Мұндай мәліметті индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Данияр Андасов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Аталмыш мекеме қауіпті техникалық құрылғылар қолданылатын кәсіпорындарды қадағалайды. Аймағымызда мұндай санатқа жататын 146 кәсіпорын бар. Оларда шамамен 15 мыңға жуық қауіпті қондырғылар жұмыс істеп тұр.

Былтыр мамандар өнеркәсіптік кәсіпорындарда айрықша тәртіп бойынша 58 және алдын алу мақсатында 30 тексеріс өткізген. 752 қауіпті өндірістік объектіні тексеріпті. Айта кету керек, департамент қызметкерлері кәсіпорындарда тозығы жеткен жабдықтардың уақытылы ауыстырылуын қадағалайды. Мәселен, былтыр мұндай 199 шара жоспарланыпты. Бірақ кәсіпорындар оның 145-ін орындаған. Қалғанының орындалмау себебін өнеркәсіптердің басшылығы жабдықтарға тапсырыс беру және жеткізушіні таңдау сынды рәсімдер көп уақыт алатынымен байланыстырған. Сондықтан бұл жұмыстарды «Қазақстан алюминийі» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты, «ЕЭК» АҚ кәсіпорындары биыл атқаруды межелеп қойыпты.

Сонымен қатар, аймақтың өнеркәсіптерінде 49 оқиға, яғни, жабдықтар жұмысының бұзылуы тіркелген. Мұндай жағдайда технологиялық жабдықтарды шұғыл тоқтатуға тура келеді. Мамандардың мәлімдеуінше, көбінде қондырғыларда механикалық, тотығудан тозу жағдайлары жиі орын алады. Су-химиялық режимдерді сақтамаудан осындай олқылықтар тіркелетін көрінеді. Сондай-ақ, кейбір жабдықтарды жөндеу, дәнекерлеу, монтаждау жұмыстарын мердігер компаниялардың сапасыз жүргізуі де себеп болады. Өткен жылы мұндай оқиғалар «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның жылу электр орталығында, «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай-құбыр басқармасында, «Нефтехим LTD», ПМХЗ, «Богатырь Көмір» және «ЕЭК» АҚ-қа қарасты «Шығыс» кенішінде орын алған.

Д.Андасовтың айтуынша, өткен жылы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің сақталмауынан бір апат орын алған. Бұл жағдай «Технологиялық желілер» ЖШС-інде тіркеліпті. Фирмада индукциялық пештің қаптамасында түзілген сызат апатқа әкелген. Салдарынан бір адамды күйік шалып, ұзақ уақыт ем қабылдауға тура келген. Ал екінші қызметкер дәрігердің тексеруінен кейін үйіне жіберілген. Аталмыш апат бойынша кәсіпорынның кінәсі толық анықталыпты. Тергеу нәтижелеріне қарап департамент атқарылуы тиіс іс-шаралар жоспарын түзген. Жоспардан тыс тексеру жүргізіп, фирма кемшіліктерді жойғанға дейін жұмысын тоқтатқан.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz