Облыс әкімдігінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың жаңа тәсілдері талқыланды. Жиынға мердігер ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары және депутаттар қатысты.

Абаттандыру, жөндеу және құрылыс бойынша ауқымды науқанға 43,2 миллиард теңге бағытталды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов атап өткендей, бұл - қайтарымды қаражат.

– Бұл мақсатты қаражаттың 70% – ы – халықтың ақшасы. Біз бұл қаражатты бірінші траншпен 12 жылдан кейін, екінші траншпен 13 жылдан кейін, үшінші траншпен 14 жылдан кейін қайтаруымыз керек, - деді аймақ басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жұмыстарды орындайтын мердігерлерге қарата айтқан сөзінде. – Егер сіздер жөндеген нысандар қаражатты қайтару мерзіміне дейін шыдамаса, онда бұл қосымша қаржыландыруға әкеп соғып, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан құрылыс және жөндеу жұмыстарын адал орындау қажет.

Павлодар облысында мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын прокуратура, ұлттық қауіпсіздік департаменті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қадағалайтын болады. Қадағалау органдарында бұзушылықтар орын алған жағдайда жауапкершілік бәріне бірдей артылатынын атап өтті.

- Жымқыру үшін ең «тартымды» салалардың бірі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы болып табылады, - деп мәлімдеді Павлодар облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Айдар Тастеміров. - Мұнда маңызды кезеңі жұмыстарды жоспарлау және бастапқы жобалау-сметалық құжаттаманы жасау болып табылатын түрлі схемалар қолданылады. Дәл осы кезеңде қаражатты жымқыру ниеті болған кезде материалдар мен жұмыстардың құнын барынша көтеру міндеті тұр. Бұдан әрі қылмыстық жоспарды іске асыру үшін бұрын пайдаланылған және сапасы сәйкес келмейтін материалдар пайдаланылуы мүмкін. Нәтижесінде салынған нысандарды пайдалануға беру мүмкін болмайды. Кейде олар бір жыл да жұмыс істемей, қирап жатады. Мұндай тәртіп бұзушылықтардан ең алдымен қарапайым азаматтар зардап шегеді.

Бюджет қаражатын ашық жұмсау үшін мердігер ұйымдарға эскроу-шот ашу ұсынылады. Цифрлық шоттар арқылы «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларына қатысты барлық қаржылық операциялар жүргізілетін болады.

Өңірдің кез келген тұрғыны құрылысты қадағалай алады. Олар бұзушылықтар мен кемшіліктерді фото және бейнетаспаға түсіріп, өз бақылауының нәтижелерімен бөлісе алады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды қоғамдық бақылаудың мониторинг топтарына журналистер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және облыстың дамуына немқұрайлы қарамайтын азаматтар шақырылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын арнайы мобильді қосымша арқылы бақылауға болады.

Қазақстандық қамтамасыз ету 90%-дан кем болмауы шарттарын сақтаумен қатар, мердігерлердің басқа да міндеттемелері бар. Бұл жұмыскерлердің кемінде 50%-ын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалдау және 85 мың теңгеден төмен емес жалақы төлеу. Жоғарыда аталған талаптардан кез келген ауытқулар мердігерлік ұйыммен шартты бұзуға себеп болуы мүмкін.

Қазақстандық қамтамасыз ету үлесін, жұмыскерлерді қабылдау мен құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын арнайы комиссиялар қадағалайтын болады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының әкімдігінде сенімді мердігерлер пулы құрылады. Өңір басшысының пайымынша, бұл шаралардың барлығы құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын және жалпы облыстағы құрылыс мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Әбілқайыр Сқақов 2020 жылды өңірдегі құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын арттыру жылы деп жариялады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Павлодар облысының 105 елді мекенінде 221 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың ішіндегі ең ірілері және маңыздылары – Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың қабылдау бөлімін салу, Павлодар облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар корпусын салу, Жетекші ауылында жаңа мектеп салу, 18 тұрғын үй құрылысы және бірнеше аудандарда суару жүйесін өткізу. Бүгінгі таңда 192 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz