Қытайда туып-өскен Санат Жанат балалары тарихи Отанда емін-еркін жүріп, туған тілін, ділін жетік білуі үшін өткен жылы Павлодар облысына қоныс аударды. Атап айтқанда, бұған дейін туыстары орныққан Май ауданына бет алды. Жергілікті билік баспанамен қамтамасыз етіп, қандастарға қарастырылған қаржылай қолдау көрсетті. Май ауданының тұрғыны атанған Санат бірден кәсібін жалғастырудың тетіктерін қарастырып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегіне жүгінді. Сөйтіп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында білім алып, кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйренді.

- Санат бұған дейін де ағаштан түрлі бұйымдар, жиһаздар жасағандықтан, оқу барысында қандай да бір қиындықтар туындаған жоқ. Өз өнімін сату, салық, басқа да міндетті төлемдерді жасау, бәсекеге қабілетті болу бағытында ақыл-кеңестерімізді айтып, бағыт-бағдар көрсеттік. Ынта-жігері жоғары азамат сабақтарға тұрақты қатысып, қолынан іс келетінін көрсетті, - дейді бизнес-тренер Ақмарал Сайтқұлова.

Санат ағаштан жиһаз жасауға қажет кейбір құралдарын Қытайдан ала келгенімен, толыққанды шеберхана ашуға мүмкіндігі болған жоқ. Сондықтан «Бастау-Бизнестегі» оқуын аяқтап, қолына сертификат ала сала «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға өтініш берді. Май ауданы үшін тың кәсіп саналатын ағаш шеберханасы жобасы комиссия мүшелері тарапынан қолдау тауып, 3 млн. теңге көлемінде грант иеленді. Бұл қаржыға ағашты жону, оған ою-өрнек салуға қажет құрылғы сатып алды. Осылайша, өткен жылдың қазан айында цех өз жұмысын бастады.

- Қытайда 10 жыл ағаштан бұйымдар, тұрмыстық заттар жасадым. Бірнеше қалада жұмыс істеп, кәсібімнен табыс таптым. Ал атамекенге келгелі екінші тынысым ашылғандай болды. Себебі, бұған дейін өзге елде болмаған зор қолдауды сезіндім. Мемлекет еңбек етіп, өз ісімді ашуым үшін көп көмек көрсетті. Қайтарымсыз қаржы мен аудан орталығындағы колледждің гаражын тегін берді. Мұнда кәсібімді дөңгелетіп отырғаным үшін ешқандай ақы төлемеймін. Осындай мүмкіндіктер берілген тұста мүлт кетпеуім тиіс. Тұтынушылардың көңілінен шығатын сапалы өнімдер жасап, нарықтан ойып тұрып орын алсам деймін, - дейді кәсіпкер.

Май ауданында бұрын-соңды мұндай ағаш шеберханасы болмағандықтан, тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Әсіресе, ас үй, жатын бөлме, қонақ бөлмелер жиһаздарын дайындауға қатысты тапсырыс көп түседі. Кәсіпкер қажетті шикізаттың барлығын облыс орталығынан сатып алады. Жұмыс тапсырыстың көлемі мен қиындығына қарай бірнеше апта уақыт алады. Бұл ретте «Көктүркі» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Санат Жанат екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын атап өту керек. Көмекшілерімен бірге ағаштан түрлі жиһаз жасап қана қоймай, оларды жөндеумен де айналысады.

Алдағы уақытта Май ауданының шеңберінде шектеліп қалмай, облыс орталығында да цех ашуды қалайды. Осылайша, тұтас өңір тұрғындарының талғамына сай келетін жоғары сапалы жиһаздарды дайындауды көздейді.

saryarka-samaly.kz