«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әуелі облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовпен Павлодар ауданына қарасты Новочерноярка елді мекеніне барды.

Қалаға жақын орналасқан ауылда бүгінде 16 көппәтерлі тұрғын үйдің жылу мәселесі шешілуде. Бұл үйлерде тұрып жатқан тұрғындар пәтерлерін пеш жағып жылытады. Жұртшылық орталықтандырылған жылу қазандығы болса екен дейді. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта мұнда көпшілік жылдар бойы күткен қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол келешекте әлгі баспаналарды ғана емес, ауылдағы мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория сынды жалпы саны бес бірдей әлеуметтік нысанды жылытады деп күтілуде.

– Бұл жобаның жүзеге асырылуын «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алды, – деп атап өтті Б.Байбек.

Бұдан кейін құрметті мейман полипропилен мен метил-трет-бутил эфирін өндіретін «Нефтехим LTD» ЖШС-нің жұмысшыларымен жүздесті. Тараптар әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді талқылады.

– Қазіргі кезде Павлодар облысы еліміздің өнеркәсіп және энергетика саласындағы көшбасшыға айналды, – деді партия Төрағасының бірініш орынбасары. – Елбасының бастамасы бойынша қолға алынған Индустрияландыру бағдарламасының нәтижесінде өңірде мыңдаған жұмыс орындары құрылды. Аймақта азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар, еңбек етудің жайлы және қауіпсіз шарттарын қалыптастыру қажет. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары кәсіподақтармен бірлесіп, кәсіпорындардың басшылығына қызметкерлердің шағымдары мен өтініштерін жеткізулері тиіс. Кез келген мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл дегеніміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын тәжірибе жүзінде іске асыру болып табылады.

Партия делегациясы облыс орталығындағы Екінші Павлодар шағын ауданына барып, ондағы жеке үйлердің тұрғындарымен кездесті. Мұнда соңғы екі-үш жылдан бері жерасты сулары көтеріліп, әр көктем сайын үйлерге қауіп төндіреді. Биыл қар көп түсті. Сәйкесінше жазғытұрым қар ерігенде баспаналар тағы қиын жағдайда қалуы мүмкін. Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, мәселені шешу үшін аталған аумақта кәріз желісі тартылып жатыр. Бауыржан Байбек партияластарына бұл жұмысты бақылауға алып, желілер сапалы түрде тартылуын қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ бұл күні «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында Б.Байбектің төрағалығымен XXIX кезектен тыс конференция өтті. Шарада аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов партияның облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Бауыржан Байбек жаңа төрағаның жетекшілігімен ұйымның павлодарлық өкілдері азаматтардың мәселелерін шешуді жалғастырып, өңірде жүзеге асырылатын жобаларға партиялық сапалы бақылау жүргізетіндеріне сенім білдірді.

saryarka-samaly.kz