Н.Назарбаев қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемле-кеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралғанын атап өтті.

- Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді. Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс – шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде. Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі болып отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Әбішұлы осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды.

Ел билігі коронавирустан қорғану үшін алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдағанын да еске салды. Осы ретте, төтенше жағдайдың жариялануын маңызды әрі қажет қадам деп бағалады. Азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалып жатқанын да атады. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бәрі орындалуда, деді. Отандық кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп, жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынып жатқанын айтты.

Елбасы қазіргі дағдарыс ұзақ уақытқа созылатын болса, Үкімет оған қарсы шаралар әзірлеуі тиіс, деді. Бұл ретте, халықты үнемшілдікке, орнықты даму бағдарына шығуға дайындау қажет. Осынау сын сағатта қазақстандықтарды ортақ істен сырт қалмауға шақырды. Бәрін еңсеруге мемлекеттің ғана күш-жігері жетпейтінін ескертті. Әрбір азамат қолынан келетін үлесін қосуы қажет.

Осы ретте, қиын кезде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын республикалық қор құруды ұсынды. Мұндай қорларды әрбір облыста құру қажет. Елбасы көптің жұмыла жәрдемдесуінің жарқын үлгісі ретінде Арыстағы апаттың салдарын жоюда көрінгенін атап өтті.

Қазіргі таңда ел-жұртқа қол ұшын созып жатқан жомарт жандарға алғысын айтты. Компаниялар өз қызметкерлеріне қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдесетініне сенім білдірді. Жалдамалы жұмыскерлерді жұмыстан шығармауға шақырды.

Елбасы бүгінгі күні ең алдымен аса мұқтаж жандарға, үлкен кісілерге көмек көрсетілуі тиіс, деді.

Nur Otan партиясының жобалары аясында 150 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Н.Назарбаевтың шешімімен Тұңғыш Президент қорынан 200 млн. теңге бөлінді.

«Алдыңғы шепте» жүрген ақ желеңділер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қолдау қажет. Оларға түсіністікпен қарауға үндеді. Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туғанын айтты.

- Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз. Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін, - деді Н.Назарбаев.

Тұңғыш Президент күрделі ахуалдан шығуға еліміздің қажетті ресурсы да, қоры да жеткілікті екенін мәлім етті. Бұл – «алдымен экономика, сосын саясат» қағидасының жемісі. Барлық азаматтарды төзімділік танытуға, мемлекет қабылдаған шараларды қолдауға шақырды. Бірлік барда алынбайтын асу жоқтығын еске салды.

- Келе жатқан Наурыз мейрамы – біздің бірлігіміздің нышаны. Шуақты мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық пен игілік тілеймін! Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей. Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін, - деп түйіндеді Елбасы үндеуін.

 

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz