Дөң тау-кен байыту комби-натының, «Қазмарганец» кен басқармасының, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттарының қызметкерлері спорттың тоғыз түрінен сынға түсті. Атап айтқанда, олар волейбол (ерлер, әйелдер, ардагерлер), баскетбол, шағын футбол (жастар, ардагерлер), шахмат, кір тасын көтеру, жеңіл атлетика, дартс, городки және үстел теннисінен сынға түсті.

Спартакиада бағдарламасы жыл сайын өзгеріп тұрады. Сонымен қатар, бұрын-соңды бағдарламада болмаған жаңа спорт түрлері де енгізілуде. Бес жыл бұрын алғаш рет дартс ойыны кестеге кіріксе, осы жылы спартакиада бағдарламасында спорт «ханшайымы» – жеңіл атлетика енді.

«Қазхромның» осы уақытқа дейін өткізілген 14 спарта-киадасының барлығына қатысқан спортшылар да баршылық. Яғни, жылдар бойы өндірістік шыңдарды бағындырып қоймай, спорттық белестерді еңсеріп жүрген қызметкерлер жетіп артылады. Олар өз әріптестерін саламатты өмір салтына баулып, өзгелерге үлгі болып келеді. Мәселен, кір тасын көтеруші Александр Гончаренко, баскетболшы Максим Сидоров, футболшылар Думан Абзалов, Руслан Қалиев және Марат Махманов, волейболшылар Бақыткерей Каванов, Елена Сухотерина, Сапарғали Мұқашов, Виктор Поколодный және Василий Артеменко сынды қызметкерлер «Қазхромның» спартакиадаларынан сырт қалған емес.

Жалпыкомандалық есепте Ақсу ферроқорытпа зауыты топ жарды. Екінші орын Ақтөбе ферроқорытпа зауытына бұйырса, үшінші орынды Дөң тау-кен байыту комбинаты еншіледі.

Әзірлеген - Еркебұлан ҚЫЗДАРБЕК.

saryarka-samaly.kz