Әлем Қазақстанды жаңаша тануда

- Біздің өтінішімізді және ұсынған тақырыбымызды қабыл алғандары үшін барлық елдерге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауқымдағы көрме - бір мемлекеттің ғана атқарған ісі емес, бұл - осында өз жетістіктерін көрсетуге келген халықаралық қоғамдастықтың еңбегі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл көрмені Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізуде. Мемлекет басшысы осыдан бір жарым ғасыр бұрын Лондонда өткен алғашқы дүниежүзілік көрмеден кейін адамзат орасан зор технологиялық өзгерістерді бастан өткергеніне тоқталып, бүгінде тиімді және қауіпсіз энергия саласындағы тың жаңалықтар қарсаңында тұрғанымызды атап өтті. Миллиондаған қазақстандықтар мен дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін жүз мыңдаған қонақ әлемдік ғылыми және инженерлік ақыл-ойдың керемет жетістіктерімен танысатын болады. «ЭКСПО» бағдарламасында 6 мың түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Олар әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, сондай-ақ Қазақстан мәдениетімен танысуға септігін тигізеді. Біз келуге тілек білдіргендердің барлығын еліміздің басқа да өңірлерін аралап көруге, бірегей табиғатымызбен және тарихи мұрамызбен танысуға шақырамыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

9 маусым күнгі ресми ашылуынан кейін, ертеңінде, 10 маусым күні айтулы көрме өз  жұмысын бастады. Бұл күні таңсәріден халықаралық павильондар салтанатты түрде есіктерін айқара ашты. Ең алдымен Біріккен Ұлттар ұйымының энергетикалық плазасы келушілерді қабылдады. Қазақстанның әлемдік МАГАТЭ ұйымының жұмысына белсенді қатысатынын ескерсек, бұл павильон қызметінің маңызын сезінеміз. Әрі қарай бір уақытта өзге де қатысушылардың павильондары ашыла бастады. Иә, сәт! Қанша күттік.

Шетелдік тамашалар – көз алдыңызда

Айта кетелік, «Нұр-Әлем»  ұлттық нысанын (Сфера) айнала орналасқан павильондарда әр ел өзінің жетістіктерін таныстырады. Мемлекеттер географиялық орналасуына қарай Азия, Африка, Еуразия, Еуропа, Америка, Латын Америкасы болып топталып орналасқаны да келушілер үшін аса ыңғайлы. Бір павильонда 4 мемлекеттің экспозициялары жасақталған. Түркіменстан павильонының ашылуына Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов қатысты.

- Түркіменстан бауырлас Қазақстанмен бірқатар сәтті  жобаларды жүзеге асырып келеді, солардың қатарында мен Қазақстан - Түркіменстан - Иран бағытындағы теміржол құрылысын бөліп атап айтар едім, - деді Г.Бердімұхамедов.

Павильонда бірнеше жобалардың үлгісі орналастырылған. Мәселен, жоспарға алынған гелиокешенде жайылатын малдың тезегін арнайы құрылғы биогазға өңдейді. Түркіменстан ұлттық ғылым академиясы ауыл шаруашылығы саласында су, жануарлар қалдықтарын өңдеудің кешенді жобасын әзірлеген. Жалпы, мемлекет бұған қатты мән беруде. Естеріңізде болса, Түркіменстанда шөлді аймақтар көлемі үлкен. Олар өз кезегінде Қазақстанда жел энергиясын дамытуға болатынына сенімді.

Ресейлік өз павильонына Арктика мұздықтарын әкеліп қойған. Өз көзіңізге өзіңіз сенбейсіз. Соңғы жылдары алып көршіміз алып мұз астындағы энергетика қорын барлауға, өндіруге белсене кіріскен. «Росатом» 4 метрлік мұзды бұзатын «Лидер» атомдық мұзжарғышын құрастырып, қолайсыз ауа райына қарамастан Арктикада жыл бойы навигациялау мүмкіндігіне ие болмақ.

- Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» атты басты тақырыбын Орыс Арктикасы аймағының бірегей мысалында ашатын боламыз. Дәл осы аймақ Ресейдің балама энергетикасын дамыту көзқарасы тұрғысында ең келешегі зор өлке болып саналады. Сонымен қатар, бұл аймақ пайдалы қазбаларға бай, - деді ашылу салтанатында ресейлік павильонның бас комиссары Георгий Каламанов.

Айды аспанға шығарған елдердің бірі – Беларусь. Беларустар электр көзінен қуаттанатын электробусын көрменің алдына қасқайтып қойған. Өткен-кеткеннің көзі осында. Бір қуаттанса, 12 шақырымға жүретін көлік расында тартымды.

Азия елдерінің де айтары бар, көрсетері көп. Міне, біз Малайзия, Тайланд, Сингапур, Жапония, Корея елдерінің павильондарын аралаудамыз.  Иіліп сәлемдескен шығыстықтар табысын паш етіп әлек. Тайлықтар пілдің тезегінен биоөнім шығаруға болатынын демонстрациялық нұсқада ұсынған. Қытайлықтар өздерінің көрме бөлмесін керемет жабдықтаған. Небір реакторлар мен жобалар, макеттер көздің жауын алады. Әрі қарайғы бөлмесінде жетістіктерін театр сахнасында жеткізеді. Корея павильоны «Болашақ энергиясы - Ақылды өмір» тақырыбында негізделген. Мәселен, Корея ЭКСПО аясында Mega Silk Way атты Астананың ірі сауда орталығынан жеке дүкенін ұйымдастырған. Сөйтіп, бұл ел өзінің мұхит толқындарын дәріптеуде.

Израиль мемлекетінің павильо-нына бас сұққан адам да өкінбейді. «Біз Қазақстан сияқты аумағы үлкен ел емеспіз, 2 пайызына да жетпейміз» деген израильдік делегация өкілдері. Бірақ Израиль жасыл технологиясын көрсетуге келгенде көп елден оқ бойы озық тұр. Мәселен, Билла қаласында орналасқан Күн энергиясы станциясы мұндағы тұтыну көлемінің 10 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Күннен қуат жинайтын тәрелке құрылғылар тәулік бойы күнді «қуалап» мойнын бұрып, айналып тұрады екен. Қазақтың күнбағыс дейтін сөзін осыған термин ретінде пайдалануға болар. Израиль үй шаруашылықтарының 85 пайызында табиғи энергия қолданылады. Еврей жұрты тау жоталарына құралдар орнатып, жел қуатын  өндіруге кіріскелі қай уақыт. Көлік отынын қауіпсіз энергия көзіне ауыстыру үшін 2025 жылға дейін арналған мемлекеттік бағдарлама іске асуда.

АҚШ, Латын Америкасы, Африка елдерінің де көрсетері, таңдай қақтырар кереметтері сөзбен жеткізгісіз. Көру керек оларды.

- Экономикалық таң бүгінде Шығыстан атып отыр. Австрия 15 жыл ішінде Азия және Орталық Азия елдеріне экспортты 200 пайызға өсірді, - дейді Австрия экономика министрі Харальд Марер.

Аргентина делегациясының басшысы Паулу Ботта өз көрмесін таныстырып, Қазақстанда «ЭКСПО» көрмесінің ұйымдастырылуы өздеріне тәжірибе екенін атады. Неге? 2023 жылы Аргентина «ЭКСПО» көрмесін өз елдерінде өткізуге мүдделі, Әрине, Астана секілді кандидатурасы құпталып, жеңіске жетсе ғана. Олай болған жағдайда не ұсына алатынын Қазақстандағы көрмеде алдын ала паш етуді көксеуде.

Әрбір ел өзінің туристік мүмкіндіктерін де ұсынуда.

«Нұр-әлем» – қазақтың жауһары

Әлемнің жауһар сәулетті нысандарының бірі – «ЭКСПО» символы – Сфера екені бәріне белгілі. Оның құрылысы туралы 2016 жылдың қарашасында арнайы сапар нәтижесінде жазғанбыз. Міне, сол ұлттық павильон есігін айқара ашып, бәрін ынтықтырып тұр.

Бірінші қабатты салт-дәстүр, 35 елмен бірлесіп жасап жатқан «ТОКАМАК», тағы басқа технология, жобалармен танысасыз. Бірден лифтпен 8 қабатқа көтерілесіз. Міне, енді астына дейін сфераны 8 мәрте айналып түсе бересіз. Түскен сайын тамашаға куә боласыз. Әр қабат – бір табиғи энергия көзіне арналған. Күн, жел, су атасынан басталатын мифтік ұғымдар қабыр-ғада бейнеленген. Күнге кіріп, айға қона аласыз. Желдің қуатын сезінесіз. Сылдырлаған судың үнінен дем аласыз. Торнададан Америка қуат алатынын білесіз бе? Египеттіктер күн сәулесін SPA – моншаға пайдаланғанынан қай қазақ баласы хабардар? Кинетика күшімен өткен ғасырда-ақ көлік майын өндіріп, кофе ұнтақтау технологиясы әзірленгені кімнің жадында?

Көрмені - көрмекке. Көрмеге өзіңіз де барыңыз. Балаңызды да ертіп апарыңыз. Әсіресе, «Нұр-Әлем» композициясының құндылығы сонда, кемі бір күні араламасаңыз, көңіл қанбайды.  Барлық «ЭКСПО» ғимараттарына төбесінен көз тіксеңіз қандай ғанибет.  Сфераның құрылысына 13 мың тонна темір бұйымдары пайдаланылған. Сәулеті келісіп салынды, ендігісі – бару ғана.

Жалпы, «ЭКСПО» көрмесі барысында іскерлік жиындар өтетін Конгрес-орталық, Энергия холлы, корпоративтік энергия орталығы сынды нысандар да жұмыс істейді. Көрменің ашылу салтанатында айтқандай, іскерлік бағдарлама аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Төрт күн жеткілікті

Баспасөз мәслихатында «Астана ЭКСПО 2017» ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрме нысандарының құрылысына шамамен 400 млрд. теңге жұмсалғанын атап өтті. Жұмыс қауырт жүргізілсе де, нысандар уақытында дайын болды. Көрменің ашылуы да жоғары деңгейде өтті. 17 мемлекеттің басшылары мен Үкімет жетекшілері қатысты. Мұндай мәртебеге 2015 жылғы «МИЛАН ЭКСПО» көрмесі де бөленген емес. Шараның ашылуы да, жабылуы да жоғары лауазымды тұлғаларсыз өткен. Астананың бұл жағынан жолы болды, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының жиы-нына қатысқан ел басшылары ЭКСПО көрмесінің салтанатты рәсіміне де қатысты. Әсіресе, Қытай Төрағасы Си Цзинь Пинь мен Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путинді бөле-жара айтып өту керек. Көршілердің біздің елдің шарасын қолдауы сезілді.

А.Есімовтің айтуынша, қауіпсіздік мәселесіне баса көңіл бөлінген. Көрменің алғашқы күнінде тек түске дейін 10 мың адам келіп, тамашалады. Бүгінге дейін 1,2 млн. билеттің сатылғаны да белгілі. 10 қыркүйекке дейін көлушілер саны 5 млн.-ға дейін жетеді деп күтілуде. 85 пайызы – қазақстандықтар, 15 пайызы шетелдіктер болады деп есептелген. Бір адам екі-үш мәрте келіп тамашалауы мүмкін.

Көрме нысандары шара аяқталғаннан кейін де қызмет көрсетеді.  Павильондар халық-аралық қаржы орталығына, жасыл технологиялар орталығына айналады. «Нұр-Әлем» Болашақтың музейі болады. IT-стартаптарға қолдау көрсетіледі. Жалпы, «ЭКСПО» аумағы біздің балаларымыздың 4-5 жастан бастап технологияларға деген қызығушылығын тәрбиелеуге қызмет жасайтын болады. Жеткін-шектер ерте бастан мамандық таңдауға бейімделе бастайды.

- Көрмені тамашалауға кемінде 3-4 күн қажет. Күн сайын 30-40 шара өткізіледі, - деді А.Есімов. 93 күнде 4,5 мың ерікті (волонтер – келушілерге қазақ, орыс және шетел тілдерінде қызмет көрсететін жастар) қызмет етеді. Жалпы, 6 мың ерікті дайындалған, біразы Астана қаласы ішінде өтетін ірі шараларды өткізуге қатысады. Айта кетелік, Павлодар облысынан «ЭКСПО» көрмесінде келушілерге қызмет көрсетуге 150 жас аттанған болатын.

Осылайша, дүниенің дидарын қаратқан Қазақ еліндегі Халықаралық көрме өз жұмысын бастады. Елміз ғой, атымызды шығаруға тиіс шараның сәтті өтуіне бәріміз тілектеспіз. Қыркүйекте өтетін жабылу салтанатына дейін талай кереметтердің куәсі болармыз.  Әзірге барып таным-түсінігіңізді кеңейтіп қайтуға жол ашық. Жаңа теміржол вокзалының өзі инфрақұрылым мәселесін жеңілдетіп жіберген. Өз кезегінде «Сарыарқа самалы» газеті оқырмандарын елеулі жаңалықтардан едел-жедел хабарландырып отыруға уәде береді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Астана қаласы.

saryarka-samaly.kz