«Ertis» клубының жаттықтырушылар штабы, әкімшілік қызметкерлері мен ойыншылары аймақ басшысына ашық хат жазған болатын. Яғни, олар әлемде коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты клубтың жаттығуларды толық тоқтатуы және еңбекақыны минималды еңбекақы мөлшеріне дейін төмендету жөніндегі шешімді қарастыруды сұраған.

«Құрметті «Ertis» клубының қызметкерлері мен ойыншылары! Сіздердің Павлодар футболына бейжай қарамайтындарыңызға ризамын және орын алған жағдайға байланысты алаңдаушылық танытып отырғандарыңызды да түсінемін.

«Ertis» ФК басшылығының ақпараты бойынша клуб қазіргі таңда жинақталған қарыздар мен демеушілік көмектің айтарлықтай азаюынан қаржылық қиындықтар көріп отыр. Қазіргі таңда клубта қаржылық ахуалға жүргізілген аудит аяқталды және оған құқықтық баға берілуде. Барлық тиісті процедуралар аяқталғаннан кейін шешім қабылданады, ол жайында қоғам құлақтандырылады.

Клуб басшылығы хабарлағандай, клубтың қаржылық қиындықтарын, елімізде барлық спорттық шаралардың тоқтатылғанын және жасалған еңбек шартының талаптарын ескере отырып, сіздердің хаттарыңызда жазылған шараларды қабылдауға мәжбүр болған.

Өз тарапымнан сіздерден клуб үшін және еліміз үшін, әлем үшін  эпидемиологиялық және экономикалық қиын кезеңде шыдамдылық танытуды сұраймын.

Құрметпен, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов» - делінген аймақ басшысының ойыншыларға берген жауабында.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz