Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл орта мектебі «Айналайынның» тұрақты авторлары мен оқырмандарын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтайды. Балалар, біз баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір тілей отыра, Қазақстан сынды алып елдің нағыз отансүйгіш азаматы болуларыңа тілектеспіз.

Біз биылғы жылдан бастап «Сарыарқа самалы» газетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» қосымшасымен тұрақты байланыс орнаттық. Мектебіміздегі «Айналайын» әдеби үйірме мүшелерінің бірқатар шығармалары газетте жарық көрді.

Міне, оқу жылы да аяқталды. Ал біздің мектеп бұл жылды табысты аяқтадық. Білім ордасындағы бір ерекшелік - 2003 жылдан бері «Әулиелі Ақкөлім – ақ бесігім» атты қор жұмыс істейді. Қорды мектебіміздің 1975 жылдың түлектері құрған болатын. Қордың төрағасы Балтабай Ағжанов, Тілеген Садықов соңғы қоңырауға арнайы келіп, оқушыларды құттықтады. Ағаларымыз 1, 4, 9, 11-сыныпты үздік және жақсыға бітірген оқушыларға шәкіртақы тағайындады. Олардың қатарында 1-сыныптан Ж.Шарапат, Н.Мұраткен, И.Төлеу, И.Жұмағали, М.Құнанбай, 4-сыныптан Д.Хамит, 9-сыныптан Д.Қанатова, А.Рымжан, Н.Ешниязова, Д.Шәріпханов, Д.Қырықбаев, 11-сыныптан Ғ.Ақтай, Ж.Әбдіғапаров, А.Сәкен, Ә.Шарапатов сынды оқушылар бар. Сондай-ақ осы білім ордасының байырғы директоры болған ұстаз Мұқатай Мұсабековтің атында да шәкіртақы бар. Оны ұстаздың қызы Сәуле Мұсабекова жыл сайын 7-сыныптың үздік және жақсы оқитын оқушыларына тағайындайды. Биылғы жылы Г.Асылғазы мен М.Шпек - М.Мұсабеков атындағы шәкіртақыға ие болды.

Мектебімізде жақсы оқитын, талапты, өнерлі, спортшы балалар баршылық. Олар - біздің ауылдың мақтанышы. Біз Павлодар мен Астанадан арнайы келіп, шәкіртақы тағайындаған мектеп түлектері Балтабай аға мен Тілеген ағаға облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі «Айналайын» қосымшасы арқылы ризашылық білдіреміз.

Ардақ БОЗҒОЕВА, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Екібастұз.

saryarka-samaly.kz