай тұр. Жекеменшікке берілген жерлердің иелері бөгде мал түгіл, жортып жүрген аңды да жолатпайтын көрінеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі 188 млн. га жайылымның тек 80 млн. гектары, яғни 43 пайызы ғана адамдарға қызмет етуде. Ал 27 млн гектар жайылым тозып барады. Сондықтан да, бұл мәселені Мемлекет басшысы назарда ұстап отыр. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев агрокешенді дамыту ісі әкімдердің бас қатыратын басты мәселесі болу керектігін қадап айтқан болатын.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, еліміздегі төрт түліктің басым бөлігі жеке аулада ұсталады. Жайылымдық алқаптарды реттеген жағдайда ғана мал басын көбейтіп, сапалы өнім алуға мүмкіндік зор.

- Жасыратыны жоқ, ірі шаруа қожалықтарының иелігінде жер көп. Оның жартысы игерілмей бос жатыр. Шағын шаруашылықтар болса, мал бағатын жер жоқ деп байбалам салуда. Біз өз тарапымыздан депутаттық сауал жолдап, шамамыз келгенше биік мінбеде ауыл шаруашылығы мәселе- лерінің жиі көтерілуіне белсенді атсалысып жатырмыз, - дейді Н.Әшімбетов.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебі бойынша, әрбір 50 мал басына 500 га жайылым керек. Жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жерлердің тізімі анықталып, тиісті шаралар қолға алынбақ.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz