Өткен жылдың қыркүйек айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақсу қаласында өмірлік қиын жағдайдағы бейәлеуметтендіру және бейімдеу орталығы өз жұмысын бастады. Мұнда тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар бір жылға дейін тұра алады. Жатын орындар, төрт реттік тамақ, киім-кешек - барлығы тегін. Қазіргі таңда 20 орындық орталыққа 26 адам орналасқан. Себебі, сұраныс жоғары, дейді жоба жетекшісі, орталық құрылтайшысы Эльмира Салықпаева.

- Шыны керек, соңғы уақытта барар жері, басар тауы жоқ адамдар қатары көбейіп келеді. Олардың арқасүйер жақыны, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжаттары болмағандықтан, көшеде өмір сүруден басқа амалы қалмайды. Көп жағдайда мұндай адамдарды полиция және әлеуметтік қорғау саласының мамандары бізге әкеліп, орналастырады. Олардың басына түскен ауыртпалықтарға бейжай қарамай, қол ұшын созып, өмірден өз орындарын табуына көмектесеміз, - дейді Э.Салықпаева.

Орталық мамандары қолдаусыз қалған жандардың құжат алып, жұмыс табуы үшін аянып қалмайды. Сондай зор қолдауды көргендердің бірі - Виталий Шакуров.

- Түрлі жағдайға байланысты құжатымды жаңарта алмадым. Қолымда тек КСРО кезінде берілген жеке куәлік болды. Бейімдеу орталығына келген соң мамандар көмек көрсетіп, тез арада құжаттарымды дайындап берді. Жұмыс табуға да қол ұшын созды. «Виктория» пәтер иелері кооперативінде слесарь болып тұрақты қызмет атқарып жүрмін. Сол үшін орталық мамандарына алғысымды білдіремін. Енді баспана мәселесін реттеп, аяққа нық тұрсам деймін, - дейді В.Шакуров.

Орталықта ер және әйел адамдарға арналған бірнеше бөлме, асхана, демалыс орны бар. Жұмыстан бос уақытта кітап оқып, ғаламторды пайдаланып, спорт түрлерімен айналысады. Орталық басшылары сәуір айында шеберхана цехын ашып, пана іздеп келгендерді түрлі заттан бұйым жасау ісіне баулымақ.

Осы орайда Эльмира Салықпаева ақсулықтардың жанашырлығы мен қамқорлығын ерекше атап өтті. Волонтерлар мен тұрғындар киім-кешек, күнделікті қажеттіліктер әкеліп, мүмкіндігінше қол ұшын созуды дәстүрге айналдырыпты. Орталық пен қарапайым тұрғындар көрсететін осындай зор қолдау азаматтардың жағдайы жақсаруына оң ықпал етеріне сенім мол.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz