Елімізде төтенше жағдай жарияланған соң «Нұрханова» жеке кәсіпкерлігі жұмысын уақытша тоқтатты. Сәйкесінше, қызметкерлер тұрақты табысынан айырылды. Осындай сын сағатта тұрғындар қаржыдан тарықпас үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп, басты құндылық – адамдар екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Әлеуметтік осал топтардың өкілдері азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктермен қамтылып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғандарға 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек берілді. Біздің кәсіпорын қызметкерлерінің қатарында да аталмыш қаржылай қолдауға ие болғандар бар. Сол арқылы күнделікті керек тауарларын алып, «жыртығын жамап» алды.

Ал 4 мамырдан бастап жұмысымыз қайта жанданды. Қызметкерлер жұмыс орындарына қайта орала бастады. Екі ай оқшауда болғандықтан, іске кіріскеніне қуанышты. Әріптестер бір-бірін сағынысып көріскеніне риза. Әйтсе де, карантин режимі күшін жоймағанын ескеріп, барлық санитарлық, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтанады.

Төтенше жағдай кезеңі тұрғындарға ғана емес, кәсіп-керлерге де қиынға соқты. Олар да табысынан айырылып, шығынға ұшырағаны жасырын емес. Көп кәсіпкердің тауары, өнімі өтпей, ысырып болғаны тағы бар. Қуанышымызға орай, ел билігі шағын және орта бизнесті де назардан тыс қалдырмай, олқылықтың орнын толтыруға көмектесуде. Мәселен, салықтық жеңілдіктер қарастырылып, жалдау құны төмендетіліп, кей жерлерде мүлде алынып тастады. Осы орайда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін ерекше атап өткім келеді. Бағдарлама аясында қаржыландыру көлемі ұлғайып, сала бойынша шектеулер алынып тасталды. Енді тек өндіріске емес, айналым қаржысын толықтыруға да небары 6 пайыздық мөлшерлемемен несие-лер беріледі. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге көп көмек болары анық. Тек жергілікті билік бағдарламаның механизмін дұрыстап түсіндіріп, бюрократияға баспаса болғаны.

Кәсіпкерлік нысандары біртіндеп ашылып, жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп жатса да, сақтық шараларын естен шығармау қажет. Белгіленген ережелердің шеңберінен шықпай, мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алсақ қана өміріміз жақсара түспек.

Гүлмира НҰРХАНОВА, «Нұрханова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты, Тереңкөл ауданы.


Қырық біріне де шыдайық...

Биыл әлем халқы бұрын-соңды болмаған үлкен сынаққа тап болды. Дүниежүзін шарпыған коронавирус инфекциясының беті әлі қайтпай тұрғаны алаңдатады.

Ауыр сынақ көппен қатар біздің де басымызға түсті. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты әрі орынды шешімдерінің, байыпты қадамдарының арқасында ептеп еңсеріп келе жатқан сияқтымыз.

Ел Президенті жақында ғана тағы бір үндеу жасап, сақтық шараларын қолдан шығарып алмау керектігін айтты. Яғни, пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Кейбір өңірлерде әлі тіркелуде.

Ескеретін екінші мәселе біздің кейбір көршілес елдерде вирустың таралу деңгейі әлі төмендемей тұр. Бұл бізге босаңсуға әлі де ерте екенін ескертіп тұрғандай. Сондықтан, жоғарғы биліктің және өңір басшыларының барлық ұсыныстарын ескере отырып, санитарлық талаптарды барынша қатаң ұстауға шақырамын.

Қазақта қырқына шыдаған қырық біріне де шыдайды деген ұғым бар. Біз жағдайдың ең күрделі кезеңінен өттік. Сәл сабырлылық танытып, бірлікте болсақ толығымен еңсереміз деп ойлаймын. Алла елімізге тыныштық, халқымызға амандық берсін. Жақсы күндерде жолығайық.

Әбілқақ ТҮГЕЛБАЕВ, Павлодар облысының Құрметті азаматы.


Назардан тыс қалмайды

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 мамыр күні жасаған үндеуі Төтенше жағдайдан кейін еліміздегі мемлекеттік органдардың алдағы уақытта атқаратын істерін айқындап берді. Әсіресе, 42500 теңге алу үшін БЖТ төлеген адамдар мемлекет назарынан тыс қалмауы керектігін атай отырып, Президент әкімдерге нақты міндеттер жүктеді. Төтенше жағдай кезінде берілген әлеуметтік төлемге қол жеткізгендердің 40%-ы алғаш рет БЖТ төлеген екен. Енді олардың қайтадан назардан тыс қалып қоймауы үшін бізге нақты жоспарлар қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Бұл адамдардың қайтадан көлеңкеге кетіп, проблемасымен жеке қалуына жол беруге болмайды. Өйткені ресми жұмыс істеп, салық төлеген азаматтар ғана лайықты зейнетақы мен қиын жағдайда мемлекет қолдауына арқа сүйейтін болады. Сондықтан жұмыссыздармен бірге дәл осы азаматтар Үкімет пен әкімдердің жіті назарына алынуы керек», - деді. Мені мемлекет қолдауына мұқтаж осы жандардың мәселесінің назардан тыс қалмағаны қуантып отыр. Біз депутаттар өз тарапымыздан әлеуметтік қолдауға ие әр жанға барынша көмек қолын созуға, олардың мәселесін оң шешуге ықпал етуге дайынбыз.

Қобыланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты.


Сақтықта қорлық жоқ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамта-масыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанын атап өтті.

Мемлекетіміз індеттің шарықтау шегінен өтті. Дей тұрғанмен, халқымызда «Сақтықта қорлық жоқ» деген жақсы сөз бар. Жұмыс орнында, қоғамдық орындарда санитарлық ережелерге әлі де жіті мән беру қажет. Карантиндік шектеулер әрбір аймақтағы дерттің таралу жағдайына қарай біртіндеп алынатын болады. Президент «Өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек» деп баса айты.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері мұқтаж азаматтарды, кәсіпкерлерді қолдау жөнінде көптеген шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Ендігі міндет - экономикамызды қалпына келтіру, оны дамытудың жаңа жолдарын қарастыру. Ол үшін Мемлекет басшысы азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытудың жаңа 7 жолын ұсынды. Әсіресе, баспанаға қолжетімділік бағыты аясында «5-10-20» жаңа жобасының қолға алынатыны қуантады.

Жоба аясында азаматтардың баспанаға қолжетімділігі артады. Індетпен күресте мемлекеттік органдармен қатар, еліміздің әрбір тұрғыны салғырттық танытпай, сақтық шараларын ұстанса екен деймін. Сонда ғана індетті толық жеңіп шығамыз.

Елік ҚАТИЕВ, педагогика саласының ардагері, Ертіс ауданы.

saryarka-samaly.kz