Жанжал үшін жазаласа...

Павлодар облыстық полиция департа-ментінің басшысы Нұрлан Мәсімовтің айтуынша, өткен жылы сот қарауына тұрмыс мәселесіне қатысты 2518 іс түскен. Оның 1171 немесе 46 пайызы татуластыру шарасымен аяқталған. Өкінішке қарай, отбасындағы кикілжіңді туғызып, бала-шағасының берекесін алатындар мұндай аяушылықтан сабақ алмай, әрекеттерін қайталайды екен. Салдарынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс саны азаймай отыр. Өйткені бар-жоғы 455 адам әкімшілік жазаға тартылыпты...

- Бұл мәселені шешу үшін ҚР Парламент Мәжіліс депутаттарына ұсынысымызды айтқан едік. Отбасы жанжалына жол бергендерге татуластыру шарасын қарастырмауды сұрадық. Бұдан бөлек, пробация есебінде тұрғандарды кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін өз үйлерінен шығуына тыйым салуды заң бойынша реттеуді өтіндік. Есепте тұрғандар аталмыш уақыт ішінде тұрғылықты мекенжайында болулары тиіс. Өйткені өткен жылы өңірде орын алған қылмыстық істердің 42 пайызын бұрын істі болған, жазасын өтемеген азаматтар жасаған. Олар пробация есебінде тұр. Қазіргі уақытта жауапты мамандар шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардың тұрғылықты мекенжайларын толығымен қайта тексеріп, жұмыс орындарын анықтауда, - дейді Н.Мәсімов.

Өткен жылы өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 469 қылмыс тіркелген. Өкінішке қарай, оның 196-сын шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар, бұрын істі болғандар, соттылығы жойылмағандар жасаған екен. Егер отбасында жанжал шығарғандардың ісін айыппұлмен, татуластыру шарасымен шешпей, бірден жазаласа, қылмыс саны азая түседі, дейді мамандар.

Бітімгерлік – дау-дамайдың жүгені

Павлодар қалалық әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаев мұндай ұсыныспен келіспейтінін айтады. Өйткені елімізде істі татуластыру шарасымен шешу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Даудың дауасы – мәміле.

- Тұрмыстық салада орын алатын құқықбұзушылық үшін барлығын жазалай бергеннен ештеңе ұстпаймыз. Сотқа келген ерлі-зайыптының мәселесін медиация тәртібімен шешу оңай емес. Қос тараптың ойы, мәселесі толық тыңдалады. Күйеуі мен әйелін татуластырудан соттың немесе судьяның ісі жеңілдейді деп айта алмаймын. Керісінше, сот отбасын сақтап қалу жолында тер төгеді. Татуластыру кезінде ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіреді. Бұл шешімді өздері қабылдайды. Оларды ешкім күштемейді. Егер тұрмыстық мәселе бойынша жүгінген адамдардың барлығын жазаға тарта берсек, қоғам не болады? Керісінше, ізгілендіру мақсатында медиацияны енгізді. Тәртіп сақшылары өз қызметін жеңілдетіп, қылмыс санын азайту үшін ғана жазалау керек деген ұсыныс тастап отыр. Мен мұнымен келіспеймін, - дейді судья.

Марат Мұсабаев күніне тұрмыстық жанжалға жол берген 10-15 істі қарайтынын айтады. Осыдан-ақ, мәселенің өзекті екенін көруге болады. Судьяның сөзінше, сотқа келетіндердің көпшілігі - жас отбасылар. Олардың басым бөлігі түсініспеушіліктің салдарынан ұрысады. Онымен қоса, жұмыссыздық, тұрғын үй мәселесі бар.

- Отбасы – мемлекетіміздің ошағы. Сондықтан оны сақтап қалудың маңызы зор. Өмір болған соң, түрлі жағдай орын алады. Бастысы, балалар ата-анасымен бірге тұрып, дұрыс тәлім-тәрбие алса екен, - дейді судья.

Қылмысты кімдер қайталайды?

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметін басқару бөлімінің басшысы, әділет подполковнигі Әсет Сатыбалдиннің айтуынша, қазіргі уақытта 1793 адам есепке алынған. Шартты түрде бас бостандығынан айырылғанды дұрыс жолға салу мақсатында жауапты мамандар әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Яғни, жаза арқалағандарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету, заңдық, психологиялық кеңес беру, құжаттарын түгендеу шараларын атқарады. Бұл ретте департамент жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Инспекторлар есепте тұрған адамдарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексереді, әңгімелеседі. Сонымен қатар, туған-туысқандарымен де кездесу өткізеді.

- Аудандармен салыстырғанда, облыс орталығында есепке алынғандардың саны көп. Сондықтан қызметкерлер аптасына екі мәрте полиция бөлімшелеріне барып, учаскелік инспекторлармен бірге жұмыс істейді. Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту үшін өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыстамыз. Мәселен, өткен жылы пробация қызметінің көмегімен «Бастау Бизнес» курсынан 34 адам өтті. Оның ішінде 10 адам жеке кәсіпкерлік ашса, біреуі шаруа қожалығын тіркеді. 13 айыпталушы жалпы сомасы 3 млн. 530 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз грант ұтып алды. Сонымен қатар, 2 адам мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы сомасы 6 млн. 800 мың теңгенің несиесіне ие болды. Бұдан бөлек, жергілікті жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз, - дейді Ә.Сатыбалдин.

Әсет Сатыбалдиннің айтуынша, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар арасында екінші рет құқықбұзушылық әрекетін жасайтындар бар. Қылмысты екінші рет қайталайтындардың ісін сот қарайды екен.

- Көп жағдайда қылмысты бұрын сотты болғандар, пробацияда бірнеше мәрте есепте тұрғандар, ішімдік пен есірткі тауарларына әуес адамдар қайталайды. Жыл басынан бері мұндай әрекетке есепте тұрған 9 адам барды. Ал өткен жылы 54 айыпталушы тағы да қылмыс жасады. Тәртіпке бағынбай, құқық бұзған азаматтардың ісі сотқа жіберіліп, бас бостандығынан айырылады. Сондықтан пробация қызметі айыпталушыларды қоғамға бейімдеу жолында еңбек етіп келеді, - дейді Ә.Сатыбалдин.


Түйін: Медиация істі сотқа жібермей, арадағы дауды бейбіт жолмен шешуді көздейді. Пробация қызметі істі болған адамдарды темір торға қамамай, тәртіпке шақырады. Жаза басқандарды қоғамға бейімдеуде құқық қорғау саласы жұмыс істеуде. Бірақ айыпталушылар «кешірімді» түсінбей, қылмысқа қайта баруда. Мамандар бұл мәселенің түйінін тарқатады деп сенеміз.

 

saryarka-samaly.kz