Павлодар қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімінің басшысы Арман Қаптаевтың айтуынша, 1 сәуірден бастап тәртіп сақшылары арнайы бекеттерде жұмыс істеуде. Халық арасында профилактикалық шараларды түсіндіру бойынша ауқымды іс қолға алынған. Облыс орталығында 50 бекет орнатылған. Бұл ретте полицейлер «Ұлттық Ұлан» қызметімен бірлесіп, 2-3 адамнан бөліну арқылы көшедегі тәртіпті қадағалауда. Орталық жағажай аумағында 4 электромобиль жұмыс істейді.

- 1 сәуірден бастап тұрғындардың кешкі сағат 22.00-ден кейін шығуына шектеу қойылған еді. Десе де, бұл талаптарды әлі білмейтін адамдар бар. Алғашқы күні аталмыш уақыттан кейін көшеде жүрген тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Патрульдік полиция қызметкерлері екі ауысым бойынша күні-түні тәртіпті бақылауда. Дәмханалар мен мейрамханалар, фастфуд сататын дүкендердің қызметі кешкі сағат 22.00-ден кейін тоқтайды. Тәртіп сақшылары санитарлық-дезинфекциялық шараларды сақтамаған дүкен иелерін де жауапкершілікке тартуда. Олардың ішінде бетпердесіз жұмыс істеген сатушылар бар, - дейді А.Қаптаев.

Жоғарыда кешкі сағат 22.00-ден кейін төрт жағдайда ғана шығуға рұқсат берілетінін айттық. Тұрғындар тұрғылықты мекенжайы бойынша ең жақын орналасқан дүкен мен дәріханаға баруы тиіс. Тәртіп сақшылары кешкі сағат 22.00-ден далада жүрген адамдардың арнайы база арқылы тіркеуде тұрған мекенжайын анықтай алады. Сондықтан жұртшылық себепсіз көше кезіп, дүкен мен дәріхананы сылтау ете алмайды.

- 31 наурыздан бастап автопатрульдер көшеде дыбыстық хабарлама таратуда. Павлодар қаласы бойынша күніне 40-50 автопатруль саябақтар, қоғамдық орындар мен көшелерді аралап, тұрғындарды сақтық ережелерін ескеруге шақыруда. Сонымен қатар, жағалау, саябақтар, ойын және спорт алаңдарын да полицейлер тексереді. Сондықтан тәртіпке бағынған абзал. Сақтық шараларын қатаң ескеру арқылы бұл індеттен құтыла аламыз деген ойдамын, - дейді А.Қаптаев.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz