Мектеп директоры Қымбат Бекбауова мұндай жөндеу жұмыстары ұстаздар мен оқушыларға айтарлықтай жайлылық туғызатынына сенеді.

- Негізі, мектебіміздің шатыры бұған дейін ауыстырылған. Содан кейін іші қыста бұрынғыдай қатты азынамайтын болды. Дегенмен, терезелер ескі болғандықтан боранды күндері шамалы қолайсыздық тудырып келді. Енді жобаға сәйкес мектептің есік-терезелері жаңартылады. Бірінші қабатта едені реттелмек. Спорт залымыздың еден-терезесі толық ауыстырылады деп жоспарланып отыр. Оқушыларымыз заманға сай ғимаратта білім алғаны, әлбетте, бізді қуантады, - дейді Қымбат Бекбауова.

Мұндай бақыт Қ.Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Шадыра білім беру мектебіне де бұйырып отыр. 117 оқушы білім алып жатқан ғимаратқа аракідік ағымдық жөндеу жүргізілгенімен, 1972 жылы салынған мектеп айтарлықтай тозған.

- Спорт зал толық жөнделетіні қуантады. Әйтпесе, едені шіріп, терезесі тозып, сыртынан салафан жауып, амалын табуға тура келген. Спортқа бейім оқушыларымыз үшін күрделі жөндеу үлкен сый болмақ. Мектебімізде қазақша күрес жақсы дамыған. Үш оқушымыз республикалық деңгейде спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін қорғады, - дейді мектеп директоры Төлеген Ахаев.

 Білім ордасының басшысы мектептің есік-терезесі ауыстырылатынын да қуана жеткізді. Ескі терезелерді ашсақ, жаба алмай, жапсақ, аша алмай қиналатынбыз, дейді. Боранды күндері жел үрлеп, оқушылар мен ұстаздарға қолайсыздық туғызатын көрінеді. Енді биыл жөндеу ойдағыдай жүргізілсе, жаңа оқу жылын оқушылар мен мұғалімдер қауымы жаңарған мектепте бастайды деп үміттенуде.

 Жалпы, Баянауыл ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 11 жоба мақұлданыпты. Аудан әкімінің орынбасары Анар Бәденованың айтуынша, аталмыш жобалардың жалпы құны – 656 млн. 593 мың теңге. Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі тұрғындарды жұмыспен қамту екені белгілі. Ауданда іске асатын жобалардың нәтижесінде 126 адам жұмыспен қамтылады деп көзделуде.

Сонымен, биыл іске асатын жобалардың ішінде жоғарыда аталған екі білім ордасымен қоса, тағы Торайғыров ауылындағы мектеп те күрделі жөндеуден өтпек. Ал Жаңажол елді мекеніндегі Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің жылу жүйесі биыл толық жаңартылмақ.

- Жылу жүйесінің ауыстырылатыны қуантады. Өйткені, 47 жыл пайдалануда болған жүйе ескіріп, тиісінше ғимаратты жылыта алмайды. Қыста салқын болатын. Биыл жылу жүйесі ауыстырылса, мектебіміздің мәселелері толық шешілді деуге болады. Олай дейтінім, 2014 жылы мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, есік-терезесі ауыстырылып, еден, қабырғасы тегістелді. Былтыр шатырына ағымдық жөндеу жасалды. Енді интернет тартылса деген тілегіміз бар. Әйтпесе, бір айға алған трафигіміз жарты айға жетпей таусылып қалады. Мұғалімдердің барлық жұмысы интернетпен екенін ескерсек, бұл да - күн тәртібінен түспейтін мәселе деп ойлаймын, - дейді мектеп директоры Сәбит Кенжалин.

Бағдарлама бойынша ауданның 20 мектебіне жылы дәретханалар орнату жоспарланған. Сондай-ақ, Ұзынбұлақ және Қаратомар ауылдарындағы тозығы жеткен мәдениет үйлері де ағымдағы жылы жаңартылмақ. Қоңыр әулие үңгіріне апаратын 8 шақырымдық жолға да «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында орташа жөндеу жүргізіледі. Торайғыр көліне жеткізетін жол жөнделіп, көлді абаттандыру қолға алынады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz