Облыс ішінде жүріп-тұруға рұқсат!

Брифингке облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Зәмзәгүл Дощанова қатысты.

Асхат Раздықұлы шаралар тұрғын-дардың қауіпсіздігі үшін қолға алынғанын атап өтті.

- Қазіргі уақытта облыста 634 азамат медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Оның ішінде 77 адам стационар жағдайындағы медицина қарауына,
557 адам үй карантиніне алынған. Сонымен қатар, 38 адам қоңырау шалу арқылы бақыланып отыр. Өкінішке қарай, 1 жерлесіміз коронавирусты жұқтырғаны мәлім. Байланыста болған барлық адамдардан анализ алынды. Олардың ешқайсысынан вирус анықталмады. Жалпы бақылауда 1262 азамат болған. 628 адам бақылаудан алынды. Індеттің алдын алу және болдырмау бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда, - деді А.Оралов.

Асхат Раздықұлының айтуынша, облыста арнайы комиссия жұмыс істеуде. Аймақтық жедел штаб тәулік бойы қызмет атқаруда. Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай 109 нөмірі,  жедел жәрдем қызметінің 103 нөмірі  және  республикалық деңгейде 1406 нөмірлері қызмет көрсетеді. Облыс бойынша коронавирус инфекциясы жағдайына арналған 845 төсек орын дайын тұр.

- 13 наурыздан бастап аймағымызда санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтілді. Санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар күніне екі мәрте жүргізілуде. Оның ішінде қоғамдық көліктер де бар. 30 наурызда төтенше жағдай жөніндегі облыстық штабтың отырысы өтті.  Павлодар облысының бас санитар дәрігері орынбасарының бұйрығына сәйкес, 1 сәуірден бастап эпидемияға қарсы қосымша қауіпсіздік шараларын қолға алу жөнінде шешім қабылданды. Аймағымыздың аумағында коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында санитарлық, сақтық шаралар күшейтілетін болады, - деді А.Оралов.

Облыс аумағында 9 блокпост қойылды. Оның ішінде 5 блокпост Ресей Федерациясының шекарасымен шектесетін жолдар бойына, тағы 4 блокпост республикамыздың өзге өңірлеріне шығаратын жолдарға қойылады. Яғни, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары және Нұр-Сұлтан қалалары бағыттары бойынша.

Кез келген көлік құралымен шекаралас облыстарға немесе өзге аймақтардан өңірімізге жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынды. Бұл ретте ем қабылдайтын адамдар есепке алынбайды. Ал қызмет бабымен іссапарға шығатын азаматтар арнайы рұқсат қағазын көрсетулері тиіс. 

Бұған қоса кез келген көлік түрімен жолаушыларды тасымалдауға, облысқа өзге аймақтардың тұрғындары мен басқа мемлекеттердің азаматтарының кіруіне тыйым салынады. Бұл ретте дипломатиялық қызметтер, емделуге баратын адамдар, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар тиелген транзиттік жүк көліктері есепке алынбайды. Бірақ санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң сақталуы тиіс.

Кешкі 22.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін тұрғындардың пәтерден, үйден шығуы шектеледі. Тек қана тұрғылықты жеріне жақын дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне, жұмысқа және медициналық көмекке баруға ғана рұқсат берілді. Сондай-ақ  тұрғындардың қоғамдық орындарға баруы шектеліп, қоғамдық көліктерде, адамдар көп жиналатын орындарда, дүкендерде, сауда орталықтары мен үйлерде, тұрғын үйлерде, аялдамаларда және тағы да басқа жерлерде дезинфекциялау жұмыстары күшейтіледі. 

- Аталған шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғындардан эпидемияға қарсы енгізілген талаптарды түсіністікпен қабылдауды және оларды қатаң сақтауды ескертеміз. Мейлінше үйде отырғандары дұрыс. Мұндай шектеу- лер елімізде төтенше жағдай алынғанға дейін жалғасады. Облыс ішіндегі көлік қозғалысына шектеу қойылмайды. Өңір ішінде басқа ауылдарда, қалаларда жұмыс істейтін адамдардың жолын ешкім бөгемейді. Ал өзге облыстардан келетіндерге тыйым салынады, - А.Оралов.

Атап өтерлігі, балабақша қызметтеріне шектеу қойылмайды, олар штаттық режимде жұмыс істейді.  Десе де, Асхат Раздықұлы ата-аналарға балаларын үйде қалдыруды, ересектердің де үйден шықпауын сұрады.

Шекара бақыланады

Өңіріміздің бас полицейі Нұрлан Мәсімов тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

- Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарынан бөлек, ел ішіндегі шекаралас блок-посттардың қойылуына назар аударып отырмыз. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін Май ауданының Ақжар ауылында, Аққулы ауданының Шарбақты ауылында блокпосттар қойылды. Ақмола облысымен шектесетін Екібастұз қаласындағы Шідерті елді мекенінде, Қарағанды облысымен шектесетін Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылында блокпосттар орнатылды. Бұдан бөлек, көліктердің кіруі мен шығуын шектеуге арналған мобильді бекеттер де құрылады. Тәртіп сақшылары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан тәртіпке бағынып, ескертпелерге құлақ асқан жөн, - деді ол.

Қауіпсіздік күшейтілді

Зәмзәгүл Дощанова ҚР аумағына өтетін бес пунктте эпидемияға қарсы шаралар ұйымдастырылатынын баяндады.

- Кинотеатрлар мен театрлардың, балалар ойын алаңдарының жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын орындарға баруға тыйым салынды. Отбасылық салтанатты кештер мен еске алу шараларын өткізуге болмайды. Тәулік бойы мамандар шекарадан өткен азаматтардың арасында сауалнама жүргізіп, мемлекеттік шекарадан өткен адамдардың дене қызуын тексереді. Өткір вирустық респираторлық инфекция немесе басқа да белгілер анықталған жағдайда жедел жәрдем шақыртылады. Сол жерде аумақтық аудандық аурухананың мамандары жұмыс істейді, - деді З.Дощанова.

Айтуынша, тамақтану орындары мен сауда орындарында ғана емес, қоғамдық көліктер мен адам көп жиналатын орындарда, подъездерде, аялдамаларда тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында дезинфекциялық шаралар күшейтілді. Ірі сауда нүктелері сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Мекемелер санитарлық талаптарды күшейтуде. Қызметкерлер жұмыс кезінде бір реттік медициналық масканы қолданады. Бетперделерді үш сағатта бір рет ауыстырып отыруы керек. Үстел, орындықтар да сағат сайын тазалануы тиіс.  Сауда нүктелерінде кезекте тұрғандардың саны 5 адамнан аспауы керек. Олардың арасындағы қашықтық бір метрді құрауы тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарына келушілердің саны елу адамнан аспауы қажет. Мұндай талап сән және тігін салондары  сияқты қызмет көрсету орындарына да қойылады. Минимаркеттер қалыпты режимде жұмыс істейді. Дегенмен үлкен кезектерге жол берілмейді. Скверлер мен саябақтарда, сауда орындары мен кәсіпкерлік нысандарында, аялдамалар мен тұрғын үйлердің подъездерінде дезинфекциялық шаралар жүзеге асырылады.

Брифинг соңында Асхат Оралов өңір тұрғындары мен қонақтарынан барынша сабырлық танытып, сақтық шараларын қатаң ескеруді, тәртіпке бағынуды сұрады. Сонымен қатар, желі арқылы жалған ақпарат таратпауды ескертті.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz