Естеріңізде болса, ERG тобына кіретін ERG Service, Қазақстан электролиз зауыты және Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы (Екібастұздық «Шығыс» кеніші) сынды ірі кәсіпорындардың 4 қызметкерінен ауру белгілері анықталған еді.

- Қазір олардың денсаулығы жақсы, енді өз үйлерінде екі апталық карантинде отырады. Қуантарлығы, олармен байланыста болған әріптестерінің ешқайсысы ауру жұқтырмаған, - деп хабарлады баспасөз қызметінен. Бірақ босаңсуға әлі де болмайды. Мүмкіндігінше қауіпсіз әлеуметтік қашықтықты сақтап, барынша қорғана жүрген жөн.

Пандемияға қарамастан, Еуразиялық Топ құрамындағы барлық кәсіпорындар тұрақты, қалыпты тәртіпте жұмыс істеп тұр. Өндіріс жоспарлары тиянақты орындалуда. Бұған Топ кәсіпорындарында вирустың таралуына тосқауыл қою қамында әзірленіп, қолға алынған алдын алу шараларының жоспары септігін тигізді, деп есептейді кәсіпорын өкілдері.

Коронавирус індеті қазақстандық энерге-тиктердің кәсіби шеберлігі саланың жоғары ұйымшылдық мүмкіндігін көрсетті. Бұл жерде қолда бар жабдықтың тозығы жеткені ешқандай кері әсерін тигізген жоқ.

Төтенше жағдай режимі кезінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Екібастұз энергия кешеніндегі кәсіпорындарда КВИ-мен науқастанудың 11 жағдайы расталған болатын. Бүгінгі таңда 2 жұмыскер сауығып шықты, 272 адам үй жағдайындағы карантинде. Бұл жерде сөз «Богатырь Көмір» ЖШС, «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС және «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ туралы болып отыр.

Бүгінгі таңда электр энергетикалық холдинг - «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өндіруші, жіберуші және бөліп-таратушы компаниялары штаттық режимде жұмыс істеп, тұтынушыларға электр энергиясын жеткізіп беру және көмір жөнелту жөніндегі өздерінің міндеттемелерін толығымен орындауда. Төтенше жағдай режимі кезінде, 2020 жылғы наурыз - 11 мамыр аралығында «Самұрық-Энерго» АҚ- ның электр станциялары өндірген электр энергиясының көлемі 4 984 109 мың кВт сағатты, сол кезеңде сатылған көмірдің көлемі 9 462 590 тоннаны құрады. ГРЭС-1, ГРЭС-2 және АлЭС тұтынушыларға 1 млн. Гкал. астам көлемде жылу жіберілуін қамтамасыз етті.

- Аяқталған төтенше жағдай режимі кезінде де, бүгіндері жалғасып жатқан карантин жағдайында да энергетикалық кәсіпорындарда коронавирус инфекциясы таралуына жол бермеу үшін мүмкін болған шаралардың бәрі қолға алынды. Бұл орайда энергетиктер тұтынушыларды электр энергиясымен, жылумен және жылы сумен қамтамасыз ету жөніндегі өздерінің міндетін толығымен орындау үшін станциялардың штаттық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Енді энергетиктер карантиннен абыроймен өтті деп айтуға болады, деп мәлімдеді  «Самұрық-Энерго» АҚ-ның баспасөз қызметінен.

Бүгінде көмір өндіруші ірі кәсіпорын «Богатырь Көмірде» 6500-ден астам адам жұмыс істейді. ТЖ режимі кезінде 251 жұмыскер үй жағдайындағы карантинде болды. Кеншілердің тиянақты жұмыс істеуі арқасында көмірдің өндірілуі мен жөнелтілуі штаттық режимде өтті. Үйде орындай алатын қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Жұмыс орнына қауіпсіз жеткізу үшін қосымша 16 автобус жұмылдырылды.

Екібастұз ГРЭС-2-де жұмыс процесінің үзілмеуін қамтамасыз ету мақсатында, қатерлі топқа жататын жұмыскерлердің 12,4%-ін үйде оқшаулау үшін оларға демалыс күндері берілді; персонал жетіспегендіктен және уақытша ауыстыратын адам болмағандықтан, станцияның ауысым бастықтары, сондай-ақ электр цехы мен химия цехы жұмыскерлерінің бір бөлігі үш ауысымды жұмысқа (демалыссыз) көшірілді; персонал үнемі қызмет көрсетуге тиіс осал учаскелер мен жабдықтар айқындалды; жедел жөндеуді жоспарлау жиналыстары қашықтық режиміне көшірілді.

Екібастұз ГРЭС-1-де жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы іс-шаралар әзірленіп, жүзеге асырылуда, «Санитарлық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар жоспары» қолданысқа енгізілді. Бүгіндері 90 жұмыскер карантинде жүр. Персоналдың жетіспеушілігі станция жұмысының қуаттылығы мен жұмыс кесте-сіне әсер етпеді. Бұл жағдай технологиялық процеске де әсерін тигізген жоқ. Өндіру көлемі «КЕГОК» АҚ ЖО ҰДО-ның кестелеріне сай қамтамасыз етілуде.

Түйіндей келе, тағы да өндірістердегі қауіпсіздік мәселесінің маңызыдығын атап өтелік. Павлодар өңірінің жұмыс істеуші тұрғыдарының  басым көпшілігі өнеркәсіп орындарында еңбек етеді. Яғни олардың сақтықта болуы – біріншіден ұжымдық қауіпсіздікке, екіншіден, экономикалық жағдайға да аса қажет екені анық. Сондықтан ірі ұжымдарда алдын алу шараларын қатаң жүргізуді жалғастыра беру керек.

 

Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz