Президенттің айтуынша, халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылған. Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатынын мәлімдеді.

- Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады, - деді Мемлекет басшысы.

Десе де, көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде елімізде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан. 11 мамырдан бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылып, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданатынын айтты. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Президент дегенмен күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн, деді.

Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізеді. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істейтін болады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтайтын болады. Яғни, Мемлекет басшысы жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс деген ойда. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес.

Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылды.

- 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алуда. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек, - деді Президент.

Мемлекет басшысы дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталды. Мұнда да азаматтардың өмірі мен денсаулығына маңыз берілетіні айтылды.

Біріншіден, қазақстандық экономиканың өз-өзіне жеткіліктілігін арттыруға мән берілмек. Ол үшін қуатты шикізат базасы негізінде өнеркәсіпте жаңадан қайта өңдеу бағыттарын дамытуға ден қойылады.

- Бізге қазақстандық эконо-миканың болашақ құрылымына жаңа көзқараспен қарауға тура келеді. Оның әрбір өнеркәсіптік, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, сервистік сияқты негізгі секторының рөлін айқындап алуымыз қажет. Қысқасы, экономиканың жаңа құрылымын шұғыл түрде құруымыз керек. Энергетикалық сектор айтарлықтай реформаны қажет ететіні анық. Дағдарыстан кейін оның ахуалы бұрынғыдай болмайды. «Жасыл энергетикаға» қарай жылжуымыз аса қажет болмақ, - деді Қ.Тоқаев.

Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алулардың айрықша тәртібі ағымдағы жылдың тамыз айына дейін жалғасады. Отандық материалдар мен жабдықтарды барынша пайдалану бизнесті дамытудың басымдықты шарты ретінде белгіленбек. Үкіметтің, әкімдер мен квазимемлекеттік сектор компаниялары басшыларының жұмысын бағалауда осы көрсеткіш негізге алынбақ.

Мемлекет басшысы Қазақстанда 1 млн. 700 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық барын, алайда, олардың өнімдері сауда нысандары арқылы ресми түрде сатылмайтынын және өңдеу кәсіпорындарына түспейтінін айтты. Осы орайда, Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге бірнеше өңірде ауылда «Егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек түзудің пилоттық жобасын іске қосуды тапсырды. Кейін ол бүкіл елімізге енгізілмек. Келесі жылдың ортасында бағдарламасы да қолға алынады. Сол кезде «ҚазАгро» арқылы «Даму» қорының кепілдендіру құралдарын қолданып, 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті несиелер қарастыру көзделген. Бұл шаралар 2 млн.-нан астам ауылдықтың кірісін көбейтеді, импортты азайтады деп межеленіп отыр.  

Екіншіден,Президент «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын сөз етті. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық  қаржы бөлінді. Бұл күрделі кезеңде ең алдымен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Осы ретте, үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады.

Үшіншіден, қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұмыспен қамту өсімінің қуатты тетігіне әрі әлеуметтік қолдау факторына айналуы тиіс. Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық кредиттеу мен тұрғын үй құрылысына зор серпін бергені белгілі. Президент енді баспана кезегінде тұрғандар мәселесін шешу мақсатында «5-10-20» жаңа жобасын іске қосуға тапсырма берді. Оған 390 млрд. теңге бағытталмақ. Нәтижесінде құрылыстың рекордтық көрсеткішіне қол жеткізілмек. Яғни, биыл 15 млн. шаршы метр немесе 150 мың пәтер мен үй салынады. Осылайша, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту жалғасады. Үкіметке жыл соңына дейін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банк» - дамыту мен қолдаудың толыққанды институтын құру тапсырылды. Бұл ұйым тұрғын үйді есепке алу және бөлу жұмыстарын орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын болады. Президент баспаналы болу мақсатында азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға рұқсат бергенін, бірақ, тапсырманың шешімі төтенше жағдайға байланысты созылып кеткенін атап өтті. Үкімет 1 шілдеге дейін бұл мәселені біржақты етуі тиіс.

Төртіншіден, әлеуметтік әділдік жолында еңбекақы төлем-деріне және басқа да табыс түрлеріне қатысты жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мәселесін қарастырудың кезі келді, деді Президент.

- Прогрессивті шкала мәні мынада: жалақысы жоғары емес азаматтар бүгінгіге қарағанда азырақ төлейді, ал жоғары жалақылы қызметкерлердің төлейтін салық сомасы өсе түседі. Біздің негізгі мақсатымыз – еңбекақы төлемдерінің ашық емес төменгі сегментін «көлеңкеден» шығару. Мөлшерлеме қысқартылса, конвертпен төлеуге ынта төмендейді, - деді Мемлекет басшысы.

Азаматтар мүддесі үшін банктік емес несие беру ұйымдарына да бақылау күшейтіледі. Келесі жылдан бастап шағын қаржы қызметін лицензиялау қолға алынады.  

Бесіншіден, ұлттық бизнесті қолдауға көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы сұраныс төмендеп, активтер мен кепілдердің нарықтық құны төмендеген шақта «Даму» қорының кредиттерді кепілдендіру тетігін пайдалануы маңызды, деді.

Мемлекет басшысының мәлім-деуінше, микро және шағын кәсіпкерлікке жеке назар аударылады. Олардың банктік стандартты өнімдерді толыққанды пайдалану мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан, Қ.Тоқаев «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде шағын бизнеске арналған шаралар қарастыруды тапсырды. Банктер мен басқа да қаржылық ұйымдар тарапынан несиелер бойынша уақытты шегеруге рұқсат етілетін экономика салалары тізілімі кеңейтілмек.

Алтыншыдан, шетелдік капиталға бәсекелестік күшейген шақта капитал ұстаушының әрқайсысымен тікелей жұмысқа көшу қажет. Мемлекет басшысы экономикаға әкелетін тиімділігі мен басымдылық негізде әрбір инвесторға қолдау көрсетудің жеке шараларын әзірлеу қажет, деді.

Президент қазіргі күрделі кезеңде инвесторлардың, бизнестің ұлттық валютаға, қаржы-несие саясатына сенімі негізгі рөлге ие екенін тілге тиек етті.  Сондықтан ұлттық валютаға алыпсатарлық шабуылды азайтуға қол жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі осы мәселемен айналысуы тиіс.

Жетіншіден, Мемлекет басшысы бүкіл әлемдегідей бізде де барлық кәсіпорындарды және жұмыс орындарын сақтау, әрбір бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін болмай тұрғанын жасырмады. Сондықтан, төтенше жағдай режимін енгізуден анағұрлым зардап шеккен экономика секторлары үшін төтенше жағдай режимін енгізуді форс-мажорлық жағдайлар деп нормативтік деңгейде тану маңызды, деді. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдау, жеке меншігі мен бәсекелестікті қорғау маңызды болып отыр. Осы ретте, Президент жосықсыз кредиторлар тарапынан қысымның орын алуына жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттылық процедуралары бойынша іс қозғауды тоқтата тұруды тапсырды.

- Азаматтарды қолдау және бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл жоспар жуық арада бекітіледі. Мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет. Сондай-ақ, олар өздерінің орынсыз әрекеттері арқылы бұл шаралардың маңыздылығын жоққа шығаруға жол бермеуі керек. Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент ағымдағы дағдарыс бүкіл әлемге әлеуметтік сала, яғни, медицина мен білім берудің, әлеуметтік қорғаудың мәселелері қаншалықты маңызды екенін көрсеткенін айрықша атады.

- Бізге денсаулықты қорғау жүйесінің сапасын арттыруға, медициналық мекемелерді техноло-гиялық тұрғыдан жабдықтауға, медициналық персоналдың құзырет-тілігін арттыруға бағытталған түбегейлі өзгерістер қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Үкімет енді атақты ғалымдар мен сарапшыларды тартумен биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құруы тиіс. Дистанциялық технологияларды жылдам енгізу қажет. Білім беру бағдарлама-ларының мазмұны қайта қаралып, оларды қолжетімді әрі интерактивті ету мақсаты қойылып отыр.

Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту еліміздің стратегиялық жоспарының маңызды бағытына айналмақ.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Электронды үкіметтің тұжырымдамасы қайта салмақталып,  экономика мен қоғамды цифрландыруға жаңа серпін берілетінін атап өтті.

 

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz