Естеріңізде болса, өткен жұма күні Павлодар облысында коронавирус індетінің алғашқы жағдайы тіркелген еді. Әлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратта әлгі 1988 жылғы азамат (індетті жұқтырған) отырған поезда Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылының тұрғыны (қыз бала) өзге өңірден бірге келген құрбысымен
болғаны айтылады. «Whats App» желісі арқылы тараған аудио хабарламаға сүйенсек, «екі қыз жол-жөнекей аудан орталығындағы дүкендерді аралап, соңынан Жұмат Шанин елді мекеніне автобус- пен барған». Көпшілік арасында «аталған ауылды карантинге жауып тастапты, тіпті, аудан орталығындағы бірнеше сауда орны қызметін тоқтатып, көлік қозғалысына шектеу қойылды» деген дақпырт та жылдам тарап кетті.

Аталмыш мәселенің анық-қанығын білу мақсатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хабарластық. Мекеменің баспасөз қызметіндегі мамандар мұндай мәліметті жоққа шығарды. 1988 жылғы азаматпен байланыста болған адамдар туралы жеке ақпаратты таратуға, жариялауға шектеу қойылғанын айтты.

Бұл мәселе бойынша Баянауыл ауданына да хабарластық. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аудан орталығы карантинге жабылмаған. Сауда орындары мен дүкендер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Мұндай мәлімет нысандарда жүргізіліп жатқан санитарлық-дезинфекциялық шаралардың жүргізілуіне байланысты таралуы мүмкін. Вирусты жұқтырған жігітпен бір поезда келген Жұмат Шанин ауылының тұрғыны арнайы үй жағдайындағы карантинге алынып, тексеруден өткен. Құрбысы өз өңіріне оралған.

Аудандық аурухананың мәлі-метінше, әлеуметтік желіде карантинге байланысты тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Қыз баладан арнайы тест алынып, облыс орталығына жіберілген.           

Жұмат Шанин орталығы болып табылатын Күркелі ауылдық округінің әкімі Таңат Сағынтаев құқық қорғау саласының мамандары әлеуметтік желі арқылы жалған мәлімет таратқан адамға қатысты тексеру жүргізіп жатқанын жеткізді.

- Әлгі поезда біздің ауылдың қызы болғаны рас. Бірақ ол ауру адаммен бір вагонда отырмаған. Дәрігерлер арнайы тексеру жүргізді. Денсаулығы жақсы. Қазір үй жағдайындағы карантинде отыр. Қыз бала аудан орталығынан ауылға автобуспен қатынағандықтан, автобуста бірге келген ауыл тұрғындары да үйдегі карантинге алынды, - дейді Т.Сағынтаев.

Осы орайда, тұрғындарды жалған мәлімет таратпай, ресми ақпа-ратқа ғана сенуге шақырамыз.

saryarka-samaly.kz