Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік және механикаландыру бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжановтың мәліметінше, биыл дәнді дақылдар себілетін 300 мың гектардан астам алқапта қар тоқтату жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

- Қазір қардың қалыңдығы облыс бойынша орташа есеппен 30 сантиметрді құрап отыр. Шарбақты ауданында 50 сантиметрге дейін жетеді. Қар тығыз. Егер күн күрт жылынбай, қар суының жерге сіңуі баяу болса, ылғал молынан сақталады. Диқандардың тілеп отырғаны – осы. Бұл бағыттағы жұмыстар ақпан айының соңына дейін жалғасады, - дейді Б.Рахымжанов.

Облыс бойынша 30 шақты шаруа қожалығы қар тоқтату ісін қолға алыпты. Сонымен қатар, техникаларын сайлап көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты жалғастыруда. Ауа райы ыңғайлы болса, наурыз айының соңында егіс науқанына кірісуге болады, - дейді мамандар.

Шарбақты ауданында орналасқан «Победа» ЖШС-нің басшысы Александр Поляковтың айтуынша, қар мөлшері өткен жылмен салыстырғанда әжептәуір көп.

- Былтыр қар аз түсіп, аязды күндер де қар тоқтату жұмысына кедергі келтірген еді. Мұндай жағдайда техника қалыпты жұмыс істей алмайтыны түсінікті. Биыл ешқандай қиындық туындаған жоқ. Қар тоқтату ісі бір бөлек, көктемде жауын-шашын мөлшері молынан болса жақсы болар еді. Әсіресе, мамыр айындағы ауа райы көп нәрсені шешеді, - дейді Александр Поляков.

Жақында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Победа» ЖШС-нің егістік алаңында болып, қар басқан қабатты өлшеген. Нәтижесінде қар тоқтату жүргізілмеген аңыз бен сүдігердің биіктігі – орташа есеппен 25 см, ықтырмалы сүрі – 40 см, қар тоқтату жүргізілген аңыздың биіктігі 40 см-ді құрапты. Ал жиын-терім жұмыстары кезеңінде тарауыш дестелегіш (МОН-4) арқылы масағы ғана жиналып, сабағы қалған егістіктердегі қардың қалыңдығы 55 сантиметрге жеткен. Жалпы, облыс бойынша мұндай алқаптардың көлемі 60 мың гектардың ар жақ, бер жағы. Байболат Рахымжановтың айтуынша, қар тоқтатудың аталған әдісі - екі жұмыс істемеудің амалы. Мәселен, жайқалып тұрған бидайдың сабағы қар ұстайды. Сондықтан қыста ауыл шаруашылығы техникасын қолданып, жанармай шығындап, қар тоқтату жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ.

Естеріңізге салсақ, былтыр аймағымызда 785 800 гектардан 785 800 тонна астық жиналған. Өнімділігі - орташа есеппен гектарына 10,5 центнер.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz