Бұл жөнінде Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Кесененің айналасын абаттандыру жұмыстарын демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Игі іс еліміздің басқа өңірлерінен келетін туристер санын едәуір арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар Баянауылда «Рухани қазына» жобасы шеңберінде Қосым Пішенбаевтың кесенесі ашылған. Оған «Богатырь Көмір» ЖШС, «КВЕ energy» ЖШС сынды ірі кәсіпорындардың демеушілік еткенін айта кеткен жөн.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Екібастұзда атқарылған іс аз емес. Соңғы 3 жылдың өзінде 20-дан астам ауқымды жоба жүзеге асырылған. Еліміздің қасиетті жерлерінің картасы жасалған. Оған кеншілер шаһары аумағынан екі маңызды нысан енген. Олар – Ақкөл-Жайылма қалашығы және Исабек ишан хазірет кесенесі. Ал облыстық картаға «Ақ бидайық», «Әулиекөл некрополь» және «Өлеңті жазбалары» петроглифтері кірген.

- Сакралды орындарды қоршау бойынша жұмыстар жүргізілді. Жаңадан 4 орын анықталды. Атап өтер болсақ, Күреңбай сыншы зираты, Түйте әулиенің қасиетті тасы, Әулиекөл көлі және Амалдық сопы кесенесі. Екібастұздықтарға сакралды орындарды аралау мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде 22 инновациялық, 11 домбыра үйрену және 40 IT-кабинет ашылды. Оған қоса 3 коворкинг-орталық қолданысқа берілді. Қазіргі таңда бұл жерлерде шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен шығармашыл жас өнерпаздар түрлі форматтағы шаралар өткізуде, - дейді қала әкімі Е.Иманзайыпов.

«Ұлы дала әуені» жобасы іске асырылған. Ұйымдастырушылар өскелең ұрпақ бойында ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілік қалыптастыруды көздеген. Осы бағытта этнофольклорлық ансамбль құрылып, интерактивтік кабинет ашылыпты. Кабинет бағзы заманнан қалған бабалар тілі – тасқа қашалып жазылған таңбалармен безендірілген.

Екібастұздықтар «Мыңнан тұлпар» жобасы аясында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ден қоймақ. Әсіресе, жамбы ату, шөген ойындарына мән беріледі.

Жалпы, Екібастұз қаласында былтыр 175 шара өткен.

- «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы – ұзақ мерзімді жоба, сондықтан да оны жүзеге асыруда асығыстық танытпау керек. Екібастұз өңірінде бұл бағдарлама аясында жүйелі жұмыстар жасалуда. Алға қойған жоспарлар да аз емес. Іске асатын жобалардың жұмыс жоспары бекітіліп, тиісті шаралар атқарылуда. Ең бастысы - сапалы әрі жақсы нәтижеге қол жеткізу, - дейді қала әкімі.

 

Жансері СЪЕЗБЕК

saryarka-samaly.kz