Менің атам Құдайберген Қапсалямов - Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен азамат. Ол 1943 жылдың қаңтар айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, сәуір айында соғысқа аттанған екен. Майдан даласында атам бірнеше жауынгерлік тапсырмаларды мұқият орындып, жауды тізе бүктірген. Оның айтуынша, Варшава және Познань қалаларындағы шайқасқа қатысқан. Кейін қайсарлығының арқасында майдандастарымен бірге фашистерді жеңеді. Ол Берлинді басып алуға үлес қосқаны үшін түрлі деңгейдегі медальдармен марапатталды.

Атамның өмірбаянына тоқталар болсам, 1925 жылы Тереңкөл ауданының Федоровка ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Құдайберген атам Ақсу қаласында тұрады. Жасы - 97-де. Соғыстан кейін үйге аман-есен оралып, полиция қызметкері болып жұмыс атқарған. Оның екі баласы, сегіз немересі бар.

Атам айтқандай, елімізде ешқашан соғыс болмасын, балалардың ұйқысы тыныш болсын! Біздің ортамызда ақылшы қария болып жүре бер, аташым!

Айзада ТОҚТАМЫСОВА, №2 орта мектеп оқушысы.


Мақтанышым!

Менің атам - Жұмабаев Сейітқазы Ақтайұлы. Ол 1914 жылы Баянауыл ауылында туған. 1936 жылы әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Благовещенск қаласында қызмет етіп, кейін шайқасқа қатысқан екен. 1939 жылы Карелия шыңына соғысқа жіберілді. Сломинск, Орше, Вязьма, Борисов маңындағы шайқастарда ерлік көрсетіп, елімізді қорғаған. Батыс және Калинин шайқастарында да жауға қарсы тұрып, осы жерде жараланып, емдеуге жіберіледі. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін атам «Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», «Александр Невский», «Ленинград қаласын қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Мен өзімнің арғы атаммен мақтанамын және барлық ардагерді Жеңіс мерекесімен құттықтаймын!

Фариза ИМАНҒАЛИ, Б.Момышұлы атындағы №22 орта мектеп оқушысы.


Ардагерлерді ардақтайық!

Біз үшін соғыс ардагерлерінің алар орны ерекше. Себебі, олар фашистік Германиядан туған жерін қорғау үшін кеуделерін отқа төсеп, жан аямай шайқасты. Сонау зұлмат жылдарында бүкіл ел болып, тіпті, әйел мен балалар да қара жұмысқа жегілді. Барлық отбасындағы ер азаматтар соғысқа аттанды.

Ұлы Жеңіске зор үлес қосқандардың ішінде менің аталарым да бар. Сол кезде он сегіз жасқа жаңа толған жас жігіт Төлеу атамның ерлігін зор мақтанышпен айтамын. Ол майданда жаумен шайқасып, біздің бақытты балалық шағымыз үшін мол тер төкті. Ал нағашы атам Тоқтамыс болса, Сталинград түбегіндегі шайқасқа қатысып, жау қолынан қаза тапқан екен.

Жыл сайын Жеңіс мерекесін отбасымызбен қарсы аламыз. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығында бізге осы бақытты өмірді кім сыйлағанын кішкентай жүрегімізбен түсініп, ержүрек ата-ағаларымыздың рухына бас иеміз.

Айзере ШАЙХЫСҚАҚ, Б.Момышұлы атындағы №22 орта мектеп оқушысы.


Жеңіс туы желбірей берсін!

Қазір біз бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Оның барлығы ержүрек аталарымыз бен әжелеріміздің арқасы деп білемін.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Батыл аталарымыз елімізді жаудан қорғап, жеңісті қолдан берген жоқ. Біз майдангер аталарымызды құрметтеп, сол кісілер сияқты өз еліміздің патриоты болуымыз керек.

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне орай елімізде көп іс-шара өткізіледі. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. М.Катаев атындағы оқушылар сарайында бұл айтулы шараға арналып мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері «Ұлы жеңіске 75 қадам» атты челлендж бастады. «Жеңіс туы, желбіре!» атты мерекелік концерт жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Палитра» және «Сымбат» жас суретшілер студияларының тәрбиеленушілері «Жеңіс - бала көзімен...» атты суреттер көрмесін өткізді.

Соғыста ерлік көрсеткен майдангерлердің есімдерін, еңбектерін ешқашан ұмытпаймыз.

Бахтияр ДАНИЯЛОВ, Б.Момышұлы атындағы №22 орта мектеп оқушысы.

saryarka-samaly.kz