Иә, бүгінгі әңгімеге арқау болғалы отырған - басқа жан.

Ол адамды біреу білсе, енді бірі білмес. Тіпті Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің негізін қалаушылардың бірі, алғашқы басшысы екенінен де бейхабар. Ол жөнінде алты жыл бұрын естіп білдім, оған түрткі болған - күрескер ақын Арман Қани. Арман ағаның ұйытқы болуымен музейде еске алу кеш өткізіліп, уақытша экспозиция ашылды.

Бағы мен бақыты киелі мекенде жанған десек, қателеспеспіз. Әкесі Орхан Баянауылдың атақты биі Дүрмәннан, ал анасы Майда Жаяу Мұсаның қызы Аннадан тараған. Алыптардың ұрпағы, туған елге, жеріне деген махаббатын ісімен дәлел-деген бүгінгі кейіпкеріміз - Дүрманова Бикеш Орханқызы.

Б.Дүрманова 1990 жылы Павлодарда, ал 1998 жылы Астана қаласында әдебиет және өнер музейлерінің негізін қалап, қос музейдің алғашқы директоры болды. Кейіннен Алматыда М.Әуезов мұражайы үйі директорының орынбасары қызметін атқарды.

Ел үшін туған азаматтардың ізін жалғап, бойындағы бар күш-жігерімен тынбай еңбек етіп, «Азат» азаматтық қозғалысының Павлодар облыстық филиалының ұйымдас-тыру ісімен де айналысты, филиал төрайымы қызметін қоса атқарды.

Павлодар қаласының әскери бекініс ретінде іргетасы қаланғанына 270 жыл толуына орай, жан-жақты өткізілмек шараға қарсы шықты, тоқтатты. Сонымен қатар Ермак қаласының атауының өзгертілуі мен Ермак ескерткішінің құлатылып алып тастау шараларының басы-қасында және ұйымдастырушылардың бірі болды.

Біздің музей ашылар сәтте, қорды жәдігерлермен толықтыру бағытында тыңғылықты, тереңінен зерттеп, бағалы рухани қазыналарымызды халқына қайтарды. Жәдігерлердің барлығын өзі қабылдап, ыждаһаттықпен қарап, әрбірін ұлттық баға жетпес жәдігер ретінде бағалай білген, қабылдау турасындағы әрбір құжатты қолымен толтырып, қазақтың біртуар арысы Жүсіпбек Аймауытовтың жеке заттарымен, фотосуреттерін алғаш музейге әкелген де, Муза Аймауытқызын іздеп тапқан да Бикеш Орханқызы болды.

Қаншама атқамінер азаматтардың қолы-нан келмеген істі атқарды. Еңбек жолында кездескен таутұлғалы жақсылардан көп дүние үйренді. Павлодар ауданы атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болды. Ең ауыр әрі жауапты саналатын жұмыстарды атқарды, тайсалмады. Өзінің туабітті мінезі, қанына біткен қайсарлығы мен өжеттілігінің нәтижесінде өрге шығып, үнемі халықтың арасында жүрді. Жан жүрегі жарқырап, елдің үнін билікке жеткізе білуімен ерекшеленген Бикеш Орханқызы еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы уақыттарда ұлт намысын қорғады.

Ұлт үшін аламан саяси тартыста мойымады, керісінше туған халқының тілі, діні, өнері үшін күресті, жігерленді, адами қасиеттің барлығын нәзік жанды бола тұра, бір бойына дарытып, жанын жылылық пен махаббатқа толтыра білді. Ердің жүгін арқалап жүріп, түйткілді мәселенің сетінеп кетпеуі үшін қаншама жанға көмек қолын ұсынды.

Оның еліне деген махаббатын мына бір сөздерінен көруімізге болады:

«Жеріміздің аты – біздің тарихымыз, бұл ата-бабаларымызға құрмет, келешек ұрпаққа аманат әрі ел намысы».

Аз ғұмыр жасаса да, Кереку-Баян өңірінде еңбек етіп, қай істе болмасын жақсы жағынан көріне білген Дүрманова Бикеш Орханқызын мақтанышпен айтуға да, онымен мақтануға да тұрарлық жан екенін айтқым келеді.

 

Ербол ҚАЙЫРОВ, музей қызметкері.

saryarka-samaly.kz