Әуелде Сырымбет батырдың жерленген зираты Павлодар ауданының Шақат ауылдық округіне қарасты Маралды ауылының маңында орналасқан деген дерек қарастырылған. Осылайша кезінде Абылай ханның жанында жүріп жауға қарсы ерлігімен даңқы жайылған хас батырдың мазары облыстық маңызға ие сакралды орындар тізіміне енгізілген болатын.

ХVIII ғасырда қазақ-жоңғар соғысында ерлігімен танылған Сырымбет батыр туралы ауыз әдебиетінің білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, ғалым-этнограф Шоқан Уәлихановтардың деректерінде айтылған, ХХ ғасыр басында ол туралы «Батыр Баян» дастанында ақын Мағжан Жұмабаев жырлаған. Сырымбет батыр туралы алғаш Ш.Уәлиханов «Исторические предания о батырах XVIII века» атты еңбегінде жазған. Ол Сырымбеттің ерлігі туралы мәліметті Тәтіқара ақынның жырларынан алғанын айтады. Тәтіқара ақынның бізге жеткен төрт толғауының бірінде Сырымбеттің аты аталады:

...Көп қалмақтың жылқысы,

Тұрымтайдай құнысты

Бәсентиін Сырымбет,

Оны да мен ер көрдім

Оқ жіберіп ұрысты...

Мағжан Жұмабаев өзінің «Батыр Баян» поэмасында жырға қосқан Қытай мен қазақтың соғыстарында Абылайдың жанында серік болған бәсентиін Сырымбет батыр туралы:

«Майданда от шашқандай оқ шашатын,

Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет.

Осындай өңшең көкжал жиылыста,

Күңіреніп жолбарыстай – «жау қайда?» — депті.

«Айбын» энциклопедиясында (Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет) келтірілгендей, Сырымбет батыр ұрпақтары қазіргі Павлодар облысы Май ауданында тұрады.

Әрине, Сырымбеттей атақты батыры-мыздың жерленген орны сакралды орындар тізіміне енгізілуі - құба-құп жағдай. Айтқандай, бастапқыда батырдың зираты Маралды көлінің арғы бетінде сұлтан-батырлар жерленген төбеде деген пікір айтылған. Осының негізінде, Сырымбет батырдың мазары аумағы жағынан Павлодар ауданының картасына кіргізілген.

Алайда, Павлодар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Рақымжановтың мәлімдеуінше, батырдың моласы Павлодар ауданының аумағында емес. Оған негіз болып отырған дерек - Ә.Даулыбаев, С.Белгібаев, Қ.Болатханов, М.Победоносов секілді Маралды ауылының сексен жастағы ақсақалдарының сөздері. Жергілікті әкімнің қолы қойылған хатта аталмыш ақсақалдар келіп, ауыл маңында батырдың зираты болған емес деген әңгімелерін жеткізген.

Бұдан соң аудандық мәдениет бөлімі облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне сұрау салған.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінен келіп түскен жауап-хаттың мәтінін келтіреміз:

«Сіздің «Сырымбет батырдың жерленген жері» туралы сұрауыңызға сәйкес, қордағы Бұқар жырау Қалқаманұлы, Тәттімбет ақын, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлкей Марғұлан, Қалмұқан Исабаев және өлкетанушы Дәурен Аяшиновтың еңбектері мен шығармаларын қарастырып, мынадай тұжырымдама шығардық:

Бұқар жыраудың, Тәттімбет ақынның жырларында Сырымбет батырдың ерлік-батылдығы жиі келтірілген. Мәшһүр Жүсіп: «Сырымбет Бәсентиіннің Сәмек атасынан шыққан. Кешегі Жәнке де, Нұрташ молдалар да - осының ұрпағы» дейді. Әлкей Марғұлан, Қалмұқан Исабаев еңбектерінде: 1742 жылы ханмен бірге Ресей азаматтығын қабылдау туралы өтінішке Орта жүз старшындары қол қойған. Тізімде Бәсентиін руынан Сарымбет батыр (орыс құжаттарында Сырымбетті Сарымбет деп жазған). Сырымбеттің қатысу фактісі оның Ресейге жақын орналасқанын дәлелдейді» делінген. Ал өлкетанушы Дәурен Аяшиновтың келтірген мәліметтерінде ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатында Ертістің сол жағасында дәл Қалқаман көлінің (Павлодар қаласының оңтүстік-батыс жағы, Қарқаралыға барар жол) қасында Сырымбет батырдың моласының бар екендігін және 1848 жылы сол өңірде Сәмек руының қоныстанғанын және тізімде (15 отбасы) Сырымбет батырдың немерелерін көреміз: «Шал Бәйтерек, Беркенді Бәйтерек, Манабай Күсеміс. Бұл жер - Сырымбет батырдың ата-қонысы. Сол секілді, Сырымбет батырдың зиратының қасындағы құдықтың атауы да оның есімімен аталады» деп жазған. Осы дерекке қарап, бұл жерге Сырымбет батырдың тек жерленіп қана қоймай, көп уақыт осы жерде өмір сүргенін дәлелдейді. Музей басшысы Ж.Молдабеков».

Бұл хаттан басқа қоса ұсынылған Д.Аяшиновтың карта-сызбасымен бірге берілген дерегіне көз жүгірттік. Мәтіні орыс тілінде жазылған, тәржімалап ұсындық:

«Сырымбет-молла. Көлден шығысқа қарай нақты 6 шақырым (бірінші 1878 жылғы еківерстты карта және кейінгі 1926 жылғы карта бойынша) Сырымбет зираты белгіленген. Мен осы зират Сәмек руынан шыққан Сырымбет батырдың моласы деп сеніммен болжап айта аламын. Сәмек руы 1802 жылға дейін осы аумақта өмір сүрген. Бұл жерде Сырымбет батыр тұрған. Үнемі Абылайханмен және оның туысы Сұлтанмәмет баһадүрмен бірге жүрген. Кейін Сұлтанмәмет ұрпақтары Маралдыға қоныс аударып, Сәмектермен бірге Сәмек-Бәсентиін болысын құрады (Сұлтандар Шаншаровтар, Уурусовтар, Тәтеневтер) 1742 жылы Орта жүз старшындарының біраз бөлігі ханмен бірге Ресей бодандығын мойындап, үндеуге қол қояды. Тізімде Бәсентиін руынан Сарымбет батырды көреміз (барлық орыс құжаттарында Сырымбет Сарымбет деп жазылған, карталарда да дәл солай). Ол жағдай Сырымбеттің Ресей шекарасына жақын екенін растайды» дей келе автор ҚР Орталық мұрағаттан тапқан деректеріне сілтеме жасап, Сырымбет батырдың ата қонысы Ертіс өзенінің сол жағасында, Қалқаман көлінің жанында деген тұжырым жасайды. Сондай-ақ Сырымбет зиратының жанында сондай атаумен құдық барын, бұл батырдың ұзақ уақыт осы жерді мекендегенін білдіреді деп болжайды.

Жоғарыдағы деректерге сүйене келе, Павлодар ауданы әкімдігі қасиетті жерлердің аймақтық картасына өзгертулер енгізуді сұрап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі аймақтық сарапшылық кеңеске шығып отыр. Яғни, Сырымбет батырдың жерленген орны – кейінгі мәліметтер бойынша, Қалқаман кенті маңында, Ақсу қаласының ауылдық аймағында жатыр.

Бірақ, Сырымбет батырдың зираты Павлодар ауданына қарасты Маралды жерінде емес, Ақсу қаласына жататын Қалқаман кентінде деп бір кеңестің шешімімен өзгерте салу мүмкін емес. Батырдың жерленген орнына байланысты деректердің сәйкессіздігі ең алдымен бұл мәселеде терең ғылыми зерттеу қажеттігін көрсетеді.

Сарапшылар бірауыздан бұл мәселеде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасы жанынан ғылыми жұмыс тобы құрылып, ізденіспен айналысуы керек дегенге тоқтады. Содан шыққан қорытынды бойынша Сырымбет батырдың жатқан жерін анықтауға болады. Әйтпесе, бізде әдебиеттегі деректер ғылыми негізде болмайтыны белгілі.

Сараптамалық кеңестің мүшесі, белгілі археолог ғалым Тимур Смағұловтың пікірінше, қазір би-батырлардың жерленген орнын ғылыми негізде айқындау үшін заманауи технологияларды қолдануға болады. Тіпті, сүйектердің зерттеуін жүргізуге мүмкіндік бар. Әйтпесе, бізде шамамен осы жерде атақты қайраткер жерленген деп басына белгі қойып, сосын ас беру секілді рәсімді өткізушілер баршылық. Шын мәнінде, бұл орында жерленген адамды нақты дәлелмен анықтау керек. Бұл - ұрпақ үшін керек дүние.

saryarka-samaly.kz