Бұл жөнінде облыстық кәсіпкер-лік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту облыстық филиалының басшысы Айнагүл Байдәулетова онлайн брифинг барысында баяндады.

Ж.Хасановтың мәлімдеуінше, биыл аймағымызға «БЖК-2025» бағдарламасы бойынша 4,9 млрд. теңге қарастырылған. Былтыр бұл сома 2,5 млрд. теңге болды. Жыл басынан бері бұл бағдарлама арқылы 2,2 млрд. теңгенің 112 жобасы қаржыландырылыпты. Одан бөлек, 1,5 млрд. теңгенің 27 жобасы дайын тұр.  

- Бағдарламаларға енгізілген соңғы өзгерістерге келетін болсақ, «БЖК-2025» субсидияланатын несиенің максималды сомасы 7 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұрын 2,5 млрд. теңгеге дейін ғана болатын. Кепілдендіру тетігі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін несиенің көлемі 1 млрд. теңгеге дейін өсірілді. Бұған дейін 360 млн. теңге шамасында еді. Ал кәсібін енді бастамақ бизнесмендер үшін кепілдендіру сомасы енді 360 млн. теңгені құрамақ. Бұрын 60 млн. теңге көлемінде еді. Оған қоса, аталмыш бағдарламаға қатысушыларға салалық шектеу-лер алынып тасталды. Яғни, кез келген салада еңбек етуші кәсіпкерлер өтінім бере алады, - деді Ж.Хасанов.

Бұл ретте, «Даму» қоры облыстық филиалының басшысы А.Байдәулетова шектеулерге толығырақ тоқталды. Айтуынша, тек сауда-саттық саласында жұмыс істейтін азаматтар айналым қаражатын ғана 100 млн. теңгеге дейін толықтыра алады. Сонымен бірге, ойын, лоторея өткізу бизнесіне берілмейді. Бағдарламадан валюталық тәуекелді төмендету тармағы алынып тасталыпты. Яғни, шетел валютасымен қаржыландырылған жобаларға қолдау көрсетілмейді. Тек ұлттық валютаға басымдық беріледі.

- Айтарлықтай өзгерістің бірі – бағдарламаға ірі бизнес субъектілерінің қатыса алуы. Бұл ретте, нақты салалар көрсетілген. Мәселен, азық-түлік, жуу құрал-дары өндірістері, автомобильмен жүк тасымалы, туризм, қойма шаруашылығы, жалдамалы немесе меншік субъектілерін басқару және жалға алу бағыты қамтылған. Бұрын ірі бизнес аталмыш бағдарлама қатыса алмайтын, - дейді Айнагүл Еркінқызы. 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының да мүмкіндіктері молайды. Аталмыш бағдарламаға елімізде 1 трлн. теңге бөлініп отыр. Өткен жылы 600 млрд. теңге қарастырылған. Мұндағы басты өзгеріс, тауарлар тізілімі кеңейтілді. Мәселен, бұрын ұн, нан өндірісі кірмеген болса, енді осы салада еңбек ететін кәсіпкерлер де мемлекет қолдауын ала алады. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен бойынша жобаларды қаржыландыруда оператор ретінде «Даму» қорымен қатар «Аграрлық несиелік корпорация» да қызмет көрсетеді.

Бұл бағдарлама арқылы жыл басынан бері облыста 4,4 млрд. теңгенің 16 жобасы қаржы-ландырылған. Тағы 25 жоба - екінші деңгейлі банктердің қарауында. Сонымен бірге, 193 жобаның пулы түзілген. Өткен жылы 66 жоба мемлекет қолдауын көрген. Бағдарлама бойынша берілетін «Даму» қоры да кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуде. Мәселен, карантиндік режимге байланысты 70 жоба бойынша кәсіпкерлердің өтінімін қанағаттандырған. Яғни, оларға 3 ай несиелік каникул берілді. Өтінімдер онлайн түрде қабылдануда. Спикердің айтуынша, былтырғы наурыз-сәуір айларымен биылғы сәйкес кезеңді салыстырғанда мақұлданған өтінімдер санының өсімі байқалады. Ал сәуір айын жеке алса, керісінше, төмендегені көрінеді. Көп кәсіпкер «әліптің артын бағып отырғанға» ұқсайды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz