Айгүл, Ақсу қаласы:

- Көпбалалы анамын, Ақсу қаласында тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бірнеше жылдан соң қызым  мектеп бітіріп, Павлодар қаласында оқымақ. «Бақытты отбасы» арқылы баспананы облыс орталығынан ала аламын ба?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Бұл бағдарлама арқылы баспананы аймақ тұрғындары облыс көлемінде ала алады. Яғни, сіз Ақсуда кезекте тұрсаңыз, жолдаманы Ақсудан аласыз да, біздің банкке келесіз. Бұл жерде пәтер құнының кем дегенде 10 пайызы мөлшерінде алғашқы жарнасын жинауыңыз керек. Одан кейін төлем қабілетіңіз тексеріледі. Ортақ табысты отбасының әр мүшесіне бөлгенде сома 62 366 теңгеден аспауы тиіс. Бұл - елімізде белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі есенленген мөлшері. Керісінше, табысы жетпеген жағдайда кепілдікке қосымша адам алуға болады.

Тілші:

- Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталғаны белгілі. Қашанға дейін құжат қабылданады? Облысымызға бөлінген лимит санына тоқталсаңыздар.

Ақерке ЕЛАМАНОВА:

-  Биыл  бағдарламаның бірінші кезеңі басталды. Наурыздың 12-19 аралығында құжаттар қабылданды. Одан кейін комиссия қарап, іріктеп, жолдама береді. Қазіргі елдегі жағдайға байланысты жолдама үлестіру уақыты 15 сәуірге шегерілді. Бүгінде  380 адам құжат тапсырды. Жалпы, облысқа берілген лимит – 248. Ал Павлодар қаласына 125 жолдама берілді. Оның 56-сы - көпбалалы отбасыларға, 66 жолдама толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға үлестіріледі. Бұл бағдарлама арқылы аталған үш санаттағылар баспана ала алады. Жолдама беру кезінде тиісті заңға сәйкес азаматтардың кезегі де ескеріледі. Пәтерді  жаңа үйлерден немесе екінші нарықтан алуға болады. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиені 20 жылға дейінгі мерзімге, жылдық 2 пайызбен береді. Өтініш беруші міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Оның соңғы алты айдағы еңбекақысы ескеріледі. Толық емес отбасылар үшін неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзім өтуі тиіс. Былтыр 191 отбасы осы бағдарлама бойынша пәтерлі болды.

Тілек:

- Алғабас ауылынанмын. Ақсу қаласында тұрғын үй кезегінде тұрмыз. Жолдасым екеуміз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» қаржы жинап жатқанымызға екі жыл болды. Павлодардан «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтер алайық дегенбіз. Естуімізше, биыл банк салымшылары бұл  бағдарламаға қатысуы үшін міндетті түрде қалада пәтер кезегінде тұруы керек екен. Енді біз қандай бағдарламаға қатыса аламыз?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Ол рас, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасына басында баспанасы жоқ кез келген салымшымыз қатыса алатын.  Ал бұдан былай жаңа үйлерден үлестірілетін пәтерлерге қол жеткізу үшін азаматтар жергілікті атқарушы органның тұрғын үй кезегінде тұруы тиіс. Бірақ, мұнда міндетті түрде қалада кезекте болуы қажет деген талап жоқ. Яғни, сіз Ақсуда немесе ауылда пәтер кезегінде тұрып та, біздің банк арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасының конкурсына қатысып, Павлодардан баспаналы бола аласыз. Сонымен қатар, ортақ кірісті бөлгенде отбасының әр мүшесіне тиесілі табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселік мөлшерінен аспауы керек.

Балжан:

- Анам 6 бала дүниеге әкелген. «Күміс алқа» иегері. Үлкен ағам 10 жыл бұрын қайтыс болды. Бес баласы есейіп кетті. Жасы – 70-те. Анам ауданда тұрғын үй кезегінде тұр. Ол көпбалалы  ана ретінде «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса ала ма?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Ипотекалық несие беруде өтініш берушінің жасы ескеріледі. Анаңыз 70 жаста болғандықтан қатыса алмайды. Банктің ішкі талаптары бар. 65 жасқа дейін қарастырылады. Оған қоса көпбалалы ананың балалары да кәмелеттік жастан аспауы қажет.

Арман:

«Өз үйім» бағдарламасы биыл аймағымызда қашан басталады? Қатысу үшін күтіп жүр едік...

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Әлі басталған жоқ. Ол үшін жеке құрылыс фирмалары мен жергілікті атқарушы орган арасында келісімшарт жасалады. Содан кейін әкімдік ол үйді «Өз үйім» бағдарламасы бойынша сатуға біздің банкке өткізеді. Әзірге бізге мұндай өтініш түскен жоқ. Болған жағдайда ақпарат сайтымызға жарияланады.

Қанат:

- Пәтер кезегінде тұрған жоқпыз. Екі балам бар. Әйелім екеуіміз де жұмыс істейміз. Отбасымыздың табысы – 240 мың теңге. Мұндай жалақымен «7-20-25» бағдарламасы арқылы екінші нарықтан екі бөлмелі пәтер ала аламыз ба?

Дихан ТӨКЕНОВ:

- Ең алдымен айта кетейін, бұл бағдарлама арқылы тек бастапқы нарықтан ғана пәтер алуға болады. Яғни, ескі пәтерлер алуға болмайды. Екінші деңгейлі банкке барып, есептетіп көргеніңіз жөн болады. Төлем қабілетіңіз жетсе болғаны. Сондай-ақ, отбасылық табысты барлық мүшелеріне бөлгенде әрқайсысына тиесілі сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 5 еселік мөлшерінен артпауы тиіс. Ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі таңда - 31 118 теңге.

Айта кету керек, былтыр бағдарлама қолға алынғаннан бері аймағымызда 652 өтініш түсіп, 365-сі мақұлданды.

Ринат:

- Әпкем мемлекеттік қызметші ретінде пәтер кезегінде тұр. Бірақ, жалғызбасты ана. Өзі ғана баласын асырап отыр. Ол «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы бола ала ма?

Ақерке ЕЛАМАНОВА:

- «Бақытты отбасына» жоғарыда айтылған үш санаттағы азаматтар ғана қатыса алады. Егер әпкеңіз толық емес отбасы саналатын әрі баласы кәмелеттік жасқа толмаған болса, онда ол халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы толық емес отбасы ретінде кезекке тұруы тиіс. Содан кейін қатыса алады.

Тілші:

- «Әскери баспана» бағдар-ламасы былтыр қолға алынғаны белгілі. Биыл жалғасын таба ма?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Ағымдағы жылы да жалғасуда. Мұнда пәтер әскери қызметкерлерге 8 пайызбен беріледі. Бұл сала мамандарына ведомство атынан баспана төлемі жасалатыны белгілі. Арнайы шотқа түскен қаржыны банкке салып, жинаушылар тізімі жасалады. Олар пәтер құнының кем дегенде 15 пайызы көлемінде алғашқы жарна жинауы тиіс. Қаржысы көбірек жиналғандарға ұялы телефонына хабарлама жіберіледі. Ол екі ай ішінде банкке келіп, өтініш жазып, пәтер ала алады. Былтыр еліміз бойынша бірден 50 млрд. теңге бөлінсе, биыл әр айға 5-6 млрд. теңге шамасында қарастырылып отыр.

Алуа:

- Әпкем көпбалалы ана ретінде Павлодар қаласында пәтер кезегінде тұр. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан «Бақытты отбасы» арқылы баспана алуға бола ма?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Облысымыздың аумағында пәтер кезегінде тұрып, Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер алу мүмкіндігі жоқ. Елордадан баспаналы болуы үшін ол сол әкімдік кезегінде тұруі тиіс.

Жәзира:

- Бауырым үш жыл бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтер алды. Енді алдағы үш жылын толық өтеп тастамақшы. Сіздерде ипотекалық қарыз ерте өтелсе, артық төленетін сома мөлшері азая ма?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Әлбетте, азаяды. Банкімізде тек алғашқы жарты жылға мерзімінен бұрын төлеуге мораторий бар. Одан кейін кез келген уақытта толық жауып тастауға рұқсат. Бауырыңыз несиесінің алдағы үш жылына есептелген пайызын төлемейді. Дегенмен, экономикалық тұрғыдан алғанда жеңілдікті мұндай ипотекалық несиелерді мерзімінен бұрын төлеу аса тиімді емес. Себебі, инфляция жұтып қояды. 

Жұлдыз:

- Басқа банкте ипотекалық несием бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қайта қаржыландыруға бола ма?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Бізде мұндай мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін басқа банкте қалған негізгі қарызыңыздың 50 пайызын бізге салуыңыз керек. Содан кейін қалған соманы төмен пайызбен есептеп береміз.

Марат:

- 5 жыл бұрын «Нұрлы жермен» 1 бөлмелі пәтер алдым. Бір жылдан соң ипотекам аяқталады. Осы пәтерімізді кепілге қойып, сіздерден екінші нарықтан баспана ала аламыз ба?

Сәуле ҚАБЫЛБЕКОВА:

- Біздің банк арқылы екінші нарықтан пәтер ала аласыз.  Бірақ, міндетті түрде пәтер құнының 50 пайызын жинауыңыз керек. Пәтерді кепілге қойып қана алу мүмкін емес.


Түйін:

«Тікелей желі» барысында оқырмандардан 10 шақты сұрақ түсті. Алдын ала да тұрғындардан осындай көлемде сұрақтар қабылданды. Кейбір сұрақтардың мазмұны ұқсас болғандықтан, барлығы бірдей жарияланған жоқ. Әрбір оқырман баспаналы болуға қатысты өзіне қажетті ақпаратты алды деп ойлаймыз.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Суреттерді түсірген – Серік Қапаров.

saryarka-samaly.kz